Бурабайда «Ботай мәдениеті» жаңғырады

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, курортты өңірдің жазғы туристік маусымға дайындығын тексерді, сондай-ақ, Ботай мәдениетін жаңғырту бойынша қолға алынған туристік нысанның құрылысымен танысты.

Облыс әкімі алдымен Бурабайдағы Жекебатыр тауының баурайындағы Ақылбай орман шаруашылығы аумағында «Қазақстанның рухани киелі жерлері» жобасы шеңберінде салынып жатқан Ботай мәдениетін жаңғырту жұмыстарымен танысты. Бұл туралы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Шақшақов айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл жерде Ботай мәдениетіне тән жеті баспанадан тұратын визит орталықтың іргетасы қалануда. Оны биыл жазда аяқтау жоспарланып отыр. Нысанға жол инженерлік коммуникация жүйелері де тартылатын болады.
– Қазіргі кезде сол дәуірдегі жеті баспананың құрылысы жүргізілуде. Әр баспананың диаметрі 8-10 метрді құрайды. Үйлердің жертөлелері бір метр тереңдікте, ал жоғары жағы ағаштан қашалып салынады. Төбесі шөп, тері, балшық және сабанмен жабылады. Барлық үйлер жер асты жолы арқылы бір-бірімен жалғасады. Әр үйдің сол кезеңге сай өзіндік ерекшеліктері болады. Біреуінде қару-жарақ сақталса, екіншісінде сол кездегі кәсіп пен ұлттық тағамдар әзірлеу әдістері көрсетіледі. Келген адам ескі заманға сапар шеккендей әсер алатын болады, – дейді Қуаныш Шақшақов.
Құрылыс жұмыстарының барысын тарих ғылымдарының докторы, архео-логия профессоры, Ботай мəдениетін ашқан Виктор Зайберт пен «EQUUS» көркем кинотрилогиясының продюсері Нұрбол Баймұханов бақылауда. Виктор Зайберттің сөзінше, біздің дəуірімізге дейінгі 6 мың жылдықта қазіргі Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар жəне Қостанай облыстары аумағында үлкен тарихи оқиғалар орын алған.
– Дəл осы жерлерде ат-көліктік коммуникация дəуірі қалыптасып, далалық өркениет бастау алған. Мұның барлығы көне Ботай мəдениетімен байланысты. Елбасының бағдарламалық мақаласында жаһандық экономикалық процестерді алға қойып, рухани құндылықтарды ұмытып кететінімізге ерекше назар аударылған болатын. Сол себепті, біздің жобамыздың басты мақсаты да осы – дүние жүзіне еліміздің тарихын паш ету, – дейді Виктор Зайберт.
Ботай мəдениетін жаңғырту жобасын жүзеге асыруға «EQUUS» көркем кинотрилогиясының продюсері Нұрбол Баймұханов та өз үлесін қосуда. – Ат-көліктік коммуникация бойынша адамзат тарихы туралы көркем фильмді көрген адам сол Ботай мəдениеті мен Бурабай курортына келгісі келетіні анық, – дейді продюсер. Тарихи нысанның құрылысымен танысқан облыс әкімі құрылыс жұмыстарын тарихи ерекшеліктерін сақтай отырып, уақытылы жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, Мәлік Мырзалин Ақылбай ауылының іргесіндегі Кіші шабақты көлінің жағасында салынатын жағажай алаңының құрылысы жоспарына да назар аударды. Бұл туралы мердігер «Сәниев» ЖК-нің басшысы Қамбарбек Сәниевтен сұрап білді. Оның айтуынша, жағажайда жазда туристердің келіп демалуына барлық жағдай жасалынбақшы.
Бұдан кейін облыс басшысы Бурабай кентіндегі орталық базардың маңында жаяу жүргіншілер жолын салу, кемпинг аймақ пен жағажайларды орналастыру жұмыстары және жаңадан салынып жатқан мешіттің құрылысын аралап көрді. Осы орайда, аудан әкіміне көшелердегі жөн-жосықсыз ілінген жарнама тақтайшалары мен көше белгілері және курортты елді мекеннің сұрқын бұзып тұрған жекеменшік нысандардың қоршауларын орналастыру бойынша кейбір кемшіліктерді көрсетіп, жуық арада жоюды және тәртіпке келтіруді тапсырды. Оған қоса, жазғы маусым басталғанға дейін курортты аймақта туристер үшін дәретханалар орнатуды, санитарлық тазалық пен туристердің қонып, демалатын орындарында қауіпсіздік шарасын қамтамасыз ету шараларын аяқтауды міндеттеді.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар