ЖАЛЫН ТАНЫТ, ЖАС ҰЛАН!

Бурабайдағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында республикалық «SportFEST Kazakhstan» спартакиадасы өз жалауын көтерді. Гранд-финалдың ақтық жарыстарына қатысушыларды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Калетаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының өкілдері мен атақты спортшылар құттықтады.

«SportFEST Kazakhstan» жобасы 2017 жылдың күзінде бастау алғанымен, бұл қозғалысқа жас ұландар ерекше қызығушылық танытуда. Жоба бұқаралық спортты дамытуға және жастарды салауатты өмір салтына бейімдеуге бағытталған. Кәсіби спорттық ұйымдарға жатпайтын орта мектеп оқушылары арасындағы спартакиаданы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» жеке қоры ұйымдастырып отыр.
Спартакиаданың Гранд-финалына жолдама алу бәсекесі екі кезеңді қамтыды. Бурабайдағы ақтық жарыстарға қатысу құрметі аудандық және облыстық іріктеу жарыстары жеңімпаздарының еншісіне тигені белгілі. Осы ретте, еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларындағы кезеңдік бәсекелерге 8-10 сыныптың 6000 оқушысы қатысып, 528-і таңдаулылар қатарынан көрінгенін айтқымыз келеді. Бұлар аумақтардағы 800 мектептің өкілдері. Сондай-ақ, байтақ еліміздегі іріктеу сайыстары 18 мыңнан астам жанкүйерді «Мен спортты таңдаймын!» ұранымен қанаттандырғаны да ғанибет.
Республикалық Гранд-финал турнирлері спорттың 6 түрін қамтиды. Атап айтқанда, футзал, әскери-қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисі, баскетбол және тоғызқұмалақтан бәсеке бәсі қыза түспек.
–«SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиадасы спортты ғана қамтып қоймайды, бұл шараның мазмұны мен мағынасы кең,–деді ҚР Парламенті Сенаты комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева жас ұландарды құттықтау сөзінде. Бұл балалар мен жасөспірімдердің дені сау болып өсуіне, өзін-өзі жан-жақты дамытуына, патриоттық тәрбиенің өрісін кеңейтуге, қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан, жасөспірімдердің спорт залдары мен алаңдарына көптеп келгені, дене шынықтыруды өмірлік құнды қағидаға айналдырғаны қажет. Оқушылардың арман аралына айналған «Балдәурен» орталығына оқу мен спортта, қоғамдық өмірде үлгі көрсеткен таңдаулы балалар келеді. Сендерге табыс тілеймін, әрқашан алда болыңдар!
Өңір басшысы Мәлік Мырзалин «SportFEST Kazakhstan» республикалық спартакиадасына қатысушыларды құттықтай келіп, туризмді насихаттау мақсатында, бұл шараны үзбей өткізіп тұру қажеттігін атап өтті.
Жігерлі сөзге қанаттанған жас ұландар ширек финалдың ойындарын айрықша жалынмен бастады. Ал, «Балдәуреннің» жарыстан бос қонақтары «Өнерпаз», «Жас шебер», «Робототехника», «Қолданбалы өнер» үйірмелеріндегі және думан орталығындағы қызықты шараларға қатысып, Бурабайдың көркем қойнауына, тарихи орындарына саяхатқа аттанып бара жатты.
Біз спартакиадаға қатысушы Ақжол Итешті сөзге тартқанымызда ол: «Спортфест» финалы бағдарламасы жақсы өтуде, одан бөлек мәдени шаралар, түрлі экскурсиялар, дискотека, концерт өтіп жатыр, ойын қиындау, бірақ ұтуға тырысамын. Басқа қалалардан жаңа достар таптым. «Балдәуренде» бізге қолайлы жағдайлардың барлығы қарастырылған екен. Бурабайдың табиғатына, таулары мен көлдеріне қайран қалдым»,–деді.
–Мұнда балалардың әрбір сағатына дейін мәнді өткізуі ойластырылған. 1 маусым – балаларды қорғау күнінің мерекелік шаралары әсерлі болды. Жарыстар тартысты өтуде. Алдағы кезде спартакиадаға дәстүрлі сипат бермекпіз. Сондай-ақ, елімізге танымал тұлғалармен кездесулер, атақты спортшылардың шеберлік сыныптары жоспарланып отыр. Балалар өз мектептеріне тағлымды әсермен оралады деп ойлаймын,–дейді игі шараларды ұйымдастырушылардың бірі – «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» жеке қорының бас директоры Айбек Қазығұлов.

Бақберген Амалбеков.

Бурабай ауданы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар