Жағдай тұрақты болса да, сақ болайық!

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрайымдылық етуімен өткен селекторлық кеңесте елімізде байқалып отырған менингококк жұқпасының алдын алу шараларына қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың жайы пысықталып, тұрғындар арасында аурудың таралу жолдары мен алғашқы белгілерін түсіндіру және осы тұрғыдағы ақпараттық насихат жұмыстарын жандандыру мәселелері қарастырылды.

Күн тәртібіне сай селекторлық кеңес отырысында қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Мусина облыстағы жағдай бойынша мәлімет берді. Оның айтуына қарағанда, облыста 2015 жылы менингококк жұқпасына қатысты алты оқиға, 2016 және 2017 жылдары төрт оқиғадан тіркелсе, биылғы жылдың басынан бері екі оқиға тіркеліпті. Оның бірінде Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алатын астаналық студент, екіншісінде Сандықтау ауданындағы зейнет жасындағы әйел науқасқа ұшырапты. Күні кеше БАҚ-тардағы он айлық баланың менингококк жұқпасын жұқтырды деген дерек расталмай, арнайы медициналық тексерістерден кейін қатты суық тигені, яғни, пневмония болғаны анықталыпты. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, он айлық баланың ыстығы көтеріліп, анасы оның тістері шығып жатыр деп ойлап, бұл жағдайға соншалықты мән бермеген. Ыстығы басылмай, бірнеше күнге созылғаннан кейін жедел жәрдем шақыртыпты. Ауруханада баладан менингококк жұқпасына анализ алынып, онымен қарым-қатынаста болған адамдар да тексеріліпті. Дегенмен, медициналық талдаулар нәтижесінде алдын ала болжанған диагноз расталмай, пневмонияның ауыр түрі орын алыпты.
Қазіргі уақытта республика бойынша менингококк жұқпасынан 12 адамның қайтыс болғаны тіркеліп отыр. Жұқпаға шалдыққан науқастар Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбірек кездеседі. Біздің облыста жағдай тұрақты. Десе де, «сақтансаң, сақтармын» деген бар. Осы орайда, өңір басшысының орынбасары денсаулық сақтау, білім беру мекемелері мен діни орындарда арнайы жадынамалар мен ескертпелер таратуды, бірақ, елді дүрліктірмеуді тапсырды. Сонымен бірге, аумақтарда аудандық орталық ауруханалар мен білім беру, ішкі саясат бөлімдерінің, жедел жәрдем бөлімшелерінің, ішкі істер және әскери бөлімдердің, темір жол бөлімшелерінің мамандарымен бірлесіп, халықты ақпараттандыруға және дабыл түскенде жедел қимылдауға қатысты арнайы штабтар құру ұйғарылды.
Облыстағы барлық медициналық мекемелер таңертеңгі 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеп, демалыс күндері кезекші дәрігерлер кезекшілік атқаратындығы да айтылды. Дәрігерлер менингококк белгілерімен шағымданған науқастарға тез арада көмек көрсетіп, жылдам медициналық зерттеулер ұйымдастырулары тиіс. Алайда, облыста карантин жариялауға негіз жоқ.
Облыстың әр аумағында аудандық
ауруханаларда жұқпаны емдеуге арналған 5, ал, Астанаға жақын орналасқан аудандарда 10 төсек-орын бөлінетіндігі айтылды.
Кеңес барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова менингококк жұқпасының ең алғашқы белгілеріне тоқталды. Науқасқа ұшыраған адамдардың ыстығы көтеріліп, бастары ауыруы ықтимал. Осындай белгілер анықталған адам өзін-өзі емдемей, үйге дәрігер шақыртуы, не болмаса жедел жәрдемнің көмегіне жүгінуі тиіс. Сонымен бірге, мәдени-көпшілік іс-шаралар, лагерьлердің жұмыстарын кейінге шегеру мәселесі де қарастырылып, студенттердің оқу орындарына арнайы маскалар киіп жүрулері ескертілді.

  • * * *

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов менингококк жұқпасына қатысты облыстағы жағдай бойынша мәлімет берді.

Жалпы, біздің облыста менингит ауруына қатысты жағдай тұрақты. Барлық мүдделі органдар қатерлі дерттің алдын алу бо-йынша қажетті жұмыстарды жүргізуде. Мектептер мен лагерьлерде оқушыларға профилактикалық алдын алу шаралары түсіндіріліп, жабық мекемелерде маска тағу мәселесі алға қойылған.
–Бес ай ішінде 2 жағдай тіркелгені белгілі, бұл екі науқас та медициналық қызметкерлердің емдеуі нәтижесінде аурудан сауығып кетті. Жақында Біржан сал ауданынан облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген 10 айлық сәбидің менингококк жұқпасын жұқтыруы мүмкін деген диагнозы расталмады, – деді Серік Омарханов.
Сонымен бірге, 5 маусымда Шортанды аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау бөліміне 1994 жылғы тұрғынның аталмыш дертті жұқтырды деген мәліметі жеткен. Науқас бірден ауруханаға жатқызылып, медициналық тексерістен кейін, аталмыш диагноз алынып тасталды. Менингит ауруының ошақтарында арнайы жұмыстар жүргізіліп, облыстағы ахуал күн сайын қатаң әрі жіті бақылауда болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар