Билері сөз мәйегін теріп, батырлары қол бастаған Ерейменнің!

Ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалып, ұрпақтарына мұра қылып қалдырған қазақтың кең байтақ жерінің әрбір төбесі мен әр сайы, таулары мен көлдері, жазығы мен үстірті ықылым заманнан жалғасып келе жатқан тарихымыздың куәсі. Осындай кең байтақ жеріміздегі қазбауыр бұлттарға басын тығып тұрған таулары, көсіліп жатқан жотасы мен кең сахарасы бауырына талай құпияны басып жатқан, батырлар мен ақындар елі атанып кеткен киелі өлкелердің бірі Ереймен өңірі.

Өткен аптаның соңғы күндері осы Ерейментауда ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай дүбірлеген той өтті. Әр кезде де осы өлкеден шыққан батырлары мен билерін, шешендері мен ақындарын ардақтап өткен ерейментаулықтар бұл тойда да сол үрдістен жаңылмай мерейлі мерекені Батырлар аллеясын ашумен бастады. Орталық алаңда осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған қазақтың хас батыры, талай жорықта қазақ әскерінің қолбасшысы болған Қанжығалы Бөгенбай батыр ескерткішінен бастау алатын аллеяда Қанжығалы Малай батырдың ескерткіші осылайша тұғырына қондырылды.
Белгілі ақын, әншілік өнерімен де республикамызға танымал Сайлау Байбосын Батырлар аллеясының ашылуына арнап жырдан шашу шашты. Осы елде туып-өскен, өңірдің арғы-бергі тарихын жетік білетін Сайлау ақын Ереймен өңірінің тарихын өлеңмен өрнектей отырып, аудандағы бүгінгі ахуалды да қалт жібермей, кейбір проблемаларды да жырға қосып, жиналғандардың шынайы ризашылығына бөленді.
Мерекеге облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (облыстық «Арқа ажары» газетінің) директоры Жабал Ерғалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында тұратын осы елдің азаматтары арнайы келді. Мерекенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Айна Ермекқызы жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, аудан әкіміне ауданда 2019 жылы ашылуға тиіс жаңа музей құрылысына деп 100 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған, бүгінде «Арқа ажары» газетін басқаратын Жабал Ерғалиев те өзінің жылы лебізін білдіру барысындағы түйдек-түйдек ойларымен, сөздің мәйегін тере білетін шешендігімен Саққұлақ би мен Үмбетей жырау, Олжабай мен Аманжол ақын еліне келгенде қалай сөз саптау керек екендігін көрсетіп дүйім жұртты риза қылды.
Ерейментаудың орталық алаңы мерекеге орай әсем безендіріліп, концерттік бағдарлама үшін арнайы сахна тұрғызылған екен. Тойға жиналған жұрт көркемөнерпаздар ұжымдары мен жекелеген өнерпаздардың өнерлерін тамашалап бір жасап қалды. Осылайша таңертең ертемен ән-күймен, келген қонақтардың игі тілектерімен басталған мереке түс ауа «Көзіме бір көрінші Ерейментау» атты аймақтық ақындар айтысына ұласты. Бір шеті Қарағанды, енді бір жағы Арқалықтан, Кереку мен Семейден, Көкшетау мен Баянауылдан Ерейменнің тойына арнайы келген ақындар әсем мақамдарымен, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғай отырып, тыңдарманға ой тастайтын пікірлерін өлеңмен өрнектеп жұртшылықты тәнті етті. Отыз жылдан бері талай айтысқа қатысып, айтыстың талай дүлдүлімен сөз таластырған жергілікті ақын Қабдыжәлел Сахариядан басқалары әлі көп көзге түсе қоймаған жас ақындар болғанымен, басым көпшілігі бабы келіссе нағыз айтыстың ақтаңгерлері болайын деп тұрғандықтарын байқатты.
Әрине, айтысқа қатысқан өнер иелерінің ақындықтарына ешкім шәк келтірмейді. Айтыста олардың ақындықтарына емес, тап осы сәтте қалай айтысқандығына, орынды сұраққа орайлы жауап қайтаруына, ұшқыр ойы мен табан астында суырып салу қасиетіне баға беріледі. Осылардың бәрін бағалай келе қазылар алқасы бас жүлдені Арқалық қаласынан келген Тоба Өтепбаевқа тапсырды. Сондай-ақ, бірінші, екінші жүлде де тапсырылып, барлық ақындарға арнайы сыйлықтар берілді.
Екінші күні мереке Малтабар ауылының жанындағы ипподромда жалғасын тауып, Аламан бәйге, 15 шақырымдық тоқ бәйге, 5 шақырымдық жорға жарыс және тай жарыс өткізілді. Сондай-ақ, сол маңда тігілген киіз үйлер арасында «Ең үздік киіз үй» байқауы, Ерейментау ауданы суретшілері мен қолөнер шеберлерінің «Өнер өріндегі Ереймен өңірі» көрмесі, «Бөгенбай батырдың ұландары» атты жігіттер сайысының ақтық кезеңі өтті.
Сонымен облысымызда осымен бесінші ауданда 90 жылдық мерейтой аталып өтіп отыр. Бұл әрине, тым әріден басталатын көне тарихымыздың бертіндегі шағын бір парағы ғана. Яғни, ауданның 90 жылдық мерейтойы дегенде Ерейментау мен Қорғалжынның немесе басқа да аудандарымыздың тарихы осыдан 90 жыл бұрын ғана басталды ма деген сұрақ туындамау керек. Бұл той да ықылым заманнан жалғасып келе жатқан көне тарихымыздың шағын бір белесі деп түсінейік.
Тойдың өтуіне мұрындық болып, жаңадан келіп, істің мән-жайын әлі толық қанығып үлгермеген аудан әкіміне көмектесіп, іскерлік танытып, ұйымдастырушылық қасиеттерін таныта білген аудан әкімінің орынбасары Абай Еламанұлы Әлжановтың, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Камила Ахмедияқызы Дүйсенбаеваның еңбектерін атап өткен жөн.
Талғат ҚАСЕН,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ерейментау ауданы.
Суреттерді түсірген
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар