Абай мұрасы – мәңгілік мұра

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы және «Қазақ тілі мен мәдениеті», «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Ұлы Абайдың туған күніне орайластырылып, «Мен Абайды оқимын!» тақырыбында «еркін микрофон» акциясы болып өтті. 

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев өзінің терең әдеби мұрасы арқылы бүгінгі күн талап-тілегіне сай келетін, яғни, халық педагогикасы мәселелерімен үндес көптеген ағартушылық насихат қалдырды. Сондықтан да, ақын жырлары қазақ халқының рухани қазынасына айналып отыр. Абай жырларының ерекшелігі, өміршеңдігі, мәңгілігі – ол қай дәуірдің болмасын қажетіне жарарлық қасиеттілігінде.    
Облыстық кітапхана алаңында өткен акцияға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Салтанатты шарада «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов сөз сөйлеп, кемеңгер ақынның шығармашылығын жастарға көбірек насихаттау керек екендігін баса айтты.     
Мәдени шара барысында Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясы және №2 орта мектеп-лицейінің оқушылары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады. Оқырман қауым назарына ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Акция ашық алаңқайда ұйымдастырылғандықтан, көше бойлай өтіп бара жатқандардың өзі қызығушылық танытып, көрмемен танысып, Абайдың сұлу сазды әуендерін тыңдап, рухани қуат пен жақсы әсер алып тарқасты.
 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар