Қалай қиып кеттің сен, жарық күнді…

Он екі-он үш жасар, әлжуаз, нәп-нәзік бала көпқабатты үйдің үшінші-төртінші қабаты аралығындағы баспалдақта анасының қойнына тығылып, бүрісіп отыр екен. Үстіндегі жағал-жағал көнетоз күртесі мен қоңыр шалбары айғыз-айғыз. Шаң. Тура тіршіліктің жас баланың жүрегін қармап қалған зілмауыр тозаңы тәрізді. Анасы бізді көріп, әжім айғыздаған жүзін бұрып әкетті. Жас шамасы елуге енді толған. Әйтпесе, одан да төмен. Мөлтілдеген қос жанарынан төмен қарай сорғалаған көз жасы терең әжімдердің сай-сайымен ағып барады.

Жеткіншек күзгі қара суықтың өне бойыңды қалтыратар өткір лебінен, жоқ әлде қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып тондырған өмірдің өкпек желінен қорғанған тәрізді анасының бауырына тығыла береді. Анада да жылытар жылу қалмағандай.
Екі иығы кезек-кезек бүлкілдеген жеткіншек әлден уақытта деміге тіл қатты:
–Бәрібір өлемін,–деді,–менің өмір сүргім келмейді.
Қанша талаптансақ та, ыстық ұясынан маскүнем жарының тепкіні қуып шыққан, қайғыдан қан жұтып отырған анасы ашылып көп нәрсе айта алмады. Көкіректегі запырандай ащы ой көмейге тіреліп қалған тәрізді. Үзік-үзік айтқан бастағы бейнет, өмірдегі опық туралы сөздерінен ұққанымыз, әуел баста құдай қосқан қосағы Ауған соғысының ардагері екен. Күні кешегі алапат соғыс. Он екіде бір гүлі ашылмай жатып жауып тұрған ақ ажалдың нақ ортасына түскен, айналасындағы өзіндей өндір жастардың қан қасап майданда құрбан болғанын көрген жүйке соншалықты ауыр салмаққа шыдамаса керек. Арада қаншама жылдар өтсе де ұмыта алатын емес. Сосын барып қайғының тұмшалаған қара бұлтын серпіп жіберемін деп арақ ішетін көрінеді. Анар (аты-жөні өзгертіліп алынды) Берікжанның жан-жүрегін түсінеді. Түсінбейтіні өзге. Өзімен бірге Ауғанстанда әскери борышын өтеп жүріп опат болған боздақтарды жан жүрегі езіліп аяғанда өзінің бауыр етінен жаралған  балаларын неге аямайды?! Аузына атың өшкір арақ тисе болды, аттандап шыға келеді. Құтты бір майдан даласындағыдай. Тұс-тұстан андыздап дұшпандар келе жатқан тәрізді. Бұл соларға тойтарыс береді. Қолма-қол ұрысқа кіріседі. Есі бір кіріп, бір шығып жүргенде алдындағы әйелін де, кереуеттің астына тығылған үш баласын да аяусыз соққыға жығып тастайды. Тіпті, өлтіріп жіберуге бар. Құдайдың құтты күні болмағанымен, күн аралатып көргені осы.
Әуел баста Берікжаннан көңілді, ақжарқын адам жоқ еді. Бұлар оқитын педагогикалық институттың жатақханасына кіріп келгенде тәмам қыз жалт қараушы еді. Ұзын, сұңғақ бойлы, қою қара мұртты жас жігіт – жігіттің төресіндей. Әскери міндетін Ауғанстаннан өтеп келіпті. От жалынның арасынан аман келгені татар дәмінің таусылмағанынан ғой. Өзі де ажалға қиятын адам емес. Түр-тұлғасына қарап, көз тоярлық. Оның үстіне өнерден де құралақан емес.  Домбыраны шертісі қандай. Арқаның кең тынысты әндерін бірінен соң бірін сызылтқанда әлгі теледидардан күнде көріп жүрген әртістерден сынықсүйем кемдігі болмайтын. Бұл да ел мақтаған жігітті құлай сүйіпті. Жұбайлық өмір жақсылықпен басталған. Бір-біріне сыйласты, ізетті еді.
Алты ай өткен соң ба, жоқ әлде жылға жуық уақыт па екен бір күні Берікжан удай мас болып келді. Есіктің алдында теңселіп сәл тұрды да, кескен теректей сұлап түсті. Ет пісірім уақыт өткен соң есін жиған. Түгел емес, кіресілі-шығысы ғана. Төсегіне апарып жатқызбақ болған Анарды құлақ шекеден құлаштай ұрған. Жас отаудың шаңырағына үйірілген қайғының бұлты дәл сол күннен басталып еді. Анар сан рет кетіп қалуға оқталған. Әйтсе де, бойындағы бір сезім босағаға байлап қойды. Өздері өмірге әкелген үш бүлдіршін әкенің аялы алақанын емес, жұмылған жұдырығын иіскеп өсті.
Түнеу күні балалардың жатын бөлмесіне енгенде төбе шашы тік тұрған. Кенжесі Қанат бөлменің дәл ортасындағы электр шамының сымына кір жаятын ақ жіпті жалғап асылып тұр екен. Әлде асылғалы тұр. Анар жан ұшырып, есі қалмай, ас бөлмеден қолына леккен лөкет пышақты алып келіп, жіпті қиып жіберді. Әлден уақытта үн-түнсіз жатқан Қанаттың шала жансар денесіне жан кіргендей қинала үздігіп, дем алды. Сондағы қуаныштан ағыл-тегіл жылағанын көрсеңіз ғой. Баласы өмірге екінші рет келгендей. Қас-қағым сәт кешіксе, кеш болады екен.
Содан бері қорыққанынан Қанатын қасынан тастамайды. Көзі тайып кетсе, тағы да асылып қалатындай. Жарытымсыз жалақысымен күн көріп жүрген жұмысын да тастады. Маскүнем Берікжан үйдегі жарамды дүниенің бәрін сатып, араққа айырбастап болған. Жалғыз қалғаны баяғы қыз күніндегі ақ сезімі.
Бір отбасындағы қасіреттің себебін сезгендейміз. Жалғыз емес, бірақ. 2010 жылы облыста 12 жастан 29 жасқа дейінгі балалар мен жастардың арасында 321-і өзіне-өзі қол көтеріп, жарық дүниемен қош айтысқан. 321 шаңырақтағы орны толмас қайғы-қасірет. Айтудың өзі ауыр. Ал, осы зілмауыр салмақты жүрегімен көтергендердің халі нешік екен. 2011 жылы жаңағы көрсеткіш 256-ға түсіпті. Әйтеуір, біршама төмендеген. Ал, 2012 жылы – 227.
2013 жылы 194 қайғылы оқиға орын алған. Ал, жалпы елімізде мұндай оқиғалар саны 31 мыңнан асып кеткен. Бұл ретте, статистикалық есепке ене бермейтін аяқталмаған оқиға деп көрсетілетін де жайлар бар екен. Шамасы, асылған, у ішкен өмірден баз кешкендердің әлдебір себептермен татар дәмі таусылмай аман қалуы. Бір шөкім жарық дүние, бір жұтым ауа қаншалықты қымбат болғанымен, осыншама жан иесін мынау аппақ әлемнен бездірген не деген сұраққа жауап беріп көрелік. Мамандардың айтуына қарағанда, жастар арасында жолы болмаған махаббат, отбасындағы ырың-жырың, ата-аналардың ажырасуы, өздерінің немесе жақын туыстарының ауыр дертке шалдығуы, қаржы мәселесі себеп екен. Оның үстіне мектеп оқушыларының өздерінен үлкен балалардан жәбір көруі. Олардың үнемі қорлап, кемітіп ақша талап етуі. Әлеуметтік-тұрмыстық жайдың адам төзгісіздігі.
–Әрқилы қайғылы жағдайларды сараптап көретін болсақ, қалыптасып отырған қайғылы оқиғалар былайша көрініс табар еді,–дейді Көкшетау қалалық ішкі саясат бөлімінің жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қызметкері Ксения Андросова,–адамдардың өздеріне өздері қол көтеруі отыз жасқа дейін көбірек орын алады. Ал, әйелдерге қарағанда, ер адамдар арасында көп. Сондай-ақ, өмірден баз кешкендердің басым көпшілігі жұмыссыздар. 2013 жылғы мәліметтерді саралағанда, опат болғандардың екеуі ғана жұмыс істейтіндігі белгілі болып отыр. Соңғы уақытта өз-өзіне қол салудың кәмелетке жасы толмағандардың арасында күрт өсіп кеткендігі байқалады. Рас, біз білім ошақтарында, жастар арасында түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ, сол жұмыстардың кері әсері де болуы мүмкін екендігін психолог маман ретінде жоққа шығармаймын.
Адамға қай кезде де өмір қымбат! Жарық дүние Алланың аманаты. Ілкі заманда өзіне-өзі қол көтеру ел ішінде кездесе қоймайтын шетін оқиға еді. Өміріне өкпелеп жарық дүниемен қош айтысқан мұндай міскіндер бола қалса, ата-бабалар мәңгілік тыныс тапқан қара қорымға қоймай, оқшау, бөлек жерлейтін. Әлде осы бір ишараның астарында жер басып тірі жүргендерді бұл ауыр қадамнан сақтандыратын мағына бар ма екен?!.
–Адамның  өзіне-өзі қол көтеруі ең ауыр күнә болып есептеледі. Тіпті, Пайғамбарымыздың хадисінде де «Қалай өмір сүрсең, солай өлесің. Қалай өлсең, солай тірілесің» деп айтылған,–дейді Краснояр кентіндегі Шойынбек Әбдікәрімұлы атындағы мешіттің бас имамы Науан Мүтәлұлы,–мұндай сорақылық ең алдымен, дінсіздіктен болып отыр. Дінге берік адам Алланың аманатына қиянат жасамаса керек.    
Қоғамдағы осы бір дерт сыздауықша сыздап тұр. Бірақ, алдын алып жатқан нақты істі көре алмай тұрмыз. Жоғарыда біз келтірген деректер жариялауға, айтуға жата қоймайтын құпия деректер екен. Сонда «ауруын жасырған өледі» демекші, диагнозы дұрыс қойылмағаннан кейін сырқат емделіп, жазыла ма?!.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар