Арманын ауылмен ұштастырған

Еліміз талапты  жастарға тиісті  жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Аудан орталығындағы  Балкашин №1 орта мектебінің ағылшын және информатика пәндерінің мұғалімі  Еркебұлан Қожабеков  «Диломмен – ауылға!» бағдарламасының пайдасын көрген  жас маманның бірі. Кәсіби мамандығына құштар, оны жан тәнімен сүйетін, өз-өзін әрдайым жетілдіруге ұмтылатын жаңашыл ұстаз бірегей бағдарлама аясында жас мамандарға  мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық  көмекті тиімді пайдаланып, еліміз бен елді мекеннің дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.  
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында біз ізденімпаз, тынымсыз еңбекқор жас маманмен жақынырақ танысып, оны сөзге тартып көрдік.
 «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» – деп Жүсіпбек  Аймауытов айтқандай,  ХХІ ғасыр жан-жақты зерделі,  дарынды, талантты адамды қалыптастыру  болып табылады.  Қазіргі таңда білім беруде басты мақсат – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.  Сондықтан, қоғам талабына сай мұғалім үнемі өзгеріс үстінде болып, жаңашыл бола білуі керек. Еркебұлан Бүркітбайұлы міне, осындай жаңашылдыққа жаны құмар ізденімпаз, еңбексүйгіш, білімі мен біліктілігі ұштасқан ұстаз. Ол Зеренді ауданының Жылымды ауылында туған. Ауыл мектебінің тоғызыншы сыныбын тәмамдасымен, Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы  жоғары педагогикалық колледжінің шет тілдері факультетіне оқуға түсіп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуын ойдағыдай аяқтайды. 2012 жылдан бері Балкашин №1 орта мектебінде ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
– Ауылдың қазақы тәрбиесіне қанып өскен баламын. Қаланың тірлігі маған жат дей алмаймын, дегенмен, арманым ауылмен ұштасып жатыр. Елдің қай қиырында жүрсем де, кіндік қаным тамған ұядай жылы туған өлкемді жүрек сағынып тұрады. Өз басым педагогтар отбасында дүние есігін аштым. Содан болар, мамандық таңдауға келгенде еш күмәнсіз бірден мұғалім болам деп шешкен едім. Қазіргі мұғалім заман талабына сай болуы қажет. Ол дегеніңіз заманауи озық технологияларды жетік білетін, көптілді меңгерген, оқушының жан дүниесін жақсы түсінетін, жаңашылдыққа ұмтылып, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз болуы керек деп есептеймін,   – дейді ол.
 – Үштілділік білім жүйесіне ене бастаған тұста, халық оны қалай қабылдайды, мұғалімдердің бұл өзгерістерге даярлығы қандай болар екен деген көкейімде көп сұрақ туындады. Өз басым ағылшын тілінің мұғалімі ретінде  оқушыларыма үш тілдің маңыздылығы мен қажеттілігін түсіндіруге тырыстым. Сол себепті де, өз біліктілігімді шыңдау мақсатында арнайы курстарға қатысып тәжірибе жинақтадым.  2016-2017 оқу жылынан бастап, Балкашин селосындағы №1 орта мектебінде информатика пәні облыстық пилоттық  жоба ретінде үш тілде жүргізіліп келеді.  10 «ә»  сыныбында оқитын  жеті оқушыға информатика сабағы ағылшын тілінде жүргізілді.
Бағдарламалық материал мен ағылшын тіліндегі терминология-ны толық меңгеру үшін екі сағат факультатив бөлінді. Осыған орай, 2016 жылы Көкшетау қаласында тілдік бағдарлама бойынша жаратылыстану-математика бағыты мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсына жіберілдім. Курстан үйренгенім көп.  Бізге шет елден келген мамандар дәріс оқыды. 2016 жылы  информатика пәнін ағылшын тілінде өткізу курсына қатысып, Гонконг қаласына жолдаманы да жеңіп алып, білімімді шет елде жетілдірдім. Елімізде мемлекет тарапынан жастардың жан-жақты дамуына толық жағдай жасалып жатыр деп айтуға әбден негіз. Өз басым Сандықтау ауданына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен жұмысқа орналасып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге ие болып, баспаналы болдым.     
Менің ендігі мақсатым – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін өзіндік таным біліктіліктерін дамыта отырып, білім сапасын арттыру. Жаңа оқу жылында жоба жалғасын тауып, тағы да 10  сынып оқушыларына ағылшын тілінде информатика пәнін оқытатын боламын. Алға қойған мақсат, мүддем айқын. Менің оқушыларым арманға толы, болашаққа сенімі мол жастар. Анығы, бәсекеге қабілетті жаңа буын қалыптасуда. Елбасы білім беру саласына айрықша назар аударып отыр. Өйткені, еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында. Менің еңбек жолым енді басталды. Әйтсе де, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге жауапкершілікпен қараймын. Мемлекеттің жас мамандарға көрсетіп отырған жанашырлығы мен қамқорлығы жұмысқа деген құлшынысымды арттырды, –деп жас маман өз сөзін түйіндеді.
Ұстаз қашанда шәкіртіне үлгі-өнеге болуы тиіс.  Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, мейірімді ұстаздардың бір  алуаны өзінің тартымды сабағымен, екіншісі талап қойғыштығымен, енді біреулері жаңалыққа жаны құмар жаңашылдығымен, елжіреген қамқорлығымен бала жүрегін баурап алатындығы белгілі. Біз санамалап отырған осынау асыл қасиеттердің барлығы бір мұғалімнің бойынан табылып жатқандығы қандай жарасымды.   
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Сандықтау ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *