Арыз-шағымдардың көбі тұрғын үй мәселесіне қатысты

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, облыс әкімінің орынбасары Жанболат Смайылов «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған еді.

 

Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосының тұрғыны, Көкшетау техникалық институтында психолог болып жұмыс істейтін Ольга Андриенко партия филиалының қоғамдық қабылдауына ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап, Целинная көшесінің бойындағы №54 үйде судың тоқтап қалғаны туралы арызданды. Қыстың қақаған аяздарының бірінде ескірген құбыр қатып қалғандықтан, сәуір айының екінші онкүндігіне дейін су болмаған. Тиісті орындарға шағымданғаннан кейін Көкшетау қалалық су арнасының қызметкерлері 200 метрді құрайтын уақытша құбыр тартып, сумен қамтамасыз етіп беріпті. Қала әкімінің орынбасары Иван Юрченконың мәлімдеуінше, ескі құбырды ауыстырып, орнына жаңасын орнату үшін біраз уақыт қажет. Оны орнатуға шамамен 5 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Мән-жайды анықтаған соң облыс әкімінің орынбасары шағымданушыға ағымдағы жылдың шілде айында №54 үйге су толығымен келетіндігіне сөз берді.
Көкшетау қаласында соңғы жылдары орталық көшелердің бойында тұрған тозығы жеткен ескі жер үйлерді орнынан ысырып тастап, жаңадан көпқабаты үйлер салу жайында әңгіме жиі айтылып келеді. Сондай кейбір ескі үйлердің иелері жаңа үйлерден өздеріне тиесілі пәтерлерді де заң шеңберінде келісім-шарттар жасасып алып жатыр. Осындай ескі үйлердің бір тобы қала орталығындағы «Інжу-1», «Інжу-2», «Капитал» тұрғын үй кешендері тұрған аймақта да бар. Осы аймақтағы Сабатаев көшесінің бойында 9 үй тұр. Сол жердегі тұрғындар қабылдауға келіп, өздерінің үйлерінің болашақта не болатынын сұрады. Ол жерде тұрып жатқан тұрғындардың көбі өздерінің үйлері ескі болғандықтан, орнына жаңа үй салғылары келетіндіктерін айтты. Бірақ, қалалық әкімдіктен үй салмақ түгілі, орталықтандырылған жылу қосуға рұқсат берілмей отырғандығын жеткізді. Соңғы бес жылдан бері ол жердегі үйлерді әкімдік немесе жекелей құрылыс компаниялары сатып алып, жер үйлерді ысырып тастап, биік ғимараттар салады деген жоспардың бар екендігі айтылып келеді. Жыл сайын үй иелеріне тәуелсіз сарапшылар келіп, үйді бағалап кетеді екен. Соңғы сараптамадан кейін бұл жердегі әр үйді 20 миллион теңгеге бағалапты. Тұрғындар «Капитал» тұрғын үй кешенінде олардың үйлерінің ауданымен сәйкес келетін пәтерлер 25 миллион теңгені құрайтындығын жеткізді. Жанболат Смайылов тұрғындардың көтерген мәселелерін тыңдай келе, Сабатаев және Куйбышев көшелерінің қиылысатын тұсындағы ескі үйлердің орнына сквер жоспарланып отырғандығын, бұл мәселе әлі қала құрылысы кеңесінің отырысында тағы да қаралатындығын айтып, қала әкімінің орынбасары Иван Юрченкоға кеңес отырысынан кейін қабылданған шешімді тұрғындарға хабарлауды тапсырды. Ал, үйге су тарту, жөндеу жүргізу мәселесін тұрғындар өздері шешетіндігін түсіндірді. Бірақ, Куйбышев көшесінің Ақан сері және Сабатаев көшесімен қиылысатын тұсындағы ескі жер үйлердің орнына демалуға арналған сквер немесе биік үйлер салу жоспарланғанын ескеру керек екендігіне назар аударды.
Бұдан соң қабылдауға «Ансат.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шеген Сегізбаев пен қызметкері Серік Махамбетов келіп, қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарын жаңғырту бойынша мемлекеттік бағдарламаны орындауға бақылау жүргізу және оларға тиесілі қаржыны уақытында толық аударуға шара қолдану жайында шағымданды. Бұл орайда, қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің қызметшісі Жасыұзақ Есіркепов аталмыш мәселенің мамыр айының ішінде шешілетіндігін, «Есіл» СПК есебінен олардың қаржылары толық берілетіндігіне сендірді.
Сонымен бірге, бүгінгі күні біздің облыста ғана емес, республика бойынша өзекті мәселе болып отырған бір мәселе,  үлескерлер мен кейбір жеке құрылыс компанияларының, фирмалардың, кәсіпкерлердің арасындағы алаяқтық даулары. Көкшетау қаласының Сәтбаев көшесінің бойында №35 үйдің салынуына байланыс-ты арыз да қаралды. Бұл жайында осы үйдің салынуына бар жиған-тергенін, тіпті банктен несие алып әрқайсысы 7 миллион теңге шамасында қаржы салған Қарлығаш Қайырғожина, Оксана Попова және басқа да осы үйдің салынуына өз үлестерін берген азаматтар арызданды. Олармен келісім-шарт жасасқан «Кансам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фирмасының басшысы Самат Исиннің үстінен осыған дейін де бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, жабылыпты. 2015 жылдың 30 наурызында тапсырылуы тиіс 18 пәтерлі үйдің құрылысы әлі де аяқталмаған. Тіпті, шағымданушылардың айтуына қарағанда, кейбір әлі салынып болмаған пәтерлерді фирма басшысы екінші мәрте мүлде басқа  адамға сатып, келісім-шарттар жасаған. Үлескерлер хабарласып, «үйді аяқтамасаң сотқа береміз» дегенде, «пәтеріңді сатып жіберемін» деп қорқытатын көрінеді. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындарға облыстық ішкі істер департаментінің бастығының және өзінің атына өтініш жазуларын, сонымен бірге адвокат жалдауларын тапсырды. Бұл істі ішкі істер органдарының тиісті қызметтері толық тексеріп, үйдің толық салынып аяқталуын өзі де қадағалауда ұстайтындығын айтты. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Ержан Сәденовке хабарласып, бұл істің жабылуының себебін анықтағанда, ол  азаматтық-құқықтық дау болған соң, сот арқылы ғана шешілетіндігін түсіндірді. Қанат Исиннің жеке басына қатысты мәліметтерді қарап, оның бұған дейін де бірнеше мәрте істі болғандығын, Қостанайда осыған ұқсас жұмыстар істеп, халықты алдап кеткендігі жөнінде айтылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар