Астық бар, қимыл да соған сай

Биыл зеренділіктер егін орағы науқанын жоғары қарқынмен бастаған еді. Сол үрдіс әлі жалғасып келеді. Қазір аудан диқандары жауапты науқанды жүргізуде облыс бойынша алдыңғы қатардан көрінуде.

Аудандағы іргелі шаруашылықтардың қатарынан көрініп келе жатқан «Диқан плюс», «Викторовка» және «Исаковка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қарқыны жоғары. Солардың арасында маңызды науқанда алғашқылардың бірі болып, бітік шыққан егінге шалғы салған «Құмдыкөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқандары да шешуші кезеңде ширақ қимылдауда. Біз ат басын тіреген бұл шаруашылық биыл 3,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сепкен екен. Жазда жауын-шашын мол түскен және агротехникалық шараларды уақытында, сапалы атқарған серіктестік диқандары биыл бітік егін өсіріп, мол өнім алуда.
Шаруашылық алқаптарында жайқалып өскен егін мен қырманның басындағы үйіліп жатқан астық көз қуантады. Қырманда ұқыптылық пен тазалық көз сүйсіндіреді. Сол жерде кездескен серіктестіктің бас агрономы Жұмабек Исин әр гектарынан орташа есеппен 19,5 центнерден өнім алынып жатқанын айтты. Қазірдің өзінде барлық егістік алқаптың 80 пайыздан астамы жиналып, 700 тоннадан астам астық құт қамбаға құйылды. Осынау алынған мол өнім алдымен қырманға жөнелтіліп, кейін осындағы астық сақтау қоймаларына жайғастырылуда.
– Қазіргі таңда қырманда екі ауысым бойынша 10-нан астам адам жұмыс істейді. Барлығы өз ісінің шеберлері. Жұмысқа ауыл адамдары тартылып, өз нәпақаларын табуда. Жинаған өнімдеріміздің 2 мың тоннаға жуығын «Ramadan PRO» серіктестігінің диірмен кешеніне жөнелттік. Қалғанын өзімізде сақтаудамыз, – дейді бас агроном.
Қырман ішін аралап жүргенімізде егін алқабынан жаңа орылған бидай жеткізілді. Жүргізушілер Асқар Кенжетаев, Дамир Исинжанов, Марат Ахметов және Айдос Бегалин астық тиелген «КамАЗ» жүк көліктерімен комбайннан түскен астықты шашпай-төкпей діттеген жеріне тасымалдауда. Сондай-ақ, таразышы Елена Чабанова алқап басынан жеткізілген астықты өлшеп, қабылдап алуда.
Серіктестік биыл бидайдың Астана, Шортанды сорттарын еккен көрінеді. Қасымызда жүрген бас агроном бізді өзімен бірге ертіп, қызу науқан жүріп жатқан егін алқабын аралатып, диқандардың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сары алтындай сарғайған алқапта қаз-қатар тізілген комбайндар қоңыр күздің көркін кіргізуде. Алқап басынан қырманға асыққан тіркемелері алтын астыққа толы «КамАЗ» көлігі мен «К-700» тракторлардың қимылдары да ширақ.
Мұнда  егіс алқабында тер төгіп жатқан диқандардың аянбай еңбектенуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Жұмысшылар қажетті ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бұл серіктестік Приречное ауылының тамырына қан жүгіртіп отыр десек артық айтқандық емес. Өйткені, ауылдың барлық тұрғындары осында жұмыс істейді. Олар жауапты науқанды дер мерзімінде аяқтауды басты мұрат санауда.
– Астық сапасы қалай? – деген сауалымызға: – Жаман емес. 3 класты бидай алып жатырмыз, – деп қуана сөйледі бас аграном. Егін алқабының 80 пайыздан астамын жинап үлгерген серіктестік диқандары ауа райы ашық болса, қыркүйек айының соңына таман егін орағын аяқтайтындықтарына сенімді. Серіктестік биылғы егін орағына шетелдік алымдылығы жоғары 12 «Вектор 410» комбайнымен қатар, «Мак Дон», «Кейс» – жаткалары сияқты техникаларды жұмылдыруда. Сондай-ақ, жеңілдетілген бағаға жанар-жағар май сатып алған. Оған қоса, егіні жиналып босаған 1,8 мың гектар жер өңделген. Қарбалас науқанның қызығына түскен комбайншылардың арасында жаңа дала кемесі сеніп тапсырылған Болат Кокин, Денис Сютник және Олег Никитинді  сөзге тартқан едік.
– Биыл егініміз бітік шықты. Күн ашық болған жағдайда бар күшімізді аянбайтынымыз анық. Оған осы салада 15 жыл бойы жұмыс  істеген тәжірибеміз де жетерлік, – деп ағынан жарылды Болат Кокин. Осылайша алтын астық үшін уақытпен санаспай тер төгіп жүрген құмдыкөлдік диқандарға жауапты науқанда табыс тілеп қоштастық.
Зеренді ауданы.  
Суреттерде: комбайннан астық қотару сәті; комбайншы Болат Кокин және бас агроном Жұмабек Исин.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар