Астық мол болсын

Облыстың ауыл шаруашы-лығы құрылымдары егінді іріктеп  оруға кірісті. Осы жауапты науқанға диқан қауымының қандай дайындықпен келгені жөнінде тілшіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы-ның басшысы Мұрат Балпанға жолығып, әңгімелескен еді.

– Мұрат Сағатұлы, мол астықтың негізін қалау үшін егіс алқаптарын күтіп, парларды өңдеу қажет екені белгілі. Осы бағытта жаз бойы қандай жұмыс атқарылды?
– Облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 4750,4 мың гектарды құрайды. Оның 4323,2 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдар, 257,2 мың гектарына майлы дақылдар егілген. Сондай-ақ, 18,3 мың гектар жерге картоп, 4,3 мың гектарға көкөніс отырғызылды. Өңірдің агроөнеркәсіп кешені ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлері бойынша биылғы жылғы әртараптандырудың меморандум көрсеткіштерін орындағанын атап өткен жөн. Элиталық дәнді дақылдар тұқымы алқабының көлемі ұлғайды. Егістікке минералдық тыңайтқыштар енгізілді. Биылғы жылы өңірдің егістік алқаптарында фитосанитарлық қиын жағдай қалыптасты. Осы орайда, алқаптарды арамшөптен, зиянкестер мен ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларынан қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Барлық егістік алқаптары химиялық жолмен өңделді. Республикалық бюджет есебінен итальяндық прусқа қарсы шаралар, облыстық бюджет есебінен шегірткеге және септориоз, бидай трипсі тәрізді астық ауруларына қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Егістік алқаптарын өзге де жәндіктерден қорғау жұмысы жалғасуда. Жалпы, облыс бойынша егістік алқаптарын арамшөптен, зиянкестер мен ауыл шаруашылығы дақылдары ауруларынан қорғау толық қамтамасыз етілді. Бұл биылғы жылғы астықтың көлемі мен сапасына оң ықпалын тигізеді. Ағымдағы жылы парларды бірінші және екінші мәрте өңдеу жұмысы 675,7 мың гектар алқапта жүргізілді. 424,9 мың гектар алқап үшінші рет өңделсе, оның 58,8 мың гектары химиялық әдіспен өңделді. Қазір төртінші із бойынша да өңдеу жұмысы басталды.
– Егін орағында пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы жөнінде не айта аласыз?
– Биылғы жылғы егін орағында 8668 астық жинайтын комбайн, оның ішінде 2658 қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайн пайдаланылады. Бұл комбайндардың бәрі орақ жұмысына дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникалары мен егіс алқаптарын есепке алсақ, бір комбайн 500 гектар алқаптың астығын жинауы тиіс. Бұл облыста егін орағы бойынша тәуліктік өнімділікті 170 мың гектарға жеткізіп, орақ жұмысын 25 күнде аяқтауға мүмкіндік береді. Облыс бойынша жатка саны 2466-ны құрайды. Жаткалар, 4763 жүк автокөлігі мен 7674 трактор тіркемесі егін орағы жұмысына шығуға толық дайын.
– Биыл облыстың ауыл шаруа-шылығы құрылымдары астық жинайтын комбайндар мен тракторлар паркін жаңартты ма?
– Соңғы үш жылда 982 астық жинайтын комбайн, 1041 трактор, 306 егіс кешені сатып алынды. Биылғы жылдың  8 айында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өздерінің техника паркін жаңадан 127 астық жинайтын комбайнмен, 188 трактормен және 70 егіс кешенімен толықтырды. Астық жинайтын комбайндар сатып алу жұмысы одан әрі жалғасуда.
– Мұндайда жауапты науқанның тағдыры жанар-жағар май мәселесінің де дұрыс шешілуіне байланысты екені түсінікті.
– Күзгі дала жұмысын өткізуге 75,9 мың тонна көлемде дизель отыны, 4,7 мың тонна дизель майы және 6,9 мың тонна автокөлік бензині қажет. Бүгінгі таңда 50 мың тонна дизель отыны, 4,7 мың тонна дизель майы және 6,9 мың тонна бензин тасымалданып алынды.  Аудан әкімдерінің өтінімі бойынша жанар-жағар май тасымалдаушылармен орталықтандырылған келісім-шартқа отыру үшін 13 оператор және 5 ірі ауыл шаруашылығы құрылымы анықталған.  Өңір шаруашылықтары 20 тамызда 60 мың тоннадан астам дизель отынын тасымалдап алуы тиіс. Бұл егін орағы жұмысын уақытында әрі сапалы өткізуге мүмкіндік береді.
– Енді астық қабылдау кәсіпорындарының дайындығы жөнінде де айта кетсеңіз.
– Биылғы жылдың астығын 62 астық қабылдау кәсіпорны қабылдайды. Бұл элеваторлар мен қоймалар 4,1 миллион тонна астық сақтай алады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1,9 миллион тонна астық сақтайтын қоймалар бар. Өңірдің астық қабылдау кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінде тәулігіне 100 мың тоннадан астам астық кептіретін 229 астық кептіргіш жұмыс істемекші.
2 және 2,5 миллион тоннаға жуық көлемде ылғалды астық түсу болжамын есепке алсақ, бұл астық кептіргіштер биылғы жылдың астығын уақытында кептіріп, сақталуы мен сапасын қамтамасыз ете алады.  
Жалпы, егін орағына дайындық жұмыстарының қарқыны мен сапасы жауапты науқанның уақытында әрі тиісті агротехникалық талаптарға сай өтуіне мүмкіндік беретініне сенім мол.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар