Атқарылған істер бағаланады

Осы аптада ауданның ауыл әкімдері өз округтерінде тұрғындар алдында есеп беріп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Мәселен, Новочеркасск селолық округінің әкімі Талғат Оспанов өз есебінде өткен жылы 12 мың 633 гектар алқаптың астығы шашпай-төкпей жинап алынғанын алға тартты. Осының  арқасында 587 түтіні бар Новочеркасск, Өндіріс және Приишимка селоларының тұрғындары мал азығымен қамтамасыз етілген. Округте біршама дүкендер, қоғамдық тамақтандыру орындары, шұжық цехы, наубайхана, шаштараз және жиһаз цехы жұмыс істеп, егде адамдар мен мүгедектерге қол ұшын созу дәстүрге айналған. Елді мекендерде төрт түлік мал мен құс санының өсімі байқалады. Есепті кезеңде мамандар жер телімдерін мақсатты пайдалану жөнінде шешім қабылдаған.
Елді мекен ішінде нысан салу үшін жиырмадан астам жер телімі бөлініпті. Жыл бойы он бес сенбілік өткізіліп, шаруашылық субъектілері мен ауыл тұрғындары 1800 тонна қоқысты сыртқа шығарған. 150 ағаш көшеті отырғызылды. Абаттандыру ережесін сақтамаған екі адамға айыппұл салынған. Жергілікті бюджеттен 1 миллион 785 мың теңге бөлініп, ескірген шарбақ бағаналары ауыстырылды. Шаруашылық субъектілерінің көмегімен ішкі жолдар жөнделген. Азық-түлік тағамдарының бағасы шарықтамау мақсатында апта сайын мониторинг жүргізіледі.
Округ мүмкіндігінше облыс және аудан орталықтарында өтетін жәрмеңкелерге белсене қатысады. Барлық медициналық мекемелер алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті препараттармен қамтамасыз етілген. Отын мен көмір де жеткілікті. Округ бойынша жоғары оқу орындарына сегіз, колледждерге тоғыз мектеп түлегі оқуға түскен. Мерекелік және өзге де мәдени шаралар жиі өткізіліп тұрады. Хоккейден селолар арасында турнирлер өткізу дәстүрі бар.  
Жыл бойы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен жеке кәсіпкерлер мерекелік шараларға демеушілік көмек жасайды. Селолық округ әкімдігінің мамандары өткен жылы әлеуметтік зерттеу жүргізіп, әлеуметтік карта толтырған. Оның толтыру барысында кедейшілік деңгейіндегі отбасы болмаған. Жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі егде адамдар мен балалар үшін үйде әлеуметтік көмек көрсететін  екі әлеуметтік қызметкер жұмысқа алынған.
– Селолық округтің міндетіне мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары кіреді. Оның негізгісі, мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін несие алғысы келетіндерге көмектесу, жұмысқа орналастыру және қажет жағдайда мамандыққа қайта оқыту, жұмыссыздарға мониторинг жасап отыру, – деді Талғат Оспанов өз есебінде. Бұдан кейін ол округ тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында зейнеткер К.Әбілқайыр мал шаруашылығын дамыту үшін несие алудың шарттары жөнінде сұрап, сауалына жауап алды.  
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар