Аз өмірінен мол мұра қалды

Бізді Мәдимен кездестіріп,  жүздестірген  «Коммунизм нұры» газеті.   Облыстық басылым ол кезде осылай аталатын. Қазақ жерін көркейтеміз, өркендетеміз, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнатып, коммунизмге жетеміз деген кез.

Біз жас едік, күш-куатымыз асып-тасып жататын. Сондықтан болар, мұның қиял емес, шындық екендігіне сенгендей едік. Көлгірсіп не керек, «партия бастады, комсомол қостады, мүмкін осы дұрыс та шығар» деп ойлағанымыз  шындық.
1966 жылдың басында өлке таратылып, қайта ашылған облыстық  «Коммунизм нұры» («қазіргі «Арқа ажары») газетіне жұмысқа орналасқанда  Мәди осы басылымның мәдениет бөлімінің меңгерушісі еді. Мен әуелі Ерейментау, Алексеев, Макин аудандары бойынша меншікті тілші болып тағайындалдым да жыл соңына қарай аппаратқа өнеркәсіп-көлік бөлімінің аға әдеби қызметкері болып ауыстым. Бастығым –  Рамазан Ахметов, тәжірибелі журналист. Газетке баратын материалды  қолмен жазып басын көп қатырмайды. Көбінесе машбюроға барып, ауызша айтып шығатын. Ал, басқаларымыз бес жол хабар берсек те  қолмен жазып тапсыратынбыз.
 Ол кезде редакция қазіргі Астана қаласының  әкімдігі ғимаратының жетінші қабатында болатын. Бөлмедегілер төртеу: Мәди, оның қызметкері Жарасбай Нұрқанов, Рамазан, ал мен болсам, кіре берістегі босағада жайғастым. Мәдимен аралас-құралас болуымыз осы кезден бас-талды. Біздің байқағанымыз, ол ғажап еңбекқор еді. Таңертеңнен кешке дейін газет шаруасын тындырып шаршап-шалдыққанына қарамастан, шамалы ғана бос уақытын (көбінесе түнде) жазушылық қызметімен жалғастыратын. Бұл ерлікпен тең іс-әрекет еді.  Газетте онымен жеті жылдай  қызметтес  болған кезде Мәдидің осындай жанкешті еңбегінің талай куәсі болып едік.
Мәди Хасенов талантты журналист, дарынды жазушы ретінде шығармашылық өнімді еңбегімен әрі жеке басының құлшыныс-қабілетімен танылып, республикалық және облыстық газет-журналдар беттерінде жарияланған келелі материалдары арқылы көзге түсті. Оның туындылары әрдайым мазмұнымен, принципті дәйектемелерімен және шебер жазылуымен ерекшеленетін.
Қазақ журналистикасы саласында отыз  жылдан астам берекелі еңбек еткен Мәди замандасымыз баспасөздің биік мәртебелілігі үшін, өзі еңбек еткен газеттің беделі мен абыройы үшін аямай тер төгіп, зор үлес қоса білді.  Оның қаламынан туған мазмұнды да мағыналы мақалалар, өмірдің өзекті мәселелерін білгірлікпен талдап жазған дүниелері республикалық, облыстық газет-журналдардың беттерінде лайықты орын алып, оқырмандардың ыстық ықыласына ие болды.  Жас қаламгерлердің 1966 жылы жарық көрген «Шұғыла» жинағында оның бір топ әңгімелері жарияланды. Ал, жеке-дара тұңғыш кітабы – «Алғашқы ән» – 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Мәдидің бұл тұңғыш жинағына сол кездегі ауыл өмірін, еңбек адамдарының жарқын бейнесін, олардың достық, туысқандығы мен адамгершілік қасиеттерін суреттейтін таңдаулы әңгімелері енген.
Жазушының «Тұлпардың дүбірі» деп аталатын екінші кітабы 1971 жылы республикалық «Жазушы» баспасынан шықты. «Ер қанаты – ат» деп халқымыздың жанына жаққан жылқы түлігі жайлы асқақ ойлар, жылқы шаруашылығының сол кездегі жайы, оны өркендетіп, өрбіту мәселесі, осынау саладағы шешімін күтетін проб-лемалар кітапқа негізгі арқау болған. Ал, «Нартәуекел» романы жазушы қаламгерлігін танытқан елеулі көркем туынды болды. Замандастардың ой-мұраттары мен жарқын істері, олардың арман-тілектері мен өміршең әрекеттері «Қайсар» повесінде әсерлі де айқын көрсетілді. Ал, «Берлинді алған батырлар», «Тың тарландары», «Тартылыс күші» атты очерктер жинақтарында жерлестеріміздің қаһармандық бейнесі жарқын да тартымды сипатталады.
Көзі тірісінде Мәди марқұмның бір елеулі еңбегі жарық көрмей қалып еді. Бұл – «Қиянат» деген ауқымды роман. Сол туындыны кейін өзі қызмет атқарған «Арқа ажары» газетінің басшылығы, Мәдидің балалары  Алмас, Айнаш, Қайсар, жан-жары Ақлима болып 2003 жылы Астанадағы «Сарыарқа» баспасынан жарыққа шығарды. Бұл бір игілікті, атап өтерлік шаруа болды.  Сонда осы кітапта автор не деген? Сөйтсек,   Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде, әсіресе, еліміздің солтүстік өңіріндегі отаршылдық науқаны қалай жүргізілгені көркем тілмен баяндалған.
Мәди Хасенов еліміздің Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі бола жүріп, облыстың  қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Әдебиет әлеміне қадам тартқан  жандарға назар аударып, оған уақыт бөліп,  ықылас байқата  білді. Олардың шеберлігін жетілдіріп, шығармашылық жағынан өсіп отыруына әрдайым ықпал жасап жүретіндігін байқайтынбыз. Осыған орай бір-екі мысал келтірейін.
Ерейментау ауданының Бестөбе руднигінде тұратын Рысты Шотбаева деген көп балалы ана газетке анда-санда өлең жіберіп тұратын. Рысты апайдың шығармашылыққа икемділігін, ақындық талантын байқаған Мәди онымен тығыз байланыс жасап, үнемі ақыл-кеңес беруден жалықпады. Сөйтіп, талапкер ақынның өлең-жырлары «Коммунизм нұрында» жиі жарияланып тұрды.
Өзіне сенім бітіп, енді сол апамыз поэма жазуға кірісті. Мәдидің қолдауымен оның ауыл сахнасына арналған «Құйекеңнің құдалары» деген пьесасы сол кезде көп тиражбен шығатын «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында жария-ланды. Кейін қаламы төселіп, өлең-жырлары орталық баспасөзде жарық көріп, танымал ақындардың қатарына қосылды. Кітаптары шығып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне де өтті. Атбасардан Клара Әмірқызы өңір тарихы туралы жиі жазып тұратын.  Сол автор  Мәдидің ақыл-кеңесімен осы тақырыпқа газетке сериялы материалдар жариялады. Клара Әмірова кейін осы деректер негізінде төрт кітап шығарды және сол үшін ең алдымен Мәди Хасеновке қарыздар екенін айтып отыратын. Бүгін Мәди Хасеновтың өзі жоқ болса да оның өмірде қалдырған ізі сайрап жатыр. Әңгімеміздің соңында Мәдиге жыр жолдарын арнаған  кейбір азаматтардың туындыларынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік.

Рысты Шотбаева:
Қарайламай туысқанға, танысқа,
Тым ертерек кеттің-ау сен алысқа.
Қара жерге кім қияды өзіңді,
Әлде ұшып кеттің бе сен ғарышқа.
Бір бойыңда сабырлық та, сана да,
Жаға білген ағаға да, анаға.
Сан соқтырып, өкініште қалдырдың,
Асыл бейнең қалып қойды арада.
Әскен Нәбиев:
 Жоқтап өткен қазақтың ауылдарын,
Сыйлап өткен өз қандас бауырларын.
Жырға қосқан қазақтың аруларын,
Мұң ғып айтқан қазақтың жауы барын.
Нәркеш Кәриев:
Көркем сөзбен көңілімізге гүл еккен,
Өнегелі өмір жолын жыр еткен.
Жатық тілі жазушының Мәдидей,
Жылылықты тауып жатыр жүректен.
Жазушы-журналист Мәди Хасеновтың жарқын бейнесі оны білетіндердің және қызметтес болғандардың жүрегінде әрқашан сақталады.
 
Амантай КӘКЕН,
бұрынғы «Коммунизм нұры» газетінің қызметкері, жазушы.
  Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар