Қазақтың келінімін

Мемлекет басшысы өзінің бір сөзінде: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз үш тілдің бірі емес, бірегейі» деген болатын. Мінеки, біздің ұлт болып ұйысуымыздың басты құралы – қазақ тілі болғандықтан, мемлекеттік тілді меңгеруді кез-келген қазақстандық өзінің маңызды міндеті деп білуі керек.

Өңірімізде қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдай жасалып келеді. Өзім мемлекеттік тілді оқыту орталығында сабақ беремін. Біздің мекеме әдістемелік материалдармен, заманауи құрал-жабдықтармен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда 12 топта 150-ден астам оқушы қазақшаға үйреніп жүр. Өз шәкірттеріме де, тілін үйренгісі келетін басқа да азаматтарға айтарым, ең бастысы, адамның ерік-жігері мықты болуы керек.
Осыдан он шақты жыл бұрын қазақша сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдерін сирек кездестіруші едім. Қазір қарап отырсам олардың қатары жыл санап  толысып келеді. Интернационалист некеге де қоғамның көзқарасы жақсы жағына қарай біраз өзгергені байқалады.
Өкінішке орай, біраз жыл бұрын менің қазақ азаматымен тұрмыс құруыма екі жақтың ата-аналары қарсылық танытқан болатын. Бағымызға орай, жолдасымның Сәлима есімді үлкен апасы біздің сөзімізді сөйлеп, сол кісінің қолдауының арқасында 2000 жылы шаңырақ құрдық. Құдайға шүкір, үш ұлымыз бар. Екі жақтың туған-туысқандарымен де етене жақын араласып тұрамыз. Орыс қызы болсам  да, қазақтың келіні ретінде барлық жөн-жоралғыларды орындап, үй ішімізбен салт-дәстүрге құрметпен қараймыз. Балаларымыз да қазақ мектебіне барады.
Қазақ халқында тіл де, тәрбие де баланың бойына ананың ақ сүтімен дариды деген түсінік бар.  Ұлтына қарамай, ата-аналары қай тілде сөйлесе, балалары да  соны  санасына сіңіреді. Тіл жанашыры ретінде  өз замандастарымды қазақ тілінде сөйлеуге, ұрпағымызды отансүйгіштікке баулуға шақырамын.       
Шынымды айтсам, ауылдастарымның өз атыммен емес, есімімді қазақшалатып Мадина деп атағандары мені жақын тартқаны, қазақ келіні ретінде қабылдағаны деп білемін. Өзімнің қазақ топырағында дүниеге келіп, қазақтың келіні атанғаныма, оған қоса, тіліміздің  өркен жаюына атсалысып жүргеніме шексіз ризамын.
    
 Марина ЖАҚЫПБЕКОВА,
аудандық тілдерді оқыту орталығының қызметкері.

Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар