Бағалы бастаманың бағыты айқын

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі азаматтық сектор соны құрылым ретінде пайда болып, аз уақыттың ішінде қарқынды дамыды. Бүгінгі күні мемлекет пен қоғам арасындағы диалог біріктіруші күшке айналып отыр. Азаматтық қоғамның дамуына облыстың үкіметтік емес ұйымдары  айта қаларлықтай үлестерін қосуда.

Тоқсаныншы жылдардың басында әлеуметтік қорғау Коалициясы құрылып, бұл ұйым 28 әрқилы ұйымдар мен партиялардың жұмысын біріктірген болатын. Бұл орайдағы ең басты мақсат – орын алып отырған мәселелерді «бір жағадан бас, бір жеңнен қол»  шығара отырып бірлесіп шешу. Халқымызда «бірліктің түбі – береке» дейтін қасиетті ұғым бар. Бұл орайда да, ұйымның осындай ұтымды істердің ұйытқысы болып отырғандығын ерекше екпін түсіріп айта кетуге әбден болады. Қоғам бірлігін мейлінше арттыра түсуге ұлттық мәдени орталықтар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының да сүбелі үлес қосып отырғандығын ыстық ықыласпен айта кетуіміз керек. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы сүттей ұйыған бірлік, бір-бірін жете түсінген ынтымақ, бір-бірін сыйлай білетін, құрмет көрсете білетін ізеттілік ортақ шаңырақтың уық-керегесін одан әрмен нығайта түсуде. Шынтуайтын айтқанда, дәл осы жылдары үкіметтік емес ұйымдардың әбден дамуы айрықша қарқынмен өрістеді.
2000 жылдың қазан айында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  республика халқына жолдаған Жолдауында тұңғыш рет үкіметтік емес ұйымдарды құру туралы тапсырма берді. Міне, содан бастап әрбір аймақта ізеттілік пен ізгіліктің, бірліктің бастауы іспетті ұйымдар құрыла бастады. Біздің облыста да құрылған инфо-орталыққа 15 қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енгізілді. Халық сол кезде жақсы істерге ұйытқы бола білген Күләш Кәршалова, Айгүл Әмірова, Галина Морозова, Әділжан Құсайынов тәрізді белсенді адамдарды ұмыта қойған жоқ шығар. Міне, осы кезде 8 жоба ұсынылып, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі тарапынан мақұлданғаны да есімізде. 2000 жылы Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының конфедерациясы құрылды. Үкіметтік ұйымдардың дамуын үдету механизмі іспетті бұл құрылым да дер шағында қолға алынған іс болды. 2001 жылы Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңы қабылданды. 2002 жылы үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қорғау концепциясы қабылданды. 2003 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тұңғыш рет Азаматтық форум өткізілді. Кеңесінде келелі ойлар айтылған форум барысында үкіметтік емес сектордың саяси бағыты айқындалып, алдына қойылған мақсат-мүдде толайым таразы басына тартылды. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың арасындағы қарым-қатынасты жетілдіре түсуге бағытталған барлық іс ілкімді өрістетіліп, кең ауқымда дами бастады. Дәл осы жылы 2003-2005 жылдарға арналған үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау бағдарламасы бекітілді. Бұл да өз кезегінде азаматтық қоғамның ахуалын бұрынғыдан да жақсартып, дамыта түсуге игі әсер ететін құжат болатын. 2005 жылы екінші Азаматтық форум өткізілді. Бұл жолы форумға бизнес өкілдері де қатыстырылды. Олар да жалпы қоғамның күнделікті тыныс-тіршілігіне жағымды әсер етуге бағытталатын сан алуан іс-шараларға тартыла бастады. Орталықта және жергілікті жерлерде билік-қоғам әріптестігі дами бас-тады. 2005 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Заңы қабылданды. Осы заңның аясында билік пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты жаңаша жаңғыртудың мол мүмкіндігі туындады. 2006 жылы алғашқы әлеуметтік тапсырысқа облыстық бюджеттен жеті миллион теңге қаражат бөлінді. Үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері республикалық және халықаралық жобаларды құру және талқылауға қатыса бастады.
Бүгінгі күні облысымыздағы үкіметтік емес сектор қоғамның берік негізін қалап отыр. Олар зор әлеуметтік мәселелерді шешуге әбден қабілетті. Еліміздің одан әрі дамуына үлес қосатын мүмкіндіктері де зор. 2016 жылдың 1 қарашасына дейін әділет департаментінде 1002 қоғамдық бірлестік тіркеліп отыр. Шынын айтқанда бұлардың барлығы да бір лекте емес. Айталық, 20 үкіметтік емес ұйым таратылса, 109-ы әрекетсіз отыр.  Ұзақ уақыт бойы республикалық деңгейде үкіметтік емес ұйымдарды есепке алу және есептен шығару туралы заңдық негіз болған жоқ. Жаңадан құрылған Дін және азаматтық қоғам істері министрлігінің тапсырмасы бойынша дәл қазір осы бағытта ауқымды істер жүргізілуде. Бұл жұмыстың барысында жаңа талаптар ескеріліп отыр. Облыста барлық істі ретке келтіретін жұмысшы тобы құрылды. Күні бүгінге дейін 69 үкіметтік емес ұйым електен өткізілді.
Бұған дейін айтылғанындай біздің облыс республикамыз бойынша алғашқы бестіктің қатарында. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де бір жарым-екі есеге дейін артып отыр. Осылай бола тұра үкіметтік емес ұйымдардың қаржы көзі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қана екенін және олар өз қызметтерін осындай тапсырыс алған кезде ғана атқаратындығын айтуға тиіспіз. Қоғамдық негізде қызмет атқарғаннан кейін аталмыш ұйымдар онсыз да іс-әрекет етуге тиісті. Ендігі бір мәселе аудандық жерлерде үкіметтік емес ұйымдардың үлес салмағы 30 пайызды ғана құрап отыр. Осыған орай, бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдардың ауыл-село тұрғындарын қамтуы өзекті мәселе. Барлық ұйымдарда бірдей материалдық техникалық база қалыптаспаған. Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешіп, нәтижеге қол жеткізу үшін білікті кадрлардың да қажет екендігін айта кетуге тиіспіз. Ілкіден жалғасқан жақсы дәстүрлерді жаңғырту барысында әлі де көп жұмыс істеуге тиістіміз. Жалпы алғанда облыстағы азаматтық қоғам уақыт талабына сай еңбек етуде.
Айна МЫСЫРӘЛІМОВА,
облыстық ішкі саясат
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар