Балық өнімдері сапасына бақылау күшейтіледі

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінде өткен дөңгелек үстелде балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінде еуразиялық экономикалық одағының техникалық реттемесі талқыланды. 

Осы салаға қатысты облыстық департамент пен басқармалардың, инспекция мен кәсіпорындардың өкілдері қатысқан отырысты Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Бейбіт Әбілев ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде өткен жылы еуразиялық экономикалық комиссиясы кеңесінің шешіміне сәйкес, «Балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінде» еуразиялық экономикалық одағының биылғы жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енетін техникалық реттеуі қабылданғанын айтып өтті.
–Бұл мәселе техникалық реттеу және метрология мәселесі жөніндегі өңірлік штабтың Степногорск қаласында өткен көшпелі отырысында қаралып, талқыланды. Отырысқа сынақ зертханасының, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпорын басшылары қатысты, – деді департамент басшысы. Бұл техникалық реттеу одақ аумағында шығарылатын балық өнімдері қауіпсіздігінің талаптарын орындауды міндеттейді. Балық өнімдерінің еркін айналымда болуын қамтамасыз ету үшін өнім өндіру, орау, таңбалау, сақтау, тасымалдау, сату үдерістерінің талаптарын орындау қажет. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер консервіге мөлшерден тыс су құюды, мөлшерден тыс мұздатылған балықты сатуды әдетке айналдырған. Бұдан тұтынушылар су мен мұз сатып алып алданады. Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бас маманы Ирина Точидловская сөз сөйлеп, балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі жөнінде айтып берді.
–Техникалық реттеме құжатында мұздатылған балық пен теңіз өнімдеріндегі судың үлесі жөнінде нақты белгіленген. Өңделіп, мұздатылған балық өнімінде судың салмағы 7 пайыз, өңделмеген балық өнімінде судың салмағы 14 пайыздан аспауы тиіс. Кіріс іздеген кейбір кәсіпкерлер балық өнімдерін мөлшерден тыс мұздатады. Тұтынушы мұз үшін неге ақша төлегенін түсінбейді. Енді орамда балық пен судың нақты салмағы бөлек-бөлек жазылатын болады. Құжат тауар айналымындағы балық өнімінің барлық кезеңіндегі қауіпсіздігін қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұтынушыларды қорғауға бағытталған бұл құжат бизнес жұмысының нақты ережесін анықтайды. Техникалық реттеудің талабына жауап бермейтін балық өнімдері одақ мемлекеттерінің дүкен сөрелеріне жіберілмейді. Сөйтіп, құрамына химиялық заттар қосылған адам денсаулығына зиян келтіретін өнімдердің жолы кесіледі. Сондай-ақ, одақ елдерінің тауар айналымына у шығаратын балық түрлерінен дайындалған балық өнімдері енгізілмейді. Техникалық реттеуде балалар тамағының өндірісі жөнінде бөлек айтылады. Өңдеуші кәсіпорын балаларға ұсынылатын балық өнімін арнайы цехтарда немесе технологиялық желілерде өндіруі қажет. Балалар үшін балық өнімін өндіру кезінде фосфат тәрізді химиялық заттар пайдалануға болмайды. Жаңа жағдайға кәсіпкерлерді бейімдеу үшін екі жыл берілген. Тауар айналымына мұндай өнім оның пайдалану мерзімі бойы жіберіледі. Бұл сарапшылардың айтуынша, жаңа талапқа жауап беретін балық өнімдерін шығаруға рынок қатысушыларын жоспарлы түрде өткізуге мүмкіндік береді, –  деді Ирина Точидловская.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар