Білім кітаптан басталады

«Кітап – білім бұлағы» деген сөздің мәні ақпарат ғасыры аталған қазіргі заманда да жойылған жоқ. Әрине, интернет арқылы көптеген қажетті ақпараттарды алуға болады, десек те, білімнің негізі кітапта. Осы орайда, жоғары оқу орындарының студенттері үшін білімнің қайнар көзі саналатын кітапханалардың маңызы зор.

 

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің кітапханасы заман талабына сай кітап қорын үнемі толықтырып, қызмет көрсету әдістемелерін жетілдіріп отыратын, яғни, бүгінгі күн талабына жауап беретін мекеме десек, артық айтқандық болмас. Кітапхананың атқаратын негізгі міндеттеріне кітапхана қорын қалыптастыру, сақтау және оқырмандарға кітапты, оқу-әдістемелік әдебиеттерді ұсыну жатады. Жыл сайын кітапхана қоры  жаңа кітап-журналдармен, басқа да әдебиеттермен және оқулықтармен толықтырылып тұрады.
Қазіргі таңда кітапхана қоры 730 мың дана кітапты құрайды. Оның ішінде 225 мың данасы қазақ тіліндегі кітаптар, ал 70 мың данасы мерзімді басылымдар. Биылғы жылдың басынан бері кітапхана қоры  2234 кітаппен толықса, оның 1353 данасы қазақ тілінде шыққан кітаптар.   Бүгінгі күні оқырмандарымызды барлық қажетті кітаптармен, оның ішінде сирек кездесетін кітаптармен де қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Ал, егер мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, кітаптан көшірме жасап,  студенттерге электронды оқу залын ұсынамыз.
Кітапхана қоры университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің басты бағыт-бағдарын ескере отырып жасалады. Бұл жерде монографиялық, анықтамалық, энциклопедиялық басылымдар, заңдар жинағы, қаулылар, авторефераттар, ғылыми  диссертациялар сияқты қажетті құралдарға басымдық беріледі. Кітапхана қорын толықтыру кезінде мемлекеттік тілдегі әдеби оқулықтарға көп көңіл бөлінуде.
Кітапханада электрондық кітапхана да қалыптасуда. Оның деректер базасы 3 мың электрондық тасығыштан тұрады және олардың арасында университетімізде құрастырылған электрондық оқулықтар, лекциялар, қолжетімділігі аз және сирек кездесетін монографиялар мен оқу әдістемелері, толық мәтінді деректер базасы да бар.
Студенттердің қоғамдық, мәдени өмірінің мазмұнды, қызғылықты өтуі үшін мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыруға кітапхана тарапынан жан-жақты жағдай жасалып, көмек көрсетіледі. Сонымен бірге, университет өмірінде болып жатқан қызықты кештерге, кездесулерге, пікірталастарға, спорттық жарыстарға кітапхана ұжымы белсенді қатысып отырады.
Келушілерге  2 абонемент, 6 оқу залы және электронды оқу залы қызмет көрсетеді. Кітапхана қоры жоғары білім беру стандартына сай  бекітілген мамандықтардың барлығына қажетті оқулықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, университет кітапханасы білім ордасында іске асырылып жатқан үлкен мақсатты жұмыстарды кітап қоры жағынан сенімді қамтамасыз ететін зор әлеуетке ие деп айтуға әбден болады.

  Сәлима АЙТМАНОВА,
университет  кітапханасының  меңгерушісі.     

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар