Біраз жұмыс атқарылды

Зеренді ауданының әкімі Асқар Мұратұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының сегіз айындағы қорытындысы жайында айтып берді. 

2017 жылдың қаңтары мен тамыз айлары арасында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 9,4 миллиард теңгені құраған. Нақты көлемі индексі 101,8 пайызға жетіп, аудан бұл көрсеткіш бойынша облыста 6 орыннан көрініп отыр.
– Биылғы жылы аудан диқандары агротехникалық шараларды ұтымды қолданудың арқасында егін орағы уақытында аяқталып, гектар түсімі 17,2 центнерден айналды, – деп атап өтті А.Мұратұлы өз сөзінде.
Сонымен бірге, мал азығын да-йындау мәселесі де сөз болды.  Аудан шаруашылықтары мал қыстатуға әзір. Бір жылға қажетті жем-шөп қоры толық әзірленген. Аграрлы ауданда мал шаруашылығына зор көңіл бөлініп келеді. Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл ірі қара саны сәл кемігені байқалады. Есесіне жылқы, қой мен ешкі, шошқа және құс саны артып отыр. Жыл басынан бері аудан бойынша ет өндірісі 6,1 мың тоннаны және сүт өндірісі 35,3 мың тоннаны құрады. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнімінің көлемі 2017 жылдың сегіз айында 117,5 миллиард теңгеге жетті, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 114,1 пайызды құрады.
Ауданда инвестициялық жобалар да қолға алынуда.  «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында, 2016 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасына «Блик Терминал» серіктестігінің құс фабрикасы енгізілді. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңгеге бағаланып, 2018 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Кәсіпорынның жылдық қуаты 250 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, ауданда құны 5,4 миллиард теңгеге «Арай Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің каолин өндіретін тау-кен комбинатының құрылысы жүргізілуде. Ауданда кәсіпкерлік те кең қанат жаюда. Бұл ретте биыл пайдалануға берілген «Сөгетті» мейрамханасы мен жаңадан салынып жатқан «Аңсат» қонақ үй кешені және «Бибі Сара» демалыс аймағын айта кеткен жөн.
Ал, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 80 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға «М.Ғабдуллин-Қанай би», «Ақкөл-Қазақстан», «Березняковка-Көкшетау-Қостанай» тас жолы учаскелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса, «Бурабай-Зеренді» тас жолы да жөнделуде. Сондай-ақ, «Елікті» шаңғы базасына апаратын жолды қалпына келтірудің де бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қаматамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы бағытта Ортақ, Павловка, Серафимовка, Симферополь, Приричен, Исаковка, Қостомар және Қонысбай ауылдарына тартылған су құбырлары жөнделді. Абаттандыру, санитарлық іс-шаралар, қоқыс шығару бағытында да біраз шаруаның басы қайырылған. Брифингте айтылғандай, есепті кезеңде жалпы жұмыссыздық деңгейі 0,64 па-йызды құрап отыр.
–Мәдениет саласында 167 мәдени-демалыс шаралары өткізіліп, оған 11 мың адам қатысты. Жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны аудан бойынша жылдан жылға арта түсуде. Қоғамдық тәртіп бойынша аудан аумағында 260 қылмыс тіркелген, –  деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер аудан әкіміне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, жасыл экономика және баламалы энергия көздеріне қатысты өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар