Бірін-бірі бағалайды

Отан деген құндылықтың біздің әрбіріміздің санамызда  әртүрлі ұғымдармен байланысты болатындығы жасырын емес. Жайқалған қырман, гүлденген бақ, шетсіз-шексіз дала, суы айнадай мөлдір өзен-көлдер, орман мен әр жерден кездесіп қалатын биші қайыңдар немесе жапандағы жалғыз үй… Міне,  бізге балалық шақтан етене таныс осы бір көріністер өсе келе санамызда тұтас бір ел туралы түсінікті қалыптастырады.  Осының барлығымен мақтану, оны көздің қарашығындай сақтау – ол өзіңді, өз Отаныңды байыту деген сөз.  Сондықтан да болар, өз үйіміз бен туған жердің жусанының иісі бізге қашанда қымбат.

Осы жасқа дейін қызмет бабымен мен бұрынғы Кеңес Одағының бірқатар елдерінде болдым. Олардың барлығының халқы, мәдениеті, өмір сүру сапасы, білім-білік деңгейі, шашы мен терілерінің түсі әртүрлі. Ішінде мақтарлық жақсысы да, жиіркенерлік жаманы да бар. Бірақ, мен сол әр сапар сайын өз Отанымның, отандастарымның қадірін түсініп отырдым. Бірде, Цейлон аралында болғанымда, павлодарлық Қайрат Жүсіпов есімді азаматтың жүрек талмасы ұстап қалды. Туыс, дос бауыр болмасақ та, біз сол жердегілерден  жедел медициналық жәрдем көрсетуді сұрадық. Алайда, олар отандасымыздың жағдайының мүшкіл екендігіне қарамастан, алдын ала төлем жасауымызды талап етті. Елге жеткеннен кейін ақшаларын салып жібереміз деген сөзімізге сенбеді. Өзінің ауырлап бара жатқан жағдайын түсінген Қайрат бізден жат жерде қалдырмауымызды, мүрдесін туған топыраққа табыстауымызды сұрады. Алайда, біз беріле қойған жоқпыз. Содан дүкен аралап алған су жаңа туфли, фотоаппарат, сағаттарымызды арзан бағамен сата бастадық. Тіпті, сол арадағы бір досымыз басындағы жаңа бас киімін де  бірнеше рупийге бере салды. Не керек, қажетті қаражатты жинағасын Қайратқа кәсіби медициналық жәрдем көрсетілді. Сонда шетелдіктердің біздің бір-бірімізге деген осы бір жанашырлық, қамқорлығымызға көздері шарасынан шығардай болып таң қалғаны бар. Олар мүлде бейтаныс адамдардың осылай жақын болуы мүмкін емес деп ойлады. Бар отандасымыздың бізге бауыр болып саналатындығына қайран қалды.  
Иә, біз осындаймыз. Басқаны қозғамай-ақ, тілдерді алайық. Көшеде кетіп бара жатып, қандай ғана халықтың әңгімесін естімейсіз? Бәрінің тілі әртүрлі. Бірақ, олар бір-бірін бағалайды, құрметтейді. Көпшілігі мемлекеттік тілді де үйреніп жатыр. Ешкім ешкімге ана тілінде сөйлеуге тыйым салып жатқан жоқ. Ал, орыс тілі – этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолданылуда.
Бүгінгі әлемдегі шиеленіскен саяси ахуалға, күрделі экономикалық жағдайға қарап отырып, өз елімде мамыражай күн кешіп жатқандығым үшін қуанамын. Мен ешқашан да Отаныма қажетсіз болған емеспін. Қазақстандық екенімді қашанда, қай жерде болмасын, мақтана айтып жүремін. Мен біздің азаматтардың дәл мен сияқты өз елін сүйетіндігін, оның жетістігіне қуанып, жеңілісіне күйінетіндігін білемін. Сайын даланың еркін өскен ұл-қыздарының бойындағы осы бір қасиет, өткенге ізетпен, бүгінгіге құрметпен, келешекке зор үмітпен қарау – біздің қазақстандық патриотизмнің негізін қалайды.
Әрине, елімізде қазіргідей бейбіт өмірдің орнауына Елбасымыздың қосқан үлесі, сіңірген еңбегі орасан. Бүгінде біздегі осы тұрақтылық пен тыныштыққа қызыққан қаншама ел бізден бейбітшілік пен келісімнің осы бір ғажап үлгісін қабылдап алуға талпынып жатыр. Себебі, олар да елдерінде бірліктің  болғанын қалайды. Біздегі жетістікті, халықтың әл-ауқатының жақсарғандығын  көріп-білу үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Өзіңіз көшеге шығып, айналаңызға көз салыңызшы, қаптаған көлік, тіпті қазір нәзік жандыларымыз да темір тұлпарды тізгіндеп жүр. Әп-әдемі киінген адамдар, көз тартар әсем қалалар мен көркейген көшелер. Қарапайым елді мекендер де дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Бұл ет, қант, сабын, басқа да ұсақ-түйекті тек қана талонмен сатып алуға болатын, жалақы мен зейнетақыны айлар бойы көрмейтін 90-шы жылдардағыдан мүлде бөлек тұрмыс. Мұндай толайым табыс-тарды көрмеу, сезбеу, білмеу мүмкін емес. Барымызды да, жоғымызды да сол қалпында қабылдай білумен елімізді, халқымызды осы қалпында шексіз сүю – біздің азаматтық тұлғамызды қалыптастырады. Меніңше, Ұлт Көшбасшысы мен оның бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – сөнбес жұлдыз тәрізді. Міне, соның арқасында біз бірнеше онжылдыққа нық қадам бастық.  Енді «Нұрлы жолмен» жүруді мұрат етудеміз.
«Бетпе-бет келгеннің жүзі көрінбейді» демекші,  бәлкім, өз халқыңның қол жеткізген жетістіктерін, өзіңнің сол елге тәуелділігіңді шын сезіну үшін біраз уақытқа одан алыстап та кеткен жөн болар. Сонда туған жердің қадір-қасиетін біле алармыз. Мұны өз өмір тәжірибемнен айтып отырмын. Мен әр сапардан үйге оралғанда, қала көркейіп, көшелер кеңейіп, үйлер биіктеп, жалпы, барлығы өзгеріп кеткендей болатын. Бірақ, Көкшетау әдеттегіше қалыпты күн кешіп жататын. Бұл сол сүйіспеншіліктің артқанынан болар, сірә. Сонда менің далада тұрып: «О, адамдар, қараңдар маған, мен оралдым! Қымбаттыларым менің, айналаға көз салыңдар, күлімдеңдерші! Неткен сұлулық, осындай елде өмір сүруден артық бақыт бар ма? Осы өмірлеріңе шүкіршілік етіңдер, мақтаныңдар және осы тыныштықты сақтай біліңдер!» деп айғай салғым келетін. Бұл айтқандарымды бар Қазақстан  естісе деп ойлайтынмын. Мұның бір жалғаны жоқ. Бар шыным осы.

Виктор ТЕРЕЩУК,
жазушы, публицист, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар