ДАҢҚ ҚАБЫРҒАСЫ: ЧЕКИСТЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінде Ұлы Отан соғысына қатысқан  56 чекист-жауынгердің аты жазылған мемориалдық Даңқ қабырғасы ашылды.  Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде қан майданда ерлік көрсеткен жауынгерлердің ұрпақ жадында мәңгіге сақталатындығын айтты. Аталған ескерткіш тақтаның Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ашылуы да тегіннен-тегін емес. Бұл сол батырлық рухтың бүгінгі ұрпақтың бойынан да табылуына ықпал етеді, соған үндейді. Елі мен жері үшін жанын пида еткен сарбаздардың ерлігі бүгінгі егемен мемлекетіміздің сақшылары – ұлттық қауіпсіздік саласы қызметкерлеріне үлгі.
Ал, департамент басшысы, полковник Дәулет Қысталасов бұл Даңқ қабырғасын қояр алдында ауқымды жұмыстың атқарылғандығын атап өтті. Алдымен, соғыстан кейінгі жылдары  Көкшетау, Ақмола облыстарындағы ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет еткен офицерлер түгенделген. Осы орайда,  2009 жылы департаменттің әкімшілік ғимаратының алдына майдангер Шегебай Ұзақбаевқа қойылған мемориалды тақтаның да  аталған Даңқ қабырғасына енгізілгендігін атап өткен жөн.  Ол жау бекінісіне жасалған шешуші шабуыл кезінде ауыр жараланып, Берлинде жерленген. Бүгінде Германия астанасында оның құрметіне мемориалды тақта орнатылыпты.
Қазір сол сұрапыл соғысқа қатысқан сала ардагерлерінің ішінен көзі тірісі 95 жастағы Әміржан Сайытов ақсақал ғана. Оған жуырда жоғары мемлекеттік награда – «Құрмет» ордені табыс етілген болатын. Департаменттегі экспозициялық залда бұл майдангерлердің жасаған ерліктері мен өмірбаяндық деректері сақтаулы. Бұлақ ауылдық кеңесі Шонай ұжымшарының тумасы Самарбай Аушахметов – есімі даңқ қабырғасына енген жауынгердің бірі. Салтанатты шараға келген  оның немере қарындасы Клара Аушахметова ағасының Беларусь Республикасы, Витебск облысының Россоны селосында  ерлікпен қаза тапқанын айтты. Ол сол жердегі бауырластар зиратына жерленіпті. Сүйегі жат жерде қалып қойған жауынгерді елі ұмыт қалдырмағанына Клара апай дән риза. Даңқ мемориалының ашылу сәтінде  ұлттық қауіпсіздік саласына енді қызметке келген бірқатар жасқа табельді қару мен қызметтік жолдамалар табыс етілді. Осы тұста отставкадағы полковник Владимир Крапивин сөз алып, елдің тыныштығы мен жердің тұтастығын кірпік қақпай күзетуге тиіс сала сарбаздарының жұмысына табыс тіледі. Шара соңында жиылған қауым сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен даңқты жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалдық Даңқ қабырғасына гүл шоқтарын қойды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар