Дін тақырыбында ұқыптылық қажет

Дін тақырыбындағы ақпаратты таратуға арналған семинарда кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен сайттарда жарияланатын мақалаларда экстремизм мен лаңкестік әрекеттеріне қатысты терминдерді ислам дінімен орынсыз байланыстырмау қажеттігі ескертілді. 

 

Ақмола облыстық дін істері басқармасының жанындағы Конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығы  облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жария етудегі БАҚ-тың рөлі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Журналистер қауымы қатысқан бұл іс-шарада діни мақалаларды жариялау, экстремистік және лаңкестік әрекеттердің алдын алуға бағытталған материалдарды мерзімді баспасөз беттерінде көрсету, діни терминдерді дұрыс қолдану, конфессияаралық және ұлтаралық қарым-қатынастарды насихаттауға арналған жарияланымдарды жағымды жағынан ұсыну секілді мәселелер қаралды.
Жалпы, дін мен дәстүр ұғымдары ерте заманнан қатар қолданылып келе жатыр. Кез келген халықтың өзінің діні, соған сай наным-сенімдері мен салт-дәстүрлері болады. Біз көпконфессиялы елде тұрғандықтан, осында өмір сүріп жатқан әр халықтың мәдениетіне, таным-түсінігіне, ділі мен дініне сыйластықпен қараймыз. Бірақ, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында дінге, діни ағымдарға, ұлтаралық қарым-қатынасқа кері әсерін тигізетін, адамның ой-санасында теріс ұғымдарды қалыптастыратын, тіпті ұлтаралық жанжал тудыруға дейін баратын материалдар беріліп жататыны бар. Кейбір сайттар мен газеттерімізде мақала тақырыптарының өзі дін қызметкерлері мен діни ағым өкілдерінің тарапынан дау тудыратын жағдайлар да кездесіп жатады. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің бөлім басшысы Диана Есенова осы тұрғысында біраз мәселелерді айта келіп, интернет-ресурстарындағы ислам дінін жамылып, балалардың ой-санасын улап, оларды экстремистік және лаңкестік әрекеттерге итермелейтін ойындардың қаптап кеткендігін айтып, оның алдын алу жолдарын ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын БАҚ-та жүйелі жариялап тұру  қажеттігіне назар аударды.  Журналистер тарапынан осы тақырыпқа қатысты біраз мәселелер көтеріліп, сұрақтар қойылды. Облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Қасенов те БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, олардың ұсыныстарын назарға алатындығын жеткізді.
Бұдан соң «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының директоры, журналист Диана Окремова  «БАҚ және интернетте сезімтал тақырыптардың жариялануы» туралы тренинг өткізіп, қазіргі журналистика саласындағы олқылықтар мен жетістіктерге тоқталды. Тақырып қою, мақаланың немесе сюжеттің  толық ашылуы, оның сауатты берілуі, журналистік этика мәселелері де нақты мысалдармен келтіріліп, осы сала мамандарының халық алдындағы жауапкершіліктерін ұмытпай, өздерінің де құқықтарын қорғаулары тиістігін айтып түсіндірді. Іс-шара соңында бұқаралық ақпарат өкілдеріне сертификаттар тапсырылды.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар