Дмитриевкадағы қанды оқиға

Биылғы жылдың ақпан айында Бурабай ауданында кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің қолымен жасалған ауыр қылмыс сол тұста жұртшылық арасында үлкен пікір туғызып, БАҚ-та кеңінен қамтылған еді. 16 және 17 жастағы екі бозбаланың араққа сылқия тойып алып, үш бірдей жазықсыз адамды өлтіргені, жай өлтіріп қоймай, асқан қатыгездікпен балталап тастағаны жаға ұстатқан. Бозбалалардың қолынан қаза тапқандардың бірі алпыстан асқан еңбек ардагері болса, екіншісі отызды орталаған отбасылы азамат, үшіншісі 23-ке жаңа толған жап-жас жігіт. Таяуда қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты бесіктен белдері шықпай жатып, осындай аса ауыр қылмыс жасаған бозбалалардың қылмысына қатысты істі қарап, тиісті үкім шығарды. 

Арақтың кесірі
Ақпан айының аязды суық кешінде Дмитриевка ауылының шетіндегі ескі ағаш үйде бір топ бозбала арақ ішіп отырды. Ауылда иелері басқа жаққа көшіп кеткендіктен, қаңырап қалған осындай бірнеше үй бар-тын. Осындай иесіз үйде жиналып, жұрт көзінен тасаланып арақ ішіп отырғандардың ең үлкені жиырмадан жаңа асқан жігіт те, басқалары мектепте оқитын бозбалалар еді. Бұл топқа тоғызыншы сыныпты бітіріп, Щучинск қаласындағы колледжде оқып жүрген Вячеслав Эрбес те қосылған. Мектепте оқып жүрген кезінен темекі тартып, арақ ішетін ол осындай жаман әдетке бейім төменгі сынып балаларымен бұрыннан аралас-құралас жүретін.
Қыстың қысқа күні ә дегенше батып, қараңғы түсе бастады. Арақ бітіп, әңгіме қожырай бастаған соң отырыстың сәні болмасын ұққан бозбалалар тарауға сыртқа шыққан. Ауыл ортасына дейін топталып келіп, әркім өз үйіне бет алды. Арақ ақылын алып, өздерін шетелдік кинолардың жуан жұдырықты кейіпкерлеріндей сезінген Вячеслав пен сегізінші сыныпта оқитын Максим Нейштетер үйлеріне баруға асықпады. Көше шетінде темекі тартып тұрған екі бозбала жай кетпей үлкен бір «іс жасамақ» болды. Ол істері ауыл тұрғындарының жекеменшік көліктерін ұрлап, сату еді. Осылайша оңай жолмен мол олжаға кенеліп, арақ-шарап ішіп, қыздармен қыдырып, бір қызыққа кенелгілері келген. Ақылдарын билеген арақтың салдарымен осындай ойға бекінген екеуі алдымен сол маңда тұратын шаруа қожалығы бар кәсіпкердің шетелдік қымбат көлігін олжалауға бекінді. Бірақ, фермер бұлар ойлағандай ақылсыз емес екен, гаражының есігін қанша әурелесе де аша алмай, тығырыққа тірелген бозбалалар енді басқа бір ауылдасының есік алдына қоятын арзанқолдау көлігін қанағат тұтуға бел байлады. Бірақ, қырсыққанда аулаға байланған баспақтай дәу төбет арсылдай үріп, үйге жуытар болмады.
Арақ саналарын тұмандандырып, сау бастарына пәле тілеген екеуі бостан-бос кетпей, тағы да ішімдік ішіп, көңіл көтергілері келді. Терезесінен жарық көрінген ағаш үйдің иесін танитынын айтқан Максим «қазір барып, араққа ақша сұрап аламын» деді. Ішімдікті одан әрі жалғастыруды іші тілеп тұрған Вячеслав оған қарсы болмады. Арақтың қызуымен өзін осы ауылдың қожасындай сезінген бозбала терезені тарсылдатып жұдырықтай жөнелді. Оның қатты соққысына шыдамаған терезе әйнегі сынып түсті. Сол сәт үйден шыққан Дмитрий Камалюк екі кештің арасында терезесін ұрып сындырған мас бозбаланы көріп «мұның не, есіңнен ауысқансың ба» деп жөнге шақырмақ болған еді, бірақ, арақ ішіп күшейген бозбала «араққа ақша бер» деді әй-шәй жоқ. Бұрын көшеде көргені болмаса араласпайтын баласымен, тіпті, немересімен жасты баланың мына қылығы жүйкесіне тиген ол «не айтып тұрсың, кет, әйтпесе учасковыйды шақырамын» деген ашуға булыға айқайлап. Айқайы ызасына тиген бозбала «ақша бер деймін» деп оның жағасынан ала кетті. Бұдан әріге төзімі жетпеген Дмитрий баланы тұмсығынан аямай соғып жіберді. Тәлтіректеп барып, қайта түзелген бозбала жағаласа кетуге батпай, жылыстап көшеге қаша жөнелді.
Шектен шыққан сорақылық
Үйге кірген Дмитрий қаршадай баланың мына басбұзар қылығына өлердей ыза болып, сол кеште үйіне келген көршісі Маратқа «көрдің бе, әбден бұзылып біткен, мектепте оқитын қаршадай бала араққа тойып алыпты» деді ашуға булығып. Таяқ жеп сыбағасын алған бала енді қайтып мазасын алмайды деген үй иесінің ойы жаңсақ болып шықты. Саналарына шетелдік арзанқол кинолардың кейіпкерлерінің таңғажайып әрекеті орнығып, ақылдарын арақ билеген екі бозбаланың бұдан арғы әрекеттері сол голливудтық картиналардың сюжеті негізінде өрбіген еді.
– Мен оның әкесін танытамын, – деді таяқ жегеніне өлердей ызаланған Максим.
– Аптықпа, бәрін ақылмен істеу қажет. Қазір екеуміз бірге барамыз. Ең бастысы, қорықпа және ештеңеден тайсалма, ұқтың ба?
– Ұқтым, мен бәріне де дайынмын, – деді Максим жасы үлкен серігінің мына сөзін қуана құптап. Ол жай кірмей қолына есік алдына түсірілген көмірдің жанында жатқан темір көсеуді ала кірді. Өздерін шетелдік кинолардың кейіпкерлеріндей сезінген екі бозбала есік қақпастан үйге баса-көктей енді. Ашуы әлі де тарай қоймаған үй иесі оларды көргенде «не керек, немене тілейсіңдер менен» деп айғайлай сөйлеген.
Сол арада ұрыс-керіс басталып, оған үйге келген қонақ та араласты. Бесіктен белдері шықпаған арақ ішкен балаларды сабасына түсіргісі келген қонақтың әрекеті ашуына тиген Вячеслав сол арада жаман ойға бекіді. Ол серігін жалғыз тастап үйден шығып кетті. Араққа тойып алған баланы ұру Дмитрийдің де, Мараттың да ойында жоқ еді. Екеуі де ақыл-естен айырылған оны сабасына түсіріп, үйден шығаруды ойлаған. Сол сәт есігі жай жабыла салынған сарайдан отын жаратын балтаны күртесіне тығып жасырып, үйге қайта кірген Вячеслав қонақты қыбын тауып сұлатып салудың амалын ойлады.
Сөзге араласпай босағада бұларға тесіле қарап тұрған бозбаладан келер қауіп жоқтай сезінген ересектер баланы сабасына түсіру үшін ақылдарын айтып жатыр. Өзіне арқасын беріп тұрған Мараттың ту сыртынан келген Вячеслав балтаның жүзімен басынан құлаштай соқты. Қатты соққыдан есеңгіреп, сұлап түскен оны балтамен аяусыз әлденеше рет басқа-көзге ұрып жіберді. Денесін қан жуған қонағының өлі денесіне қарап қалшиып қалған үй иесі мен оның баласы не болып, не қойғанын түсіне алмағандай есеңгіреген күйде еді. Кісі өлтіріп, үлкен шаруа тындырғандай үстел үстінде тұрған смартфонды алып, оның сим-картасын шығарып еденге лақтыра салған Вячеслав олжасын қалтасына салып алды. Ақыл-естен айырылған бозбаланың қылығынан шошынған Николай оның қолындағы балтасына жармасқан. Ойы тартып алып, қарусыздандырмақ. Бірақ, бозбала ол күткендегіден гөрі қарулырақ болып шықты. Қолынан жұлқына шыққан ол балтасын жігітке шірене сілтеді. Аяусыз соққыдан қорғанбақ болып қолымен басын көлегейлегенімен, балтаның жүзі шынтағын аямай тіліп түсті. Қан саулаған шынтағын екінші қолымен басқан жігітке сол сәт Максим тап беріп, көсеумен аяусыз басқа-көзге соғып өтті. Одан әргі оқиға қорқынышты түстей болып өтті. Көздері қанға толған екі бозбала біреуі балтамен, екіншісі темір көсеумен екі жақтан құлап жатқан Николайды соққылап жатыр, соққылап жатыр. Кейін медициналақ сараптама анықтағандай ол тәнге өлім қатерін төндіретін үлкен зақым әкелетін 17 соққы алған екен.
Көз алдында болып жатқан оқиғадан есінен ауысқандай не істерін білмей мелшие қарап қалған Дмитрий әлден соң ғана есін жиып, «тимеңдер оған, өлтірмеңдер» деп құтырынған екеуін тоқтатпақ болған. Бірақ, ақыл-естен айырылған екі бозбала қимылсыз қалған жігітті тастап, енді үй иесіне бас салды…
Үкім шыққан күн
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы С.Баймағамбетовтың төрағалығымен өткен сот кәмелеттік жасқа толмаған екі бозбаланы айыпты деп тапты. Арақтың қызуымен жоғарыдағыдай әрекетке барған екеуі қылмыстарын жасыруға да әрекеттенбеген. Тіпті, үш бірдей адамды өлтірген олар үйден қолдарына іліккен бағалы деген заттарды алып кетіпті. Бірақ та, ауылда тұратын зейнеткердің үйінде қандай бағалы зат болсын, ұсақ-түйек ескі телефон мен «Еңбек ардагері» медалі, тағы сол сияқтылар.
Шағын ғана Дмитриевка ауылында жасалған бұл қылмысты ашу полицияға еш қиындық тудырмаған. Өйткені, кісі өлтірген бозбалалар жасырынып, іздерінен адастыруды да ойламапты. Бұлтартпас айғақтар мен жанама куәлардың көрсетуімен қылмыс жедел ашылды және олар өз қолдарымен жасаған істерін бірден мойындарына алды. «Арақ ішіп мас болып қалыппыз, ештеңе білмейміз» деген сияқты сылтаулары дегенмен, құқық қорғаушылар тарапынан қабылданбады.
Айта кетерлігі, сот кезінде белгілі болғандай, сегізінші сыныпта оқитын Максим басбұзар қылықтарымен бұрыннан көзге түсіп жүрген бұзақылардың бірі екен. Вячеслав та колледжде жаман қылықтарымен көзге түскен, сабаққа себепсіз жиі келмей қалатын теріс мінезді бозбала болып шықты. Яғни, екеуінің осындай сойқан қылмысқа баруы кездейсоқ емес екен.
Сот В.Эрбесті 12 жылға, М.Нейштетерді 11 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Оған қоса, қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан М.Күнтуовтың отбасына 1 миллион,  әкелі-балалы Камалюктердің отбасына 2 миллион теңге өтемақы төлейтін болды. Сонымен бірге, сот жасөспірімдер арасында тәлім-тәрбие жүргізбеген, соның салдарынан осындай ауыр қылмысты оқиға орын алуына жол берген Дмитриевка орта мектебінің басшылығының, аудандық білім бөлімі мен ауыл әкімінің және учаскелік инспектордың атына орын алған олқылықтарды жоюға арналған жеке қаулы шығарды. Түйін немесе көңілде қалған күмәнді ой
Мен кәмелетке толмаған В.Эрбес пен М.Нейштетердің сотына қатысып, үкім шығарылуының куәсі болдым. Үкім оқылып жатқанда екі бозбала селт етпей жайбарақат отырды. Олардың жүздерінен істеген қатыгездік қылмыстарына деген еш өкінудің ізі байқалмады. Тіпті, сот шешіміне риза болмайтынын, қатыгез қылмыскерлердің жазасын қатаңдату қажеттігін айтып М.Күнтуовтың туысының жылағанын естігенде де селт етпеді. Дегенмен, бұл екеуін жалғыз нәрсе – төленетін өтемақының көлемі ғана алаңдатқан болып шықты. Өйткені, жазған арыздарында өтемақы көлемін түсіруді сұрапты. М.Күнтуовтың апасының айтуынша, Эрбестің туыстары арызыңды қайтып ал деп қоқан-лоққы да жасаған көрінеді. Оларды қинайтыны өз балаларының қолынан қаза тапқан М.Күнтуов үшін төлейтін өтемақы сияқты. Не табыс таппайтын, не жеке мүлкі жоқ балалары үшін ата-анасының төлейтіні белгілі. Балаларына дұрыс тәлім бермегені үшін өкінбейтіні өз алдына, оның қолынан қаза тапқан жазықсыз адамның туыстарына осындай әрекет жасауы – бұл отбасының қандай екендігін көрсетсе керек.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Он бес күннің ішінде тараптар шағымдана алады. Қылмыстары мойындарына қойылған бозбалалардың жазадан құтыла алмасы анық. Бірақ та, қаршадай бастарымен осындай қылмысқа барып, аса қатыгездікпен кісі өлтірген екеуінің болашақта қателіктерін түсініп, түзу жолға түсетіндігі үлкен күмән тудырады. Ертең жазаларын өтеп шыққан соң тағы да осындай қылмыстарға барып жатса, олардың қолынан тағы да жазықсыз жандар жапа шегіп жатса не болмақ? Бұған кім кінәлі? Ата-анасы ма, айналасындағылар ма? Көңілде осындай көп сауал қалды. Ең бастысы, бұндай қылмысты жазалағаннан гөрі, оны болдырмаудың амалын жасау қажеттігі анық көрінді. Тек сонда ғана жазықсыз жандар жапа шекпейтін болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар