Елмен бірге еңсесін көтерген ұлттық спорт жанданып келеді

Балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданатын орталықтарын ашып, оны дамыту ертеңгі олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуге және дайындауға бастайтын жауапты қадам. Еліміз өз алдына дербес мемлекет болып, тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң спорт саласын дамыту қолға алына  бастады.

Балалар мен жасөс-пірімдердің спортпен және дене тәрбиесімен шұғылдануына көп көңіл бөлініп, оларға арналған спорт мектептері мен үйірмелері көптеп ашылды. Солардың бірі – Көкшетаудағы балалар мен жасөспірімдердің ұлттық спорт мектебі.

Ұлттық спортты жаңғырту мақсатында ашылған мектеп ең алғашқыда «Дәстүр және өнер мектебі» деп аталған еді. Кейін араға сегіз жыл уақыт салып, 1999 жылы ол балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт мектебі деп өзгертілді. Мұнда қазіргі таңда бәйге, тоғызқұмалақ, жамбы ату, көкпар, қазақ күресі, аударыспақ, білектесу, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінен 30-дан астам бапкер жас спортшыларды баулып, тәрбиелеуде. Бурабай, Еңбекшілдер, Ерейментау, Зеренді, Сандықтау, Целиноград аудандарында мектептің филиалдары жұмыс істеп, жасөспірімдерді ұлттық спорт түрлерінен жаттықтыруда. Жалпы, облыс бойынша мектеп пен оның филиалдарында 716 оқушы тәлім алып жатыр.
Ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушылары да түрлі сайыстар мен жарыстарға қатысып, биік нәтижелерге қол жеткізіп, өз шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсетуде. Олардың қатарында жамбы атудан Айболат Естай, көкпардан – Ерғали Тоқабаев, аударыспақтан – Берік Ахметов, Азамат Қадыров,  құсбегіліктен – Абылайхан Ізбасов, қазақ күресінен – Найль Ковалев, білектесуден Илья Ильин секілді Қазақстан Республикасының спорт шеберлері бар. Соңғысы білектесуден өткен Азия чемпионатының жеңімпазы.  Аударыспақ ойынының бапкері Берік Ахметовтың шәкірттері халықаралық дәрежеде өздерін жақсы көрсетуде. Мерейхан Хамит есімді жас спортшы 2016 жылы Қытайда өткен Азия чемпионатында жүлделі орынды бағындырды. Сонымен бірге, Кенжебек Есләмов, Ақылбек Аманжолов, Нарбота Босов секілді балалар мен жасөспірімдер Алматы, Тараз қалаларында өткен аударыспақ жарыстарынан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, жүлделі орындардың тұғырына көтерілді. Қазақ күресінде болашағынан үміт күттіретін  балуандарымыз аз емес. Солардың ішінде Қазақстан Республикасының чемпионы мен Сан-Пауло қаласында өткен әлем чемпионатының жүлдегері атанған Данияр Темірхановты, Қазақстан Республикасының чемпионы, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің қатысушысы Леонид Станеевті, тоғызқұмалақ ойынынан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған Алтынкесер Шешханды атап өткім келіп отыр.
Ұлттық спорттың білектесу түріне 40 шақты оқушы қатысады. Олармен оқу-жаттығу жұмыстарын жоғарыда атап өткенімдей, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Илья Ильин өткізеді. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық сайыстарда облыс намысын қорғап, өз биіктерін бағындыруда. Араларында әлем чемпионатының жүлдегерлері − Данил Борисов, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегерлері – Олег Сазонов, Денис Лукащук, Олег Пивнев, Павел Новиков, Иван Шудель, Дмитрий Хазов, Диана Ищанова, Руслан Исмаилов, Андрей Хан, Дмитрий Тюков сияқты жас спортшылар бар.
Ұлттық спорт мектебіне келетін балалар спорт түрлеріне байланысты жас ерекшеліктері бойынша қабылданады. Мәселен, балаларды  бәйгеге  10-12 жастан, көкпарға 12 жастан, жамбы атуға 10 жастан бастап қабылдаймыз. Тоғызқұмалақ, құсбегілік, көкпар ойындарына кішкентай балалар алынбайды. Оқушылар оқу-жаттығу топтарында 4 жыл оқиды. Оны тәмамдаған соң, егер олардың жетістіктері болса, спортты жетілдіру тобына ауыстырылады.
Жақында Астана қаласында тамыздың 20-28 аралығында  көкпардан І әлем чемпионаты өткізіледі деп күтілуде. Бұл сайысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Ауғанстан, Венгрия, Монғол, Қытай, Ресей мемлекеттерінен спортшылар келеді деп жоспарланған.
51 шақырым қашықтық бойынша аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» IV республикалық турнирі 3 қыркүйекте Целиноград ауданы, Қабанбай батыр ауылының аумағында өткізіледі. Оған өзіміздің спортшыларымызды апармақшымыз. Қыркүйек айында Ақтөбеде өтетін «Ақ бидай» республикалық VI ауыл спорты ойындарына жаттықтырушыларымыз төреші және спортшы ретінде барады. Қазан айында Шымкент қаласында көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ секілді ұлттық ойындардан жасөспірімдер арасында сайыс өткізіледі. Оған өзіміздің тәрбиеленушілерімізді апарамыз. Қараша айында Астана қаласында халықаралық  құсбегілердің жарысы өтеді. Оған да Ақмола облысы атынан 5-6 спортшы қатысады. Қатысушылар саны әр спорттық ойын түріне байланысты. Мәселен, көкпарға 12 спортшы, аударыспаққа 5 түрлі салмақ дәрежелері бойынша 5 спортшы, жамбы атуға 1-2, қазақ күресіне 7-8, тоғызқұмалақ пен асық атуға 3 ер бала және 3 қыз бала, бәйгеге 1 шабандоздан қатысады.
Сонымен қатар, жуырда ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ бабамыздың аты беріледі деген жақсы жаңалығымыз бар. Балуан атамыздың есімі берілсе, жас спортшыларымыз қанаттанып, ұлттық спорт түрлеріне қатысуға одан сайын ұмтыла түседі деп ойлаймын.

Марат ҚОЙШИН, ұлттық спорт мектебінің директоры.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар