Емшілерге сенуге бола ма?..

Ауру айтып келмейді. Ет пен сүйектен жаратылған пенде үшін ауру қашып құтыла алмайтын көлеңке іспетті. Бас ауырып, балтыр сыздаған кезде дерттен айығудың жолын әркім әр тараптан іздеп жатады. Бүгінде адамдардың көбі бұндайда емханаға барып, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті қабылдайды. Бірақ, бәрі сатылатын нарық жағдайында емханаға барып, дәрі сатып алу қалтаға салмақ түсіретін шаруа. Осыған орай, біреулер халық емін қабылдаса, енді біреулер емшілерге барып, солардан үміт күтеді.

Қазақта емшілік ертеден болған
Ресейге қосылмай, Батыстың бүгінгі ғылыми жетістіктері келмей тұрған кезеңде қазақта ауруды емдейтін халық емшілері болған. Негізінен оларды үш топқа бөлуге болады: тәуіптер, яғни, түрлі дәрілік шөптерді пайдалану арқылы емдеушілер, бақсылар – бойларындағы қасиет арқылы жынмен байланысып, солар арқылы ем-дом жасайтындар, ең соңында, Құран аяттары арқылы дұғамен емдейтіндер.
Қайран қаларлығы сол, ерте дәуірде қазақтар осы аталған емшілердің көмегіне сүйеніп, түрлі дерттерден айығып, өмір жастарын ұзартуға мүмкіндік алған. Мәселен, тәуіп дегендердің шет жағасын өз басым көрдім.

Тәуіптің кереметі
Мен туып өскен ауылдан жиырма шақырымдай жердегі шағын разъезде бір тәуіп тұрды. Бұл 1960-шы жылдар еді. Коммунистік түсінік әбден белең алған уақыт. Тәуіпке баратындар оны ешкімге сездірмейтін. Менің ағайымның бетіне үлкен теміреткі шығып, дәрігерге барып түрлі дәрі жаққанымен кетпей қояды. Содан әкем оны әлгі тәуіпке апарады. Тәуіп есік алдынан саз кесек әкеліп, соны үшкіріп, осы кесекті суға езіп, жақ деп кеңес береді.
Таңғаларлығы, бетінің жартысын алып кеткен, дәрігердің еміне бой бермеген теміреткі кәдімгі саз кесекті езген судан жазылып кетеді. Отбасының үлкені, еркелеу өскен ағайым әкеме «ертең тағы ауыра қалсам керек болады, біраз кесекті үшкіртіп әкеліңіз» деп қолқа салады. Әкем содан әлгі тәуіпке барып, жарты дорба саз кесекті үшкіртіп әкеледі.
Оқиға мұнымен біткен жоқ. Арада екі-үш жыл өткенде дәл ағайымның бетіне шыққандай үлкен теміреткі оның сыныптас досының бетіне шығады. Дәрігердің дәрісі ем болмайды. Бұл кезде тәуіп қайтыс болған еді. Содан ағайым үйде тұрған үш жыл бұрын үшкіртілген кесекті әлгі досына береді. Оның бетіндегі теміреткі сол үш жыл бұрын үшкірілген саз кесектен жазылып кетеді.

Қазіргі емшілердің көбі алаяқтар
Сонау 1990-шы жылдардың басында Кашпировский, Чумактармен бірге жер-жерден қаптаған экстрасенс деген емшілер шығып жатты. Алғашында жұрттың бәрі оларға құлай сенсе, кейін келе көпшілігінің алаяқ екендігі белгілі болды. Журналистік тәжірибемде сондай біраз емшілермен кездесудің сәті түсті. Түрлі тәсілдермен емдейтін, өздерін Құдайдан хабар алып отыратын керемет иесіндей көретін ондайлардың емі далаға кетіп жататын.
Шарафаддин деген емшіден ем алып, соны мадақтап республикалық бір басылымға мақала жазған журналист әріптесім сол ауруынан ақыры қайтыс болды. Әрине, барлық емші түгел алаяқ деуге болмайды. Олардың арасында шын қасиет дарыған, дәрігерлердің шамасы жетпейтін кейбір науқастарды емдеп, аяғынан тұрғызып жүрген емшілер де жоқ емес. Бірақ, олар өте аз. Ал, ертеде кең тараған тәуіп, бақсы дегендер қазір жоқтың қасы.
Қазір медицина шарықтап дамыды. Ертеректе емі жоқ деп саналатын дерттерді қазір дәрігерлер емдеп жүр. Сондықтан, ауырған жағдайда ең алдымен емханаға барып, дәрігерге көрінген жөн. Ал, емшілерге олардың құзырлы органдардан алған лицензиялары бар болған және емшілігін іс жүзінде дәлелдеген жағдайларда ғана барып, көрінуге болады.

Қалкөз ЖҮСІП.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар