Ібілістің керуені

Бірде Ғайса пайғамбар көп қашырлар мен  есектерге жүк артқан Ібілісті көреді.
– Әй, Ібіліс, қайда асықтың? – деп сұрайды.
– Базарға.
– Не апара жатырсың?
– Жұртқа қажет жүгім бар.
– Жүгің тым көп екен. Сатып үлгересің бе?
– Менің тауарымның қаны жерге тамбай тұр. Пышақ үстінен талап әкетеді.
– Сонша қат болатындай, ол не қылған зат?
– Бір есекке шылғи өтірік пен жалғандықты арттым. Екінші есегіме айла мен қулық-сұмдықты теңдедім. Үшінші есектің сандығында зорлық-зомбылық жатыр. Енді біріне күншілдік артылған. Аяғын әзер басып жүре алмай келе жатқан мына есегіме тәкаппарлық пен өзімшілдікті арттым. Құдай қаласа, ең тез сатылатын тауарым осылар.
Мынаны естіген Ғайса пайғамбар күліп:
– Бұларың киер киім, не ішер ас емес, оларды кім алады? – дейді.
– Сенбесең, бірге жүр. Өз көзіңмен көресің, – дейді оған Ібіліс.
Екеуі базарға келді. Базардағы жұрт Ібілістің керуенін тағатсыздана күтіп отыр екен. Келе Ібіліс:
– Базар әлі қызбапты. Қазір бұл базардың саудасын қайнатам, – деді де тауарларын шығара бастады. Жұрт ең бірінші өтірікке бас салды. Әп-сәтте Ібіліс ақшаға қарық болып қалды. Екінші қанар да ашылады. Одан қулық-сұмдық, мекерлік пен айла шықты. Алыпсатарлар таласып, қырылысып қала жаздады. Кейбіреулері сол жерден шыға бере, үстіне баға қосып, қайта сатып жатты. Ібіліс ақшаны қабына тоғыта берді. Күншілдік пен іштарлықты күтіп тұрған жұрт үшінші қанарға жабысты. Бұл тауарға көбіне абысын-ажынымен, көрші-қолаңымен бақталас қатын-қалаштар үйір екен. Олар да бағасына қарамай сұрағанын беріп талап әкетті.  Әкім-қаралар «зорлық-зомбылық салынған қаптарды қашан ашады» деп тағатсызданып күтіп тұр екен. Ібіліс қаптың аузын ашқанша олар бірін-бірі таптап кете жаздады. Ақшасын, тіпті алтынмен төлеп, барлығын түгел сатып алды.
Ібіліс Ғайса пайғамбарға қарап:
– Бесінші қапта ең қымбат тауарым жатыр, – деді. Ғайса пайғамбар:
– Онда не бар? – деп сұрады.
– Онда тәкаппарлық пен өзімшілдік бар.
– Оны кім алады?
– Қуыс кеуде, сауатсыз, өмірде жолы болмаған дарынсыз, кеудесі нас надандар – осы тауардың құлы, – деді ол.
Ә дегенше бесінші қап та ашылды. Тауар сыртқа шашылды. Кілең қуыс кеуде надандар лап қойысты. Тауардың бағасы сол жерде қымбаттап, шарықтап кетсе де алушы азаймады. Керісінше, тауар жетпей қалып, арты талас-төбелеске
ұласты.
Мына сұмдықтан шошынған Ғайса пайғамбар:
– Әй, малғұн, тауарың бітті ме? – деп дауыстап жіберді. Ібіліс:
– Жоқ. Он қашыр жүк әлі ашылған жоқ. Оны да күтіп отырған бір қауым ел бар, – деді.
– Онда не бар?
– Қазір көресің, – деп қашырдағы жүгін түсіре бастады. Онда бос сөз, дарақы күлкі, даңғаза той, мәнсіз әзіл, сауық-сайран, өсек-аяң, мақтаншақтық, ысырапшылдық, жағымпаздық, еріншектік, жалқаулық, салақтық, бәрі толып тұр екен. Әп-сәтте алушы жұрттың қарасы да көбейіп, кезекке тұрды. Мынаны көрген Ғайса пайғамбар жағасын ұстап:
– Әй, Ібіліс сенің тауарыңа қызықпайтын адам бар ма? – деп сұрады. Ібіліс:
– Өкінішке орай, ондайлар да бар, – деді күрсініп.
– Олар кімдер?
– Жүрегі таза момындар. Мен оларды еш қызықтыра алмай-ақ қойдым, – деп күрсінді Ібіліс. Ғайса пайғамбар базардағы жұрт үшін Құдайдан кешірім тілеп, жүрегі таза момындарды іздеп, базардан шығып кете барды.

Дайындаған Қ. ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар