Ибрагим Салахов: «Көкшетаудан асқан сұлу жер жоқ»

«Мин яратам сине, Көкшетау!» гала-концертінің қатысушылары сахна төрінде үш тілде ән шырқап, қалың көрерменнің көңілінен шықты. Әуелеген әндерді қосыла шырқаған тыңдарман жұртшылық орындаушылардың өнеріне қошеметін аямады. Осындай ортақ қуанышқа, достық пен шаттыққа куә болған сәттерде еліміздің бір шаңырақ астында гүлденіп, көркейіп келе жатқанына анық көз жеткізуге болады.

«Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен гала-концертке халық көп жиналды. Ақмола облысының башқұрт-татар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен өнер кешінде Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық, Ақан сері атындағы мәдениет колледждерінің оқушылары, балалар музыка мектебінің шәкірттері және этно-мәдени орталықтардың өкілдері өнер көрсетті.

Гала-концертті көрікті Көкшетауды жырына қосқан «Русская песня» ансамблінің жетекшісі Зоя Авилова ашты. Балалар музыка мектебінің өрімтал оқушысы Индира Хабибуллина фортепианоның сүйемелдеуімен Генрих Пахульскийдің «В мечтах» шығармасын әуелетті. Шамиль Салимзяновтың саксофонның сүйемелдеуімен орындаған латын-америкалық «Бесаме мучо» әні бастала бергенде, қалың жұртшылық қосыла шырқай жөнелді. Ал, Рустам Өтешевтің домбырада ойнаған лирикалық шығармасы әр жүректің тереңіне бойлап, жиналғандарды ерекше сезімге бөледі. Одан әрі ол кавказ, орыс, қазақ халықтарының танымал әндерінен попурри орындап, көпшілік қошеметке ие болды. Мың бұрала билеген Диляра Тамендарованың әсем биі де жарасымды шықты.

Өткен жылы Семей қаласындағы ХҮІІ халықаралық фестивальдің лауреаты атанған «Галиябану» ансамблінің орындауындағы акапелла татар халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпынан сыр шерткендей әсер қалдырды. Эльмира Ғабдулкафеева жетекшілік ететін «Яшылек» ансамблінің көркем қойылымды биі де көрерменнің ойынан шықты. Сол сияқты, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оқушысы Дінмұхамед Амалбектің орындауындағы «Қазақ елі» әні өзінің әуезділігімен және өршілдігімен көпшілікті бір марқайтып тастады. Концерт «Өмір ырғағы» атты жанды да тартымды бимен шарықтау шегіне жетті.

Бұл орайда, танымал жазушы, жерлесіміз Ибрагим Салаховтың «Көкшетаудан асқан сұлу жер жоқ, көкшетаулықтардан асқан мейірімді адам жоқ» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Әдемі ән мен жырдан шашу шашылған салтанатты кеш соңында татар мәдениетін дамытып, қолдау көрсетіп жүрген белсенділер республикалық татар-башқұрт қауымдастығының, татар мәдени орталығының Алғыс хаттарымен және грамоталарымен марапатталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар