Өңір өндірісінде өз орны бар

«ТМЗ Сервис Қазақстан» серіктестігі Ерейментау қаласындағы тұрақты жұмыс істеп тұрған іргелі кәсіпорындардың бірі. 2008 жылы ашылған өндіріс орны содан бергі уақытта нарық талабына бейімделіп, мемлекеттік тапсырыс бойынша тепловоздарды, тиеу және тасымалдау көліктерін, басқа да құрылғыларды жөндеуді жүзеге асырып келеді.

Қазір кәсіпорын бұрынғы локомотив депосы орналасқан ғимаратта жұмыс істеуде. Серіктестік басшысы, теміржол саласында отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Виталий Поповтың айтуынша, кәсіпорын тепловозды, өздігінен қозғалатын арнаулы құрам мен басқа да құрылғыларды бір жылдық кепілдікпен жөндейді. Келісім-шартпен Шұбаркөл-Көмір, Соколов-Сарыбай сияқты іргелі кәсіпорындарға қызмет көрсетеді. Мұнда негізінен МПТ-4, МПТ-6, МПТ-6Э маркалы тиеп-тасымалдайтын көліктер жөнделеді. Бұл машиналар теміржол бойында түрлі заттар мен құрылғыларды тиеп-түсіру қызметтерін көрсетеді.
Кәсіпорынның негізгі үш цехы бар: аккумулятор, қосалқы және кесу-жону цехы. Мұнда қазір жүзге тарта адам еңбек етуде. Бәрі де жергілікті жерден шыққан мамандар. Көбі бұрынғы локомотив депосында еңбек еткен он саусағынан өнері тамған теміржол саласының шеберлері.
Маманнан әзірге тапшылық жоқ дейді кәсіпорын басшысы. Жұмысшыларға қажетті жағдайлардың бәрі қарастырылған. Денсаулыққа залалды улы заттар шығаратын құрылғылармен жұмыс істейтіндерге сүт беріліп тұрады. Үйлері алыс жұмысшыларға түскі тамақ ішетін орын дайындалған. Жұмыс киімдері беріледі. Жалақы да біршама жоғары.
Кәсіпорын қала, аудан ауқымында өтетін түрлі қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Биыл көктемде өткен Наурыз мейрамында орталық алаңда арнайы киіз үй тігіп, қала тұрғындарына тегін наурыз көжесін берді. Осы салада ұзақ жылдан бері істеген, кәсіпорын алғаш құрылған кезден бері еңбек етіп келе жатқан аға шебер Е.Битақов, слесарь-электрші В.Еськов пен П.Кучерюк, кезекші слесарь В.Неевин, фрезерші В.Головин, жөндеуші слесарь Н.Морозов, С.Киізов, А.Рейн сияқты мамандар тапсырыстарды уақытында және сапалы орындауға үлкен үлестерін қосуда.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Жылдар жылжыған сайын техника да жаңарып, дамиды. Осы орайда, уақыт талабынан қалмау үшін жұмысшы мамандардың біліктілігін арттыру жайына да мұнда жете көңіл бөлінеді. Өткен жылы бірнеше жас маман Ресейдің Тихорецк қаласына біліктіліктерін арттыруға жіберілді.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар