Өңір өнеркәсібіне тың серпін берген

«КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамына 10 жыл Кеше облыс әкімі Сергей
Кулагин Көкшетаудағы ірі өндіріс ошағы – «КамАЗ-Инжиниринг» кәсіпорнының құрылғанына 10 жыл толуына орай, осы айтулы оқиғаға байланысты «КамАЗ» ашық акционерлік қоғамының бас директоры Сергей Когогин бастап келген ресейлік делегация мүшелерін қабылдап, екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Бұдан кейін меймандар кәсіп-орын жұмысымен танысып, мерейтойлық салтанатты шараға қатысты. Онда өңір басшысы ұжым мүшелерін осы қуаныштарымен құттықтап, бірқатар өндіріс озаттарына сый-сыяпат жасады. 

 Еліміздегі машина жасау өнеркәсібі саласында өзінің лайықты орнын алып үлгерген «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы аз уақыттың ішінде отандық машина жасау саласын дамытуға лайықты үлесін қосып келе жатқан кәсіпорындардың біріне айналды. Бүгінде ұжым жұмысы акционерлердің қолдауының арқасында оңға басуда. Кәсіпорын құрылған алғашқы 2005 жылдары жүк көлігінің үш түрін шығарудың өзінде біраз қиындықтар болған еді. Кейін бұл қиындықтар артта қалды. Қазіргі кезде зауыттан осы заманға сай «КамАз» жүк көліктері мен арнайы техниканың 40-тан астам түрі шығарылады. Зауыт құрылғаннан бері барлығы 10 мыңнан астам көлік конвейерден шыққан көрінеді. Бұл көліктер бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Төтенше жағдайлар комитеті, жол құрылысы және ауыл шаруашылығы саласында ойдағыдай қолданылуда.   Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 мыңға жуық автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Соңғы кезде кәсіпорын басшылығы өнімде отандық үлестің мол болуына ерекше назар аударып келеді. Оны «Қазақстанда жасалған» деген эксклюзивті арнайы техникалардан байқауға болады. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде сервистік қызмет көрсету орындары жұмыс істеуде.
Облыстық әкімдікте өткен кездесуде өңір басшысы Сергей Кулагин аталған кәсіпорынның осы жетістіктерін тілге тиек етті. Әсіресе, зауыттың ауыр өнеркәсіп саласында алатын орны ерекше екенін айта келе, соңғы кезде
«КамАЗ» жүк көлігіне деген сұраныс азайып бара жатқанына назар аударып, ресейлік қонақтардан осы мақсатта қолдау көрсетуді сұрады. Кездесуде акционерлік қоғамды дамытуға қатысты өзге де бірқатар мәселелер талқыланып, өзара ықпалдастық туралы уағдаластық жасалды.
Мұнан кейін «КамАЗ» ашық акционерлік қоғамының бас директоры Сергей Когогин бастаған делегация Көкшетаудағы «КамАЗ-Инжиниринг» ационерлік қоғамының зауытында болып, жүк көлігін шығару жұмыстарымен танысты.
Бұдан әрі ресейлік қонақтар облыс әкімі
Сергей Кулагинмен бірге Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өткен салтанатты шараға да қатысты. Онда сөз сөйлеген өңір басшысы ұжым мүшелерін осынау мерейтойларымен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп ашқан бұл кәсіпорынның келешегі зор. Бүгінде «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы елімізде жүк көлігін шығаратын бірегей зауыт. Биылғы жылы барлығы 800 бірлік автокөлік шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, – дей келе, Сергей Кулагин аталған кәсіпорынның бір топ инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшыларын «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен және облыс әкімінің Алғыс хаты, өзге де бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Сонымен қатар, шара барысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев, «КамАЗ» ашық акционерлік қоғамының бас директоры Сергей Когогин, «КамАЗ-Инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ерлан Ыдырысов, «КамАЗ» ВТК» акционерлік қоғамының бас директоры Рафаил Гафеев және кәсіпорын директоры Сергей Кистин сөз сөйлеп, жеткен жетістіктер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
– «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы тәрізді үлкен кәсіпорын үшін он жыл аса көп мерзім емес. Дегенмен, осы аз уақыттың ішінде уақытпен санаспай, біз сіздің елде үлкен мықты ұжым құра білдік. Бүгін соның жемісін көріп отырмыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретініміз сөзсіз, – деп атап өткен Сергей Когогин облыс әкіміне жергілікті «Оқжетпес» футбол клубына ұйғарылған жаңа автобустың сертификатын тапсырды. Салтанатты жиын жергілікті көркемөнерпаздардың концертіне ұласты.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар