Өңірлердегі оң өзгерістер

Облыс әкімі Мəлік Мырзалин жұмыс сапарымен Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарында болып, бірқатар əлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, аудан диқандарының күзгі егін орағы науқанына дайындығына назар аударды, алдағы міндеттерді белгіледі.
Аймақ басшысы алдымен, аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналатын «Айбат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарындағы астықтың пісіп, жетілуіне назар аударды. Биыл Жақсы ауданында 433 мың гектар жерге дәнді дақылдар себілген. Қазіргі кезде ауданда орақ науқанына дайындық жұмыстары пысықталуда. Серіктестік директоры Асқар Жапаровтың айтуына қарағанда, алдағы екі аптадан соң диқандар күзгі егін орағы науқанына кіріспек.  
Осы күні Жақсы орталық аудандық ауруханасы да назардан тыс қалған жоқ. Денсаулық сақтау нысанын аралап, дәрігерлер ұжымымен кездескен аймақ басшысы медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрап білді. Бас дәрігер Людмила Бруй мұнда былтыр күрделі жөндеу жүргізіліп,  биыл хирургия және терапия бөлімдеріне қажетті медициналық қондырғылар сатып алынғанын айтып өтті.
Облыс әкімі Тұрсынбек Уәлиев атындағы спорт мектебінде де болды. Бір айта кетерлігі, аталмыш спорт мектебі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған. Мұнда бокс, волейбол,
баскетбол, күрес пен футбол үйірмелері жұмыс істейді. Соңғы 15 жыл бойы «TNK Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі материалдық жағынан қамтамасыз етіп келе жатқан спорт мектебінде нағыз спорт шеберлері тәрбиеленуде. Спорт ұжымының жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі «Урожай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан жарма зауытының құрылысымен де танысты. Кәсіпорын басшысы  Ғабиден Бралиннің айтуына қарағанда, тәулігіне 50 тонна жарма өндіретін жобаны жыл аяғына дейін іске қосу жоспарланған. Бүгінгі күні серіктестік астықты сақтап, кептіріп, тазартумен айналысады. Наубайханалары да жұмыс істейді. Өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі агроөндірістік саласында терең өңдеудің маңыздылығын айтып, бұл тұрғыда  жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жақсы ауданында 2010 жылы «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде алғашқы болып жүзеге асырылған жобалардың бірі – «AgroComplexExpert» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы уақыт ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеген зерттеу орнының мамандары былтыр 10 мың гектар алқапта зерт жұмыстарын жүргізген. Ал, биыл тұқым сапасын анықтайтын жаңа зертхана ашуды жоспарлап отыр.
Бұдан кейін аймақ басшысының жұмыс сапары Есіл ауданында жалғасты. Бұл ауданда «Туған жер» бағдарламасы бойынша жалпы құны 380 миллион теңгенің 12 жобасы жүзеге асырылуда. Облыс басшысы Есіл қаласында жаңадан салынып жатқан жылу қазандығының құрылысына назар аударды. Жоба құны 6,9 миллиард теңгені құрайды. Нысанды келер жылдың күзінде іске қосу жоспарланған. Сол кезде аудан орталығындағы тұрғын үйлер мен əлеуметтік нысандардың 85 пайызы жылумен қамтамасыз етілмек. Ескі қазандықтар жабылатын болады.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «А*Star» қонақ үй мейрамхана кешені, аудандық аурухана, мәдениет үйі жəне агротехникалық колледжде болды. Қазіргі кезде дуалды оқыту жүйесін меңгерген білім ордасында 156 бала білім алуда. Студенттер колледж қабырғасында білім алып қана қоймай, жергілікті 40-тан астам кəсіпорындарда теориялық білімдерін тəжірибемен ұштастыруда.
Ауданда «Туған жер» бағдарламасы да нақты қолдау табуда. Сапар барысында облыс әкімі аудандағы ірі шаруашылық басшыларымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жобаларды жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.
Мəселен, «Ново-Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы  Валерий Тюркин жыл соңына дейін Юбилейный ауылында 160 тұрғын үйге газ құбырын тартуға, ауылішілік 3,5 шақырым жол жөндеуге жəне 2 тұрғын үй салуға уəде етті. Осы мақсатта серіктестік өз қалтасынан 270 миллион теңге қаржы салуды көздеп отыр. Ал, Уəлихан Əріпов жетекшілік ететін «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 110 миллион теңгеге келер жылдың соңына дейін Заречное ауылындағы әлеуметтік нысандарды жаңғыртуды қолға алмақ.
– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жұмыссыздарды еңбекпен қамтамасыз етуде барлық жағдай жасалынған. Облыс бойынша жыл соңына дейін Есіл агротехникалық колледжінде еңбек нарығында сұранысы жоғары кəсіби мамандықтар бойынша 6 мыңнан астам адам курстан өтеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі ширату қажет, – деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін аймақ басшысы Жарқайың ауданында болып, бірқатар əлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысына көңіл бөлді. Державинск қаласындағы шағын сүт өңдеу цехы өндіріс қуатын тәулігіне
5 мың тоннаға дейін ұлғайтпақ. Аудандағы «Рассвет» шаруа қожалығының қожайыны Александр Маслов іскер кəсіпкерлердің бірі саналады. Шаруа қожалығы биыл 2 мың гектарға жуық алқапқа мал азығы үшін екпе шөп, аздап дəнді дақыл сеуіпті. Қазіргі кезде шаруашылық біржылдық шөп қорын әзірлеп үлгерген. Аудан орталығы Державинск қаласында шаруа қожалығының сүт өнімдерін шығаратын цехы бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Ресейлік құрылғылар орнатылған цехта тəулігіне бір тоннадан астам сүт жəне сүт өнімдері өңделеді. Негізінен сары май, қаймақ, айран, сүзбе мен ірімшік шығарылады. Фермер алдыңғы жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несие алып, 200 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасын салды. Өз меншігіндегі сауын сиырлардың сүті цехты толық қамтымайтындықтан, тұрғындардан сүт сатып алады. Ал, тауарлы сүт фермасын ашу, соған орай мал басын көбейту сүт өнімдері цехын шикізатпен толық қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны анық. Осы орайда, фермер мал тұқымын асылдандыруға да көңіл бөлмек.  Алдағы уақытта мал басын екі есеге көбейтуді жоспарлап отыр.
– Сүт цехын толық қуатына шығаруды көздеп отырмыз. Сол кезде тəулігіне бес тоннаға дейін өнім өңделетін болады. Өнімді сатуда еш кедергі жоқ, – дейді Александр Владимирович.
Осы күні аймақ басшысы жас дəрігер мамандарды «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы ауданға шақыру мəселесі жəне күзгі егін орағы науқанына дайындық шараларына да жіті көңіл бөлді.
Жақсы-Есіл-Жарқайың аудандары.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар