Іскерлік танытар сәт келді

Сапалы тұқым – болашақ мол өнімнің кепілі екенін жете түсінген  аудан диқандары  алдарына биылғы жылы жақсы нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп қойған. Сәуір айы туысымен диқандардың қарбалас тірлігі басталды. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері болашақ өнімнің қамымен қат-қабат шаруаның жетегінде  жүр.

Жерді сапалы өңдеу, тұқымдық астықтың сапасына мән беру бірінші кезектегі іс болмақ. Ауданның егістік алқаптарының 232,5 мың гектары жаздық бидайдың үлесінде. Бір өкініштісі, Антонова, Жалғызқұдық, басқа да елді мекендердің маңындағы бір кездегі құнарлы алқаптар бүгінде мол өнім беру мүмкіндігінен айырылған. Алқаптардың көп бөлігі игерілмей бос жатыр. Шамамен алғанда ауданның 20 мың гектардан асатын егістік жері банктерде кепілдікте тұр. Нәтижесінде  аталған алқаптар тозып, қарасора мен арамшөп басып кеткен. Өткен жылы ауданда 293 мың тонна астық бастырылды. Бірақ, өңдеуден кейін бұл цифрдың 25 мыңға кемігендігін  айта кету керек. Сондықтан да, биылғы жылы астаналық ауданның диқандары қалай болғанда да сапалы бидай тұқымын молынан өндіруді мақсат етіп отыр.
Қазір тұқым өндіретін шаруашылықтарға жоғары сапалы бидай сорттары  жеткізілді. «АКА» серіктестігі, «Ақмола -2», «Ақтық» акционерлік қоғамдары Қостанайдан «Қарабалық» тұқымын алды. Ауданның басқа да егістік алқаптарында «Қарағанды-22» және ресейлік сапалы тұқым сорттары пайда болды. Тұқымдық бидайды жаңартуда ауданымызда әзірше «Родина Агрофирмасы» серіктестігі көш бастап тұр. Шаруашылық бүгінде элиталық «Омс-кая-28», «Омская -36»  және жергілікті «Астана» тұқымдық бидайының
5 мың тоннасын сатты. Алайда, бірқатар шаруашылықтардың жұмысын сараңдық өрге бастырмай отыр. Биыл аудан 5 мың тонна минералды тыңайтқышқа тапсырыс берген, бірақ, оны жеткізіп алу ісі кешеуілдеп тұр. Біреулері ауа райының қабағын бағып, екіншілері жер аяғының кеңігенін күтіп отырған сыңайлы. Ауданымыздың бас агрономы Теміржан Болсамбеков тыңайтқыштан қаржы аямау керек  деген па-йымды алға тартады. Осы өңірдің тумасы, осы жерде өскен білікті маманға ауданның әр егістік алқабының бар пұшпағы жақсы таныс. Оның пікірінше, тыңайтқышты сатып алудың мөлшерін 10 мың тоннаға жеткізу қажет. Алдағы уақытта танаптарды тоздыруды доғару керек. Сондықтан, барлық егіс саласының мамандары бұрынғы диқандық дәстүрлерге қайтып оралулары қажет.  Сайып келгенде, 10 мың тонна тыңайтқыш қосымша 30 мың тонна сапалы астыққа қол жеткізудің нақтылы  кепілі.
Мол өнімге қол жеткізу ісіне шаруа қожалықтарының  да біршама кедергі келтіріп отырғандығын айта кету керек.  Олар аудан бойынша жыл сайын ең төмен нәтижеге қол жеткізіп, ортақ шаруаны кейін тартуда. Ал, мұндай ұсақ шаруашылықтардың саны аудан бойынша  120. Олардың кейбірінің иелігінде 400 гектар құнарлы жер  бар. Кейбір шаруашылықтарда маман агрономдар жоқтың қасы. Сондықтан, қазіргі ауылға жердің қадірін білетін маман агрономдарды орнықтырған абзал.  Бұл кезек күттірмейтін алғышарттардың бірі.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар