Ислам дінінің ұлт дамуындағы орны

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай,  «Қазақстан тарихындағы исламның рухани тұлғалары» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Еліміздің Астана, Алматы қалалары мен Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасынан өкілдер қатысқан игі шараны облыстық дін істері басқармасы, Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырды. Конференция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің діни сараптау басқармасының басшысы Балғабек Мырзаев баяндама жасап, еліміздегі дін саласындағы саясат мәселесіне кеңінен тоқталып өтті. Дін мәселесі қашанда өзекті тақырып болып қала бермек. Қазақстан тарихында ата дініміз исламның ешкім өзгерте алмайтын мың жылдық тарихы бар екендігін айтқан баяндамашы осы күнгі ғалымдардың басты кемшілігі исламның тарихын тереңірек зерттеуге мойын бұрмайтындарын баса атап көрсетті. Елімізде діни жағдай тұрақты деп айтқанымызбен, кейбір отандастарымыз халықаралық радикалды күштерге еліктеп, теріс ағымдарды насихаттаушылардың қатарына қосылып жатқандары да бар. Осылардың алдын алу мақсатында жыл сайын имамдар сауатын арттырып, жастармен де осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
Исламның қазақ тарихындағы орнын айтқанда Әл-Бируни, Ахмет Яссауиден бастап, Абай, Шәкәрім сынды даналарымызды айтпай кету мүмкін емес. Әсіресе, өңірімізде қасиетті дініміздің өркен жаюына көп тер төккен өзіміздің жерлес бабамыз Наурызбай Таласұлының өмірі конференция жұмысында ерекше еске алынды. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуов кеңінен әңгімелеп берсе, көршілес Ресей елінен келген Уфа экономика және сервис мемлекеттік университетінің доценті Ильшат Игдавлетов он сегізінші ғасырдағы  Ресейдегі оңтүстік-шығыс саясатындағы діни фактор мәселелерін өз баяндамасына арқау етті. Айтуынша, Ресей империясында ислам дініне қатысты көзқарас әр кезде әртүрлі болған. Мәселен, Екатерина патшайым билік еткен жылдары жер-жерлерде медреселер ашылып, ислам дінінің уағыздалуына рұқсат етілудің де өзіндік себептері бар. Ол кезде биліктегілер  дінді империяның мүддесіне пайдалануды көздесе, халқымыз Ресейдің қол астына өткеннен кейін исламның өркен жаюы мүлде тоқтап қалды. Себебі, «Патша қай дінде болса, басқалары да сол дінді ұстануы керек» деген солақай саясат енгізіле бастаған еді.
Конференция барысында мемлекетіміздегі этноконфессиялық идентификация турасында да пікірлер қозғалып, сондай-ақ,  «Қазақстан тарихындағы исламның рухани тұлғалары» тақырыбында өткен ғылыми мақалалар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Театр әртістері жазушы Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» пьесасын қонақтардың назарына ұсынып, одан әрі конференция секциялық жұмыс тақырыптары негізінде жалғасты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *