Хаттарда сыр коп…

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында жазасын өтеп жүргендердің арасында аналары мен жұбайларына, қыздарына арнап жазған хаттар конкурсы өтті. Шараға 22 адамның 23 хаты қатыстырылып, әділ қазылардың бағасын алды.

  Қазақ «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді. Өмірде жаңсақ басып, опық жеген жазаларын өтеп жүргендердің арасында өткеніне өкініп, алдағы өмірлерінде сол қателерін жасамауға бекініп жүргендер аз емес. Аталмыш шара сондай жандардың жүрек сырларын ақ қағаз арқылы ең жақын адамдарына жеткізуге талпынған әрекеттерінің жемісі десе болады.
«Менің анам туған күнімнен бастап қамқор болды, жақсы істеріме қуанып, жамандығымды көрсе күйінді. Анамның көздеріндей мейірімді көзді ешқашан көрген емеспін. Менің жетістігімді көргенде қуанышында шек болмайтын…» – бұл ұрлық істегені үшін сегіз жылға сотталған жазасын өтеушінің хатынан үзінді. Жары Настяға деген сағыныш сезімі мен жұбайлық өмірінің ең бақытты сәттерін еске алған сезімге толы хаттың авторы ойланбай істеген оқыс ісіне өкініп, қалған өмірін отбасымен өткізуді армандайтынын айтады. Ал, есірткі заттарын таратқаны үшін он жылға бас бостандығынан айырылған 44 жастағы азаматтың анасы туралы жүрекжарды сыры хатты оқыған әділ қазылардың  көңілдерін толқытты. Кішкентай кезінде өзін тастап кеткен анасына деген сағынышын хат арқылы ақ қағазға төккен қырықтың қырқасындағы азаматтың хаты оқығандардың жанарына еріксіз жас үйірілтті.
Хаттар конкурсының жеңімпазын анықтау әділ қазыларға оңай соқпады. Конкурс жеңімпаздары қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының грамотасымен марапатталды. Жаза басып, түзеу мекемесіне түскен адамдар арасында тәрбиелік маңызы бар мұндай шаралар үзбей өткізіліп тұрады. Айта кетерлігі, осындай шаралардың сотталғандарды түзу жолға салуға айтарлықтай игі ықпалы барлығын тәжірибе көрсетіп отыр.

Гүлнәр ОСМАНОВА,
қылмыстық атқару жүйесі департаментінің
бөлім бастығы,
әділет подполковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар