Ұлты ұлы ақынын ұмытпайды

Ақмола облысы татарлары мен башқұрларының қоғамдық бірлестігі мен Көкшетау қаласының татар мәдени орталығы Көкшетау қаласында татардың көрнекті  ақыны Мұса Жәлилдің мүсінін  орнату  жұмыстарын  тездете түсу үшін  «Дуслар жиелган жирдэ» атты  қайырымдылық  ән кешін өткізді.
«Истоки» мәдениет үйінде өткен  аталмыш іс-шараға қатысқан  облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов: «Еліміз азаттыққа қол жеткізгенде  көптеген мемлекеттер біздің тәуелсіздігіміздің тұғырлы болатынына онша сене қойған жоқ еді. Себебі, мемлекетімізде  түрлі ұлт өкілдері тұратын.  Осындай көпұлтты бірлігі жарасқан елге айналуымыз біздің басты жетістігіміз», – деп өңіріміздің саяси-экономикалық бағыттағы өркендеу жолында татар халқының қосып жатқан үлесін   атап өтті. Бұл кеште Татарстан Республикасының  Қазан қаласынан шақырылған белгілі әртістері Динар Бадретдинов, Азат пен Алсу Фазылыевтар өнер көрсетті.  
Сондай-ақ, Көкшетау қаласының  татар мәдениеті орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Рафаил Сулькарнаев  әр ұлттың өзіне  тән ұлттық құндылықтарымен қатар, сол халықтың мұңы мен  жырын жеткізер  сөз зергерлері болатындығын айта келе,  Мұса Жәлилдің халықтың мұңын жырлаған ақын болғандығын жеткізді.  Екі сағатқа созылған  ән кешінде Татарстан әншілері өздерінің ұлттық және қазіргі заманғы әндерін  шырқап, көрермендерге қуанышты көңіл-күй сыйлады.
Қайырымдылық кешінен жиналған қаржы облыс орталығында ақын Мұса Жәлилдің  мүсінін орнату жұмыстарына жұмсалатын болады.

 

назгүл Рабилова.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар