Мал басын көбейтуге мүмкіндік мол

Соңғы уақытта ауданда төрт түліктің басы көбейіп келеді. Малсақ қауым мал өнімдерін молайту үшін асыл тұқымды мал басын көбірек бағуға құлшыныс танытуда. Кірпияздау түлікті жерсіндіріп берік мал азығын дайындау басты назарда.

Өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етуде және мал шаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттілігін дамытуда агроөнеркәсіп кешенінің алдында асқаралы зор міндеттер тұр. Биылғы жылдың бес айындағы мал шаруашылығы саласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсара түсуде. Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 4,3 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзім деңгейінен 16 пайыз жоғары. Төрт түлік мал басының көбейгені байқалады. Бүгінгі таңда ірі қара 46,5 мыңды, жылқы 27,3 мыңды, қой мен ешкі  107,8 мыңды құрап отыр. Осы есепті кезеңде 3995,4 тонна ет, 13702 тонна сүт, 2035 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауданда бес инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмысы жалғасуда.
Етті мал шаруашылығы бағытында жүзден астам шаруа қожалығы мен үш серіктестік жұмыс істейді. Мәселен, «Торғай» мен «Кеңөткел» серіктестіктерінің әрқайсысы бес жүзден астам, «Ақжол» шаруа қожалығында 247 бас ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал бағады. Шаруа қожалықтарының «Сыбаға» бағдарламасына қатысуының арқасында 4 мың бас ірі қара сатып алынды. Ауданда етті мал шаруашылығын дамытумен айналысатын шаруашылықтар саны өсе түсті. Малды асылдандыру бағытында қазақтың ақбас ірі қарасын көбейтуге көп көңіл бөлінеді. Қазір бұл асыл тұқымды мал көптеген шаруа қожалықтары табынының 70-80 пайызын құрайды. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін Ақсуат селолық округінде орналасқан «Үміт-Н» шаруа қожалығының базасында тауарлы сүт фермасы құрылды.
«Ырыс» бағдарламасы бойынша 115 бас асыл тұқымды қашар сатып алынды. Биылғы жылы «Хамза» шаруа қожалығы 400 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасын құруды қолға алды. Германиядан 132 бас асыл тұқымды қашар сатып алынды. Қазір германиялық фирма мал азығы зауытын орнатуда. Сондай-ақ, «Geia» фирмасымен сиыр сауатын қондырғыларды орнату үшін келісім жасалды. Бұл жоба биылғы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылып, он жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Новомарковский селолық округінде орналасқан «Жаңа береке» шаруа қожалығы 3 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Ет өнімін өңдейтін кешен салынды. Қазір мұнда 2628 бас ірі қара бағылады. Елу жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл «Ерейментау Құлан» серіктестігінің 3 мың бас ірі қараға арналған екінші мал бордақылау алаңы салынуда.
Жоба биылғы жылы іске қосылады. Жемшөп қоймасы мен ірі қараға арналған он ангар салынды. Ветеринарлық орынға, автокөлік таразысына және өзге қоймаларға су құбыры тартылды. Үстіміздегі жылы «Абердино Ангус» тұқымдас мал сатып алына бастады. Жыл басынан бері аудан бойынша 166 асыл тұқымды бұқа мен 95 асыл тұқымды қашар сатып алынды. Өңірде 115 шаруа қожалығы қой шаруашылығымен айналысып, бұл саланы дамытуда. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1689 қой сатып алынды.
Ауданда жылқы шаруашылығы қарқынды дамуда. Жылқының тұқымын жақсарту үшін Көшім және Жабы тұқымдас айғырлар және «Құлан» бағдарламасы бойынша 237 жылқы сатып алынды. «KazHorse Mugalzhar» серіктестігі Мұғалжар тұқымдас асыл тұқымды жылқыны бағу жобасын жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда шаруашылықтағы жылқының саны 1100-ді құрайды. Биыл 14 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтерде 1823 сауынды сиыр мен 552 қой бағылады. Мал басын асылдандыру мақсатында өз қаржысы есебінен 51 асыл тұқымды бұқа сатып алынды.
Мал шаруашылығы көрсеткіштерінің өсімі белсенді инвестиция тарту жұмысының есебінен қамтамасыз етілді. 241 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімі деңгейінен 2,2 есе көп. Мал шаруашылығының жұмысы мен мал азығы дақылдарын егу үшін әртүрлі тракторлар мен егіс кешені сатып алынды. Барлық мал түрінің көбеюіне байланысты ауданның егіс алқаптары құрылымында арпа мен сұлы дақылдары, біржылдық және көпжылдық шөп егілген алқаптар көбейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары көптеген ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтары аралас астық дақылдарын себе бастады. Мұндай алқаптар биылғы жылы 3 мың гектарға жеткізілді.
Алдағы жылдары жеке кәсіпкер Пауль Кироль инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазір ол Ерейментау қаласындағы ет комбинатының құрылысын жүргізуде. «Хамза» шаруа қожалығындағы тауарлы сүт фермасының базасында сүт өнімдерін өңдейтін шағын зауыт ашылды. Сондай-ақ, жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді көбейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелер назардан тыс қалмайды. «Нұр Агро компаниясы» серіктестігі егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін жобаны қолға алып, үш тауарлы сүт фермасы мен малшылар үйінің құрылысын аяқтады.
Биылғы жылы Романов тұқымдас 500 қой сатып алуды жоспарлап отыр. «Қоржынкөл» серіктестігі мал шаруашылығын дамыту және туристік демалыс базасын салу жобасы бойынша жұмыс істеуде. Өткен жылы серіктестік өз қаржысы есебінен 49 бас ірі қара, 42 жылқы, 58 қой сатып алды. Алдағы жылдары ірі қара басын 150 басқа дейін, жылқыны 150-ге дейін, қой санын 400-ге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің әлеуеті зор екенін атап өткен жөн. Келешекте мал шаруашылығы саласының өсу қарқынын тұрақты қамтамасыз етуге резерв жеткілікті.

Абылай ИМАНЖҮСІПОВ,
аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар