Малымыз асылданып келеді

Өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша алға қойылған міндеттер «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Ішкі азық-түлік рыногын қамтамасыз ету мақсатында мал шаруашылығы саласын дамытуға ерекше назар аударылады. Бұған ірі қараның көбеюі және мал шаруашылығы өнімі өндірісі көлемінің артуы дәлел. Бүгінгі таңда ауданда 6193 бас ірі қара, 6314 жылқы, 29305 қой мен ешкі, 38071 құс бағылып, өсіріледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жыл санап ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемін арттыруда. Мал өсірудің қазіргі заманғы технологиясын енгізу және селекциялық асылдандыру жұмысы есебінен мал шаруашылығын дамыту жұмысы одан әрі жалғасуда.
Соңғы үш жылда үш жүзден астам бас ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. «Темірлан» және «Үшқарасу» серіктестіктерінде мамандандырылған мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Отыз ауыл шаруашылығы құрылымы мен он төрт ауыл шаруашылығы кооперативінде мал шаруашылығы ілгері дамуда. Бұл шаруашылықтар малды асылдандыру бағдарламасы бойынша асыл тұқымды бұқалар мен жергілікті тұрғындардан ірі қаралар сатып алды. Жыл өткен сайын ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау тетігі жетілдіріліп, ол мал шаруашылығы өнімі өндірісін кеңейтуге және өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Субсидиялау бағдарламасы бо-
йынша мал басының өнімділігін және генетикалық әлеуетін жақсартуға болатынына айқын көз жетіп отыр. Бұл мүмкіндікті ауданның отыздан астам шаруашылығы пайдалануда. Оларда асыл тұқымды бұқалар бар. Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан субсидия төленуде. Нәтижесінде асыл тұқымды ірі қара саны біршама көбейді. Бүгінгі таңда сауын сиырлар да асылдандырылуда. Сауын сиыр табындарында бұл көрсеткіш 70,9 пайызға жетіп отыр. «Тиімді жұмыспен қамту және жалпы кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының негізгі бағыты аясында ауыл шаруашылығы кооперативі мен отбасылық мал бордақылау алаңын құру бойынша әлеуетті қатысушыларды іріктеу жұмысы жүргізілді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында оқыту тренингі өткізіліп, несие алуға құқық беретін алпыс сертификат берілді.
Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік қатысушылардың кепілдік мүлкі қайтадан қаралып, бағаланды. Етті өңдеу және консервілеу бойынша «Державинск-1» ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелді. Сондай-ақ, ауданда «Василек» шаруа қожалығының сүт сатып алып, өңдейтін «Жарқайың сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. 115 бас сауынды сиыры бар бұл шаруа қожалығы өзіне бірқатар үй шаруашылығын біріктіріп, тұрғындардан сүт сатып алудың бес бағыты жасалды. Сатып алынған сүт жеке кәсіпкер Александр Масловтың өңдеу цехына тапсырылады. Мұнда күніне үш мың литрге дейін сүт өңделіп, сүт, айран, қаймақ, ірімшік және май өндіріледі. Сүт сатып алу мен өңдеудің мұндай көлемі цех қондырғылары жұмысын толық қамтамасыз етеді. Кооператив тұрғындармен әрбір он күн сайын есеп айырысады. Мәселен, күніне 30 литр сүт тапсырған ауыл тұрғынының айлық кірісі 72 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, дайын өнім білім мекемелері мен «Рассвет» дүкеніне өткізіледі.
Келешекте сүт сатып алу бағытын кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Мал азығы базасын дамытуға ерекше назар аударылуда. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары алдағы мал қыстату науқанына қажетті жемшөп қорын жинап алды. Жарқайыңдық ауыл шаруашылығы құрылымдарының басты міндеті – тұрғындарды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Ол үшін берік жемшөп базасы керек. Осыған
байланысты жүгері, күнбағыс, біржылдық және көпжылдық шөп алқаптары да кеңейтіліп отыр.

Октябрь БАЙЕГІЗОВ,
Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *