МЕРГЕНДІГІНІҢ КӨП көмегі тиген

Соғыс өрті шарпымаған, қайғы-қасіретін арқалатпаған шаңырақ жоқ шығар-ау. Біз бүгін түйсінуге тырысқаны-мызбен, дәл сол кездегі қысылтаяң уақытты нақты сараптай алмауымыз да мүмкін. Тарихи әдебиеттерден оқыған, кинофильмдерден көрген дүние. Содан соң сол соғысқа қатысып ел қорғаған аталарымыздан естіген естелік.

Соңғысы барынша шынайы, шындық. Біздің атамыз Қабыкен Құлышев Зеренді ауданына қарасты Дөңгілағаш ауыл-ында 1919 жылы ақпанның 23-і күні осы төңірекке аты шыққан атақты мерген, аңшы Құлыш бабамыз бен он саусағынан өнері тамған әйгілі шебер Мәриям әжеміздің шаңырағында дүниеге келіпті. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда Қабыкен атамыз жастайынан аңшылықпен айналысқан. Әкеден балаға ауысқан өнерді жалғастырған. Кейін ілкі заманнан келе жатқан, дала сырын, түз аңының жай-жапсарын жетік білген айрықша әсем өнердің айтулы шебері болса керек-ті. Аң аулау – ол заманда көңіл көтерерлік саят қана емес, отбасындағы адамдарды асырайтын, соларға талғажау тауып беретін күнкөрістің көзі. Ұзақ жыл дала кезген, көздегені құр кетпейтін сұр мерген Құлыш бабамыздың соңынан ерген Қабыкен атамыз да мылтық атуды жақсы меңгеріпті. Соның арқасында қарындастары Күлән мен Күлизат, інісі Қаппас 1933 жылдардағы алапат аштықтан аман қалған.
1940 жылы атамыз  Қызыл армия қатарына әскери борышын өтеуге шақырылған. Приморье өлкесінің Находка бухтасында қызмет еткен. Ал, соғыс басталған кезде барлаушы болыпты. Сол жылдары жапон әскері шекарамен іргелес қонған елді мекендерге ұдайы шабуыл жасайды екен. Жаудың мақсаты мен жоспарын білу үшін кеңес барлау-шылары бастарын өлімге тігіп, ерлік пен өрлікті серік етіп, оған ептіліктерін үстеп «тіл» әкеледі. Басқаға қарағанда барлаушылар қызметі мың батпан ауыр. Өйткені, әр күн сайын ажалмен бетпе-бет келіп жүреді. Сондықтан да, барлаушы болу жалғыз жүректілік пен батырлыққа байланысты емес, оның үстіне көзге түртсе көрінбейтін қараңғы түнде жау бекінісін бұзып, ішіне бойлап барып қимыл жасамақ.
Жастайынан аң-құстың тілін білуі, құралайды көзге ататын мергендігі майданда да кәдеге асты. Бұғы, бұлан, қоян атып, полктағы жауынгерлерді аң етімен қамтамасыз етті.
1944 жылы барлауға барған бір сәтінде жараланып қайтыпты. Жапон мергенінің оғы сол қолына тиген екен. Әйтсе де, көкірегін жауға деген ыза, кек кернеген Қабыкен атамыз жараланғанын жасырып жүре беріпті. Ондағы ойы дұшпаннан кек алу. Атамыз жапонның Квантун армиясымен шайқасқан қызыл әскерлердің сапында ерлік көрсеткен. Тән жарасы да, жан жарасы да жазыларлық уақыт өткенімен, қаншама қаруластары жат жерде жазықсыз опат болған зұлмат соғыс жайында айта бермеуші еді. Тіпті, өзінің де көрсеткен ерлігі туралы мақтана қоймайтын. Бәлкім, адам санасына керемет кері әсер еткен қан қасап майданды көрген, зілмауыр салмағын басынан өткерген майдангерлер сол бір уақытты кері көшіргісі келмейтін, қайтып жаңғыртқысы келмейтін болуы керек.   
Атамыз 1948 жылы ғана туған жерге оралды. Кейінгі өмір соғыс кезінде тұралап қалған шаруашылықты қалпына келтіруге арналды. Кішкентай кезімнен атамның бойындағы ғажайып адамгершілік, кеңпейілді кісілік қасиеттерін танып, біліп, құрметтеумен келемін. Оның бойындағы жер қозғалса қозғалмайтын сабырлылық, пейілінің кеңдігі, жанының жомарттығы тілмен сипаттап айтуға келе қоймайтын соншалықты кең, соншалықты биік болушы еді. Қазима әжеміз екеуі мынау жарық дүниеге он екі  перзент әкеліп, оған қоса немерелерін әлдилеп, әлпештеп өсірген сүйікті ата мен әже. Ілкі заманда ата тәрбиесі, әже тәрбиесі ғажап еді ғой, шіркін. Атаның бойынан, оның кескін-келбетінен, өзін-өзі ұстауынан, пайымы мен парасатынан немерелері толайым тәрбие алатын. Ал, әжелер болса халықтың даналығын, ұлттың ұлағатын бойына сіңірген, барынша іскер, он саусағынан өнер тамған адамдар еді. Сондай қасиет дарыған кісілердің бауырында өсіп, өнегесін ұққандығымыздан шығар, біз де даланың дархан мінезін шым-шымдап алып қалдық.
Атамның атын шығарған перзенттерінің бірі, үлкен қызы Қапаш Құлышева. Арқаның әндерін нәшіне келтіре орындайтын бұлбұл үнді апамыздың атақ-даңқы Алаш даласына ғана емес, өзге елдерге де жақсы мәлім. Биік-биік сахналардан Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал аталарының бай мұрасын орындап, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленген Қапаш апамыз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. Үлкен ұлы Қабдуәли мемлекеттік қызметте. Қазір еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы. Қабдөш есімді ұлы қаржы полициясында қызмет істеп, зейнет демалысына шықты.
Біз бұл күнді, осы бір қаралы күндердің шуақты мерекесін баршамыз атап өтеміз. Дәл осы күні ел басына күн туғанда қарыс қадам жер үшін қасық қанын қиған ерлерді еске аламыз. Дәл осы күні өздерінің жаны мен тәнін аямай ел қорғаған батырларға басымызды иеміз.

Әнуар ҚҰЛЫШЕВ,
немересі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар