Музыка – рухани қазына

Өнер –  адам өмірінің серігі, эстетикалық тәрбие негізі болып табылады. Баланың музыкаға деген сүйіспеншілігі мен қабілеті туа бітпейді, ол өсу, даму процесінде қалыптасады. Музыканың адам өміріндегі мәні ерекше. «Ол жоқ жерде, адам тірлігі де жоқ» деп Ю.Фучек өте тауып айтқан.

Музыка адамды шаттыққа бөлеп, мұң-зарын сейілткен. Оның ықпалының күштілігі соншалық, адамдардың мінез-құлқы мен салт-дәстүрін де өзгерте алады. Сөзіміз дәлелді болу үшін қытайлық тарихтанушы, музыка зерттеушісі Сыма Цяньның мына пікірін еске алайық: «Дүниеге келген адам өміршең рухты, жүрек пен сананы еншілеп туады. Ал, қайғы мен шаттық, ашу мен қуаныш болса туа бітетін қасиеттер емес, мұның бәрі де сыртқы әсерге деген адам сезімінің өзгеруі ғана, адам бойындағы сезімді қалыптастыратын да сол сыртқы әсерлер».
Жақсы ән мен сазды музыка – жан азығы. Әсем ырғақты жан тербетер ән, музыка тыңдаған адамның жүрегі жай тауып ерекше сезімге, қуанышқа бөленеді. Музыка – рухани қазына. Сол өлмес құндылықтың мөлдір бастау бұлағынан нәр ала білген бала адамгершілік пен асыл қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. «Туғанда дүние есігін ашады өлең», – деп Абай атамыз жырлағандай шыр етіп дүние есігін ашқан нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ, музыка әсер етеді.
Ең алғашқы анасының әлдиі, бесікке
таянып айтқан бесік жыры бөбектің жанын тыныштандырып, тәтті ұйқыға кетуіне әсер етеді. Екі қазақтың бірі ән салады десек, артық айтқандық емес. Олар әнді тұрмыстарына тұтқа, қуаныш-қызығын көбейтіп, тойға ұластыратын, жақсылыққа, байлыққа, татулық пен бірлікке бастайтын киелі өнер деп есептейді. Сондықтан, ән қазақтың өмірі мен салт-санасында берік орын алған. Бұған салтымыздағы үйге келген мейманға қонақкәде ретінде өлең айтқызу, барлық той-думандардың сол той иелерінің «ауылдың алты аузымен» бастауы дәлел болмақ. Өнер бесігі Арқада ән білмеу, өлең айтпау адам бойындағы мін деп есептелген. Бала бойында әдемілікке, әсемдікке деген сезім күй қалыптасып, эмоциялық әсер нәрестені ерте бастан музыкаға баулуға, эстетикалық тәрбиенің белсенді көмекшісі етуге мүмкіндік туғызады. Жалпы музыканың күйін сезінуге, көркем образдың дамуын қадағалауға бейімделеді. Музыканы тудырушы композиторлар, авторлар туралы алғашқы мағлұмат алады. Балаларды музыкалық аспаптарда ойнауға, танып білуге, аспаптарды ойнау әдіс-тәсілдерін үйренуге, олардың тембрлерін ажырата білуге
үйретеді. Ән тыңдап өскен балалар әртүрлі образдағы музыкалық шығармаларды тыңдап, мазмұнын, сипатын, көңіл-күйін ажырата біледі. Музыкалық есту түйсігін, шығармашылық қиялын жетілдіреді. Ырғақтық сезімін, динамикалық есту қабілетін дамытады.
Балалар халық әндерімен қатар түрлі классикалық музыка және вокалдық, аспаптық шығармаларды тыңдап, ішкі дүниесімен қабылдауға тырысады. Баланың музыкалық дыбысты ажырату қабілетін дамыту шаруашылыққа деген қызығушылықты арттырып, музыкалық аспаптарда ойнап үйренуге жол ашады. Баланың саз жетекшісі, тәрбиешісі, ата-аналары оларды музыкалық мәдениетке, оның тілін ұғынуға, музыка арқылы тұлғаның қасиетінің қалыптасуына көмектеседі. Үлкендердің музыкаға деген қызығушылығы, талғамы, балаға сенімі, сыйластығы, түсінушілігі жақсы жетістіктерге жетелейді. Балаларды музыканы сүюге, оның тілін түсіне білуге, яғни, олардың көркемдік талғамымен тәрбиелеу керек. Сонда ғана мінезге бай, жаны жайдары, жүрегі жомарт ұрпақ өсіп жетіледі.

Серік  СӘРСЕНБАЙ,
Көкшетау музыка мектебінің
домбыра  пәнінің  мұғалімі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *