Ойланар тұстарымыз әлі көп

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер бойынша тұрақты комиссиясы мен «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Индустриялды даму» бағыты бойынша өңірлік партия кураторы комиссиясының кезекті бірлескен мәжілісі өтті.
Мәжіліс күн тәртібіне сай облысымызда 2014-2016 жылдары туристік кластерді дамыту жоспарын жүзеге асыру, Бурабай, Зеренді демалыс аймағын дамыту үшін туристік кластерді құрудағы тәжірибені ескере отырып, стратегиялық инвесторларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылады.
Облыстық мәслихат депутаты Елена Мащинскаяның басшылығымен өткен мәжіліске облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, депутаттар, облыстық туризм басқармасының басшылары және аудан әкімдіктері мен туристік мекемелердің өкілдері қатысты.
Алдымен, облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырхановтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, соңғы жылдары туристік саланың  дамуында ілгері басушылық бар.
«Аталған есептік кезеңде барлығы 12 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, қызметі көрсетілді. Туризм индустриясы кәсіпорындарымен мемлекеттік бюджетке 4 миллиард теңге кіріс кірді. Туристерді қабылдау орны 320-ға жетті. 2014-2016 жылдар аралығында жалпы құны 3,7 миллиард теңгеге туризм саласында 50 кәсіпорын ашылып, 460 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл сайын облысқа 1 миллионға жуық турист келеді», – деді Шынарбек Батырханов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы облыстың Астанада өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне де атсалысып жатқандарын атап өтті. Әсіресе, осы бағытта «Бурабай даму», «Круиз», «Белсенді туризм және демалыс орталығы» серіктестіктері мен «Ақмолатурист» акционерлік қоғамы автобус, жаяу, ат және су арқылы саяхат жасайтын  отыздан  астам бағытты қамтитын негізгі жеті туристік пакет жасалынған. Сонымен қатар, Астанадағы Еуразиялық мемлекеттік университеті мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, оған қоса Щучинск қаласындағы екі колледжде жыл сайын жүзден астам гид-экскурсия жүргізушісі курстан өтуде.
Алайда, кемшіліктер де жоқ емес. Облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдиннің көтерген мәселесінде айтылғандай, осы күні Бурабайдағы гид-экскурсия жүргізушілердің кәсіби шеберліктері мен білімдері сын көтермейді. Сондықтан, басқарма басшысына осы бағытта нақты жұмыс жасау туралы ұсыныс жасалды. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов те өңірге туристердің келуі көрсеткішінің жыл өткен өткен сайын артуының орнына сол қалпында қалып отырғанын  атап өтті.
Мәжіліс барысында тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану орталығының директоры Талғат Ыбыраев пен  балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология облыстық орталығының директоры Арман Өмірзақовтың баяндамалары тыңдалып, кейбір күрмеуі қиын мәселелерді бірлесіп шешу жолдары қарастырылды.

Аслан Оспанов.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *