Қолдан жасалған аштық немесе қаралы жылдар зобалаңы

 

Өткен тарих тұңғиығына көз жүгіртсек, қазақ даласында жасалған қаскөйлік саясаттың зардабының аса ауыр болғандығын жан дүниемізбен сезінеміз. Сан түрлі зобалаңның шырмауында қалған  халқымыздың саны ойсырай кемісе де, көңілі тарылмаған екен. Басқаларға деген кеңпейілдігі мен қонақжайлығынан айырылған емес.

 

«Ақтабан шұбырындыдан» аман қалған ел қызыл империяның қырғынына тап болып, қатты қиналды. 1916 жылғы Ұлт азаттық көтеріліс, одан кейінгі кәмпеске, отырықшыландыру, қолдан жасалған аштық зұлматтары, қудалануы, өлім жазасына кесілуі – қазақ халқының басына түскен зобалаң  түрінде тарихта ұмытылмай қала бермек.
Еуразияның тап ортасында жатқан ұлы даланың төлтума халқы ашаршылық жылдарында айтып жеткізгісіз қысастық пен қиянаттың ауыртпашылығын тартты. Сәлемін: «Мал-жан аман ба?» деп бастайтын қазақ табиғатына тән төрт түлігінен айырылып қалғасын, тамыры үзілген өсімдіктей лезде солып қалды. Елдің ішінде шаш ал десе, бас алатын шолақ  белсенділер пайда болып, сол кездегі голощекиндік «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген ұранды артығымен орындап, жекеменшіктің есебіндегі бар 40 миллион малды көзді ашып жұмғанша жойып жіберді.
Осылайша кеңестiк билiктiң қаскөй саясаты халықты «жасанды» аштыққа душар еттi. Аш-жалаңаш қазақтар көршiлес Қытай, одан әрi Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге үдере көшуге мәжбүр болды. Сол қиыншылықты көзімен көрген атақты дінтанушы ғалым, Құран кітабын қазақшалаған Халифа Алтайды  90-шы жылдардың басында Ақмола өңірін аралаған тұсында көргенбіз. Ол кісіге  жолсерік болғасын көптеген әңгімесіне қанық болдық. Қытайда мәдени революция басталып, қудаланған қазақтар Түркияға бас сауғалағанда Халифа Алтай  сол көпшіліктің ішінде болыпты. Көрген қиындықтарын, жол азабын тартқан әңгімесін естіген жұрттың көздерін жиі-жиі сүртіп отырғандары әлі есімде.
Заманында көрнектi қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов сияқты тұлғалардың жанайқайын коммунистік партия көсемдері естімеді немесе естігісі келмеді. БК (б) П ОК-інiң бас хатшысы И.В.Сталин мен Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.И.Голощекинге жолдаған Т.Рысқұловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бесеудiң хаты» және басқа ресми хаттарда қазақтың қынадай қырылуы мен жаппай көшуiнiң себептерi, ұлттық демографиялық апат, оны айғақтайтын сандық мәлiметтер нақты көрсетiлдi. Бiрақ, кеңестiк билiктiң жауабы қатқыл шықты. Қазақ зиялылары «халық жауы» деген желеумен жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбанына айналды. Ал, 1929-1931 жылдардағы 80 мың адамды қамтыған  шаруалар көтерiлiстерi аяусыз басып-жаншылды.
Ерейменнің тумалары – атамыз бен әжеміз сол зұлмат заманның шынайы куәгерлері болған. Бала саны көп қазақ үйлерінің Ақмола дуанына қарай үдере көшкендерін, жол бойы сай-салада шашылып жатқан адам сүйегінің көптігін жиі айтып, бас шайқап отыратын. Мылтықсыз аң аулауды жақсы меңгерген ұлы даланың ұландары сол кезде үлкендерге қамқорлықтарын да шама-шарқынша жасай білген екен. Әкем Сәлкеннің замандасы Жапар деген кісі 12-13 жасында жылқының қылынан тұзақ құрып, түскен құр мен қояндарды кешке таман алып келіп, аш  отырған ауылдастарын асырапты. Сол саятшылық өнерінің арқасында ол кісі қиын шақта тірі қалып, Ұлы Отан соғысына қатысып,  елге аман-есен оралған.
    Тағы да бір есімде қалған бір әңгімені аштықты  көзі көрген үйдің үлкендерінен естіген едім.  Ашаршылықтан әбден қажыған үйдің иесі көзі қарауытқаннан баласын әлдилеп отырған келіншегіне қолын созып, сәбиді тартып алмақ болады. Далаға тұра қашқан әйел күйеуіне харамдық іс жасауға мүмкіндік бермепті. Ұзын сөздің қысқасы, әке аштықтан көз жұмса да ана баласын өлімнен арашалап қалады. Сол жігіттің үлкен азамат болғанын, анасын жас баладай мәпелеп күткенін біздің үйдің үлкендері зор мақтанышпен айтып отыратын. Бұл өткен өмірдің шынайы бір мысалы.
Жүрек ауыртатын канибализм туралы да көп естідік, білікті тарихшылардың еңбектерінен оқығандарымыз да аз емес. Американдық ақ нәсілшілдер жергілікті үндістерді құрту үшін олардың негізгі қорегі болған жабайы  бизондардың көзін жоюға күш салған екен. Ал, Голощекин қазаққа осыған ұқсас саясатты қолданып, өмірлік азығы әрі кәсібі болған төрт түлігін тартып алды. Бұдан асқан сорақылық болмас. Қазақтың «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қатты тентірегені осы бір қаралы кезең.
1932 жылдың нәубетіне 85 жыл толып отыр. 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мəліметтері бойынша, Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың
1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5 мың адамға кеміген. Осы кемуден 1 миллионнан астам босқындарды шығарып тастасақ, 1930-1933 жылдардағы аштық құрбандарының 2 миллион 200 мың адамнан асып түсетінін байқаймыз. 1992 жылы осы мəселені тексерген арнайы комиссия «Қазақ елі аштықтан жəне соған байланысты індеттерден, сондай-ақ, табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни, барлық қазақ халқының 48 пайызынан айырылды», – деп нақты тұжырымдама жасады. Қазір белгілі болып отырған жағдай, 1930-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылықта негізінен, жас балалар мен əйелдер көп қырылған.
1897 жылғы патша өкіметінің санағына қарасақ, қазақтар көрші өзбек ұлысынан үш есеге жуық артық, яғни, 4 миллион 84 мың адам болыпты. Аштықтың ащы дəмін татпаған өзбек халқы бұл күндері 30 миллионға жуықтаса, қазақтарды шетелдегі қандастарымен қоса есептесек, орташа болжам бойынша саны 15-17 миллион шамасында ғана. Мұны еске алғанында кейбір тарихшылар: «Егер де 1930-1933 жылдары елімізде қолдан аштық жасалмағанында, қазақтардың саны 60 миллионның үстінде болар еді», – деп те ой толғайды.
Голощекин тұсында асыра сілтеушіліктің шын мəні саяси бүркемеленсе де, ол қызыл империя үстемдік құрған шақта айтуға да, жазуға да тыйым салынған мəселе болса да, кейін бұл əлеуметтік апат – «Қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» деген тарихи атауға ие болды.
Белгілі демограф М.Тəтімов пен тарихшы Т.Омарбеков айтқандай: «Голощекиндік зұлматтың қазақ халқына алып келген шығыны əлем тарихында (пайыз есебімен) гитлершілдердің Еуропадағы еврейлерге жасаған сойқанымен пара-пар. 1932 мешін жылы болған бұл зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі» болып саналады. Бұл қаралы кезең қазақ халқының  өткен тарихындағы ең бір ұмытылмас ауыр қасірет болып мәңгі қалады. Оны білу – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар