Орман-тоғайымыз ойсырап қалмасын десек

жаз айларында өрттен сақ болайық

Орман баға жетпес байлығымыз екендігін елдің бәрі біледі. Сол қымбат қазынамызға қауіп пен қатердің қайдан төнетіндігін түсініп-түйсініп тұрсақ та, кей кезде жете мән бере бермейтініміз өкінішті-ақ. Сондықтан, ежелден ит тұмсығы өтпейтін орман-тоғайымен, қолдың саласындай ақ қайыңдарымен, мәңгі жасыл қарағайларымен даңқы көкке өрлеген Қорғалжын мен Көкшетаудың арасындағы сулы, нулы жердің тамаша табиғаты туралы тағылымды әңгіме сабақтасақ деп едік.
Орман жер бетіндегі тіршіліктің көзі, сондықтан, біздің міндетіміз – оны келешек ұрпақ үшін, тілсіз жаудан, заңсыз ағаш кесуден, адамдардың ұқыпсыз пайдалануынан сақтау.
Облыс аумағындағы орман өрті орын алса, әсіресе, ұзаққа созылған қуаңшылық жылдары жүздеген гектар жерге таралып, жалыны тиген жердің бәрін тып-типыл ететін қасіретті құбылыс. Өрт орманға айтарлықтай көп кесірін тигізеді және экономикаға орасан зор зиян келтіреді. Өрт бола қалған жағдайда қажетті сүрек жанып кетеді немесе зақымдалады, орманның табиғи қайта түлеуі жойылады. Зиянды орман жәндіктері орман өртінен нашарлаған сүрек-діңдерге қонып, тез көбейе бастайды да, кейіннен олар жанында өсіп тұрған сау ағаштарға ауысып, оларды зақымдап, шірітеді. Аяуды білмейтін жалын орман ішіндегі құстардың ұясы мен жан-жануарлардың қоректік базасын да жояды.
Облыс бойынша соңғы алты жыл ішінде 263 орман өрті оқиғасы орын алды, 2 816 гектар жерді, оның ішінде 1 556 гектар орман алқабын шарпыды.  Табиғатқа келтірілген зиян мөлшері  58 миллион
134 мың теңге деп есептеліп отыр. Жүргізілген талдауға сәйкес, осы жылдар ішінде облыстың орман қорында орын алған өрттің 83 пайызының шығу себебі анықталған жоқ. Оқыс оқиғаларды талдасақ, өрттің 15 пайызы найзағайдан, 4 пайызы тұрғындардың бейқамдығынан,  2 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарының кесірінен болған екен. Орман өртінің алдын алу үшін алдымен табиғаттың пайдасы туралы таратып айта келіп, адамдарды табиғатты пайдалану мәдениетіне тәрбиелеуіміз керек. Осы орайда, әр жыл сайын халықпен жүздесіп, өздері тұрып жатқан өлкедегі табиғатының игілігін, әр күн сайын көріп жатқан жаратқан ие сыйлаған осындай ғажайып өңірдің ажарына ақау түсірмеу үшін шынайы жанашырлық, қалтқысыз қамқорлық керек екені айтылады. Осы сөзімізді нақты деректермен көмкеретін болсақ, алдымен тұрғындар арасында сұрау салу өткізілгендігін тілге тиек етер едік. Сол кезде сұрау салынған адамдардың 60 пайызы орман өртінің шығу себептерін, оның таралу жылдамдығы мен дамуын, экологиялық және шаруашылыққа келтірген зияны туралы білмейтін болып шықты. Орман қойнауында табиғатпен тыныстап, демалушылардың 80 пайызы өрт қауіпсіздігі ережесімен таныс емес екен. Оның үстіне бұрын көңіл аудара бермегендіктен тілсіз жау, айтып келмейтін апат өрттен абай болу дағдыларын меңгермеген.
Шынтуайтында орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу бір адамның немесе бір мекеменің жұмысы емес, жалпыхалықтық міндет десе де болады. Негізінде, орманды өрттен қорғау жауапкершілігі орман шаруашылығы мен аумағында ормандары бар билік органдарына жүктелген. Орман шаруашылығы жүйесінде арнаулы жер үстіндегі және авиациялық қызмет орындары бар. Олар орман өртінің шығуы мен таралуын ескерту, оны анықтау  мен сөндіру бойынша өрістетілетін жұмысқа бақылау жасайды.
Орман шаруашылығы мекемелерінің өртке қарсы тиісті ретке келтіру бағытында құқығы едәуір кеңейтілді. Соңғы жылдары қажетті техникалық құралдар өткен жылдармен салыстырғанда молырақ бөлініп, мемлекеттік бюджеттен ормандарды күзетуге бағытталатын қаржы көлемі көбеюде. Алдын алу мақсатында мемлекеттік орман иеленушілері өрт маусымы басталғанға дейін құрғақ шөпті бақылап тұрып жағып жіберді, минералданған белдеу мен өртке қарсы тосқауыл құру бойынша іс-шараны жоспарлап қояды. Бұқаралық ақпарат құралдарында өртке жол бермеу, тамаша табиғатты аялай білу тақырыптарында танымдық материалдар жариялап, көпшілікке нақты жағдайды жеткізіп отыруға тиісті.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті үстіміздегі жылдың 17 қаңтар күнгі «2016 жылдың өрт қаупі мол маусымының қорытындысы мен 2017 жылдың өрт қаупі мол маусымына дайындық жөніндегі міндеттер туралы» бұйрығын шығарды. Бұйрыққа сәйкес облыс әкімдігінің орман шаруашылығы құрылымдық бөлімшелерінің, орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің, облыстың табиғатты қорғау мекемелерінің, инспекция мамандарының қатысуымен өткен жылы көптеген іс-шаралар өткізіп, орман көлемін көбейту және оны сақтау бойынша алдағы жылы атқарылатын міндеттер межесі нақтылы белгіленді. Асқаралы міндеттер ішінде алдымен өрт қаупі мол маусымға мұқият дайындалу мәселелерін қамтып, нақты жоспар бекітіліп, жүйе-жоба анықталған келелі кеңес өткізілді.
Инспекция табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті және «Өрт сөндіру мен апаттан құтқару жұмысы қызметі» мемлекеттік мекемесі, азаматтық қорғаныс тәрізді бірқатар басқармалармен бірлесе отырып, болуы мүмкін орман өртімен күресу және тілсіз жаудың алдын алу бағытында атқарылатын ауқымды іс жөнінде нақты келісімге келді. Сонымен қатар, құқық қорғау және табиғатты қорғау ұйымдарымен табиғатты қорғау заңнамасының бұзушылығымен күрес жөніндегі бірлескен іс-шаралардың және өсімдіктер мен жан-
уарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігін сақтаудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспары пысықталды.
Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында инспекция мамандары облыс әкімдігінің қарауындағы мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінің, «Бурабай», «Бұйратау», «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің, «Сандықтау» мемлекеттік мекемесі, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігіне ведомстволық бағынышты ұйымдарының, автомобиль және темір жол бойында орман белдеуінің күзетілуіне жауап беретін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания-сы» акционерлік қоғамының ормандағы өрт қаупі мол маусымға дайындығын тексерді. Тексеру барысында облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің құзырында өрт сөндіру техникалары мен арнайы құрал-жабдықтары бар екендігі белгілі болды. Солай бола тұра, шындығын айтқанда, кейбір арнайы техниканың, машина мен құрал-жабдықтардың жекелеген түрі қажетті нормаларға сәйкес келмейді. Өрт сөндіру автомашиналары мен тракторлардың 70 пайызының тозығы жеткен. Барлық мемлекеттік мекемелерде тракторлар, өртке қарсы іс-қимыл агрегаттары, мотопомпалар, жағу аппараттары, көбік жасайтын құрылғы мен басқа да жабдықтар жетіспейді. Техникалардың барлығы дерлік Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 18-02/54 бұйрығымен бекітілген. Тағы бір өкінішті жері, орман өрті станциясы туралы ережеге сәйкес жарақталмаған. Бұдан басқа, инспекция табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың сәуір айында тиісті мекемелермен семинар сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр. Өрт қаупі күшті маусымда облыс ормандарын «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің 3 тікұшағы күзетуге қатысады. Әр күн сайын әуеден барлау жасалады. Барлау жасайтын қызмет орындарының ең басты міндеті – орман алқаптарында шыққан өрттің кең көлемде таралуына жол бермей, бірден сөндіру.
Табиғат көктем келісімен кең тыныстап, қалыпты тіршілігін жасайды. Жасыл желекке малынған қалың орман іші өзгеше күйге еніп, қатал қыстан кейін өз тіршілігін бастап, мамыражай қалыпқа енеді. Қандай әсем, қандай әдемі. Сол әдемілікті, табиғаттың салтанатын сақтап, байлығымызды бағалай білу қажет-ақ.  
Сөзімізді түйіндей келе, орманның пайдасы туралы оқырманға тағы бір тәптіштеп айта кеткеніміз артық болмас. Жадыраған жаздың тамылжыған бір күнінде  1 гектар жапырақты орман 120-150 келі жаңа құрғақ фитомассаны жасайды, 220-275 килограмм көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-215 килограмм оттегін бөліп шығарады. Түсінікті болу үшін қарапайым тілмен айтатын болсақ, 500-дей адамды 10 сағат бойы оттегімен қамтамасыз ете алады.
Біз барлық азаматтардан өрт қауіпсіздігі талаптарын және ормандағы санитарлық ережелерді мұқият сақтауды сұрар едік. Табиғатқа деген көзқарасымызды өзгертіп, жанашырлық танытайық.

Арман ТҰРЫМБАЕВ, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар