От пен су – тілсіз жау

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов жазғы маусымда орман және дала өртінің алдын алу,  суға түскенде сақтық шараларын ескеру мәселелері бойынша брифинг өткізіп, осы бағытта  өздері атқарып жатқан жұмыстарды ортаға салды.

Департамент басшысының айтуынша, биылғы жылы облыс аумағында бес орман өрті мен құрғақ шөптің жануының отыз оқиғасы тіркелген. Өткен жылы орман алқаптарында 21 өрт болды. 177 рет 1536 гектар алқаптың құрғақ шөбі жанды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес облыстың орман қоры аумағындағы өрт қауіпсіздігін орман шаруашылығының аумақтық инс-пекциясы мен орман иелері бақылайды. Дала өртін сөндіру аудан әкімдіктеріне жүктелген. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес 15 сәуірден бастап облыста өрт қаупінің маусымы басталды. Жыл басында облыс әкімінің қаулысымен орман өртінің алдын алу және өртпен күрес бойынша шаралар жоспары бекітілді. Мұндай жоспарды Ішкі істер министрлігі де жасады. Мамыр айының басында Ұрымқай орман шаруашылығында «Өрт-2017» оқу-жаттығуы өткізіліп, оның барысында даладағы  өртті сөндіру бойынша адам күші мен техниканың қимылы сынақтан өтті.
Биылғы жылы ғарыштық мониторинг қызметімен келісім-шарт жасалған. Өткен жылы осының көмегімен 39 от ошағы анықталып, 5 орман және 25 дала аумағының жануы жедел сөндірілді. Мамыр айының соңына дейін осындай қауіпті аумақта және орман алқабында орналасқан орман шаруашылықтары, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс орындары, сондай-ақ, пансионаттар мен шипажайлар да тексерістен өтеді. Өткен жылы осы тұрғыда 22 нысан тексеріліп, өрт қауіпсіздігі ережесі 69 рет бұзылғандығы анықталды. Жылда көктемгі егіс жұмысы, сондай-ақ, мамыр мерекелері күндері дала өртінің алдын алу мақсатында департамент жергілікті полиция қызметі, аумақтық орман шаруашылығы инспекциясы және облыстық табиғи ресурс-тар басқармасымен бірлесіп, рейдтер жүргізеді. Мұндай жедел топтар облыстың барлық өңірлерінде бар. Соңғы рейдтер нәтижесінде 13 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда. 2010-2016 жылдары департамент жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы меншігіне 23 өрт автоцистернасын бөлді. Өрт қаупі маусымында 199 техника, 3 сусорғыш станция, 506 отсөндіргіш, 13 мотопомпа және 1500 арнайы құрал дайындалып, таратылды.
Облыс аумағында 754 су көзін тұрғындар шомылуға және балық аулауға пайдаланады. Өткен жылы оларда 22 адам суға кетті. Оның біреуі кәмелет жасына толмаған бала. Мұндай оқиғалардың бәрі күзетілмейтін тоғандарда тіркелген. Биылғы жазғы маусымда құтқару отрядтарында балаларды суға жүзуге үйрету қолға алынғалы отыр. Суға түсетін арнайы жабдықталған 66 орын көбіне курортты аймақтар – Бурабай мен Зеренді аудандарына тиесілі. Өткен маусымда облыс бойынша жүз құтқарушыдан тұратын 32 бекет жұмыс істеді. Биылғы жылы да бұл жұмыс одан әрі жалғасын табатын болады. Құтқарушылар облыстық білім, туризм, денешынықтыру және спорт басқармаларымен бірлесіп балаларды суда жүзуге үйретуде де біршама жұмыстар жүргізуде. Осы жөнінде айта келіп, департамент басшысы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс халқын тілсіз жау – от пен судан сақ болуға және орман-тоғайды өрттен сақтауға белсене атсалысуға шақырды.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар