«Прокуратура туралы» заңды орындауға жұмылуда

Облыс прокуроры Тимур Тәшімбаевтың төрағалығымен прокуратура органдарының алғашқы жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Оған консультативтік кеңес мүшелері де қатысты.

  Алқа мәжілісінде аудан прокурорлары жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» заңы шеңберінде атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндады. Бүгінде қоғамда үлкен пікір туғызып жүрген бірқатар өзекті мәселелерді жедел шешуге арналған прокуратураның мұрындық болуымен жасалған бағдарламаларды жүзеге асыру жайы да әңгіме болды. Солардың бірі ретінде адамдарды, әсіресе, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтамасыз етуді жақсартуға игі ықпалын тигізетін шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламаны атап өтуге болады. Соңғы кезде белең алып кеткен кісі өлтіру түріндегі аса ауыр қылмыстың бәрі дерлік арақ ішкен жұмыссыз адамдардың қолымен жасалғанын статистикалық деректер көрсетіп отыр. Аталмыш бағдарлама ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтуды, жергілікті полиция қызметінің материалдық базасын жақсартуды қамтиды. Осы арқылы бұл қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік бар.
Алқа мәжілісінде аймағымыздағы криминогендік ахуал туралы да жан-жақты әңгіме болды. Атап өтерлігі, облысымыздағы қылмыстық жағдай біршама тұрақты болып отыр. Жалпы, қылмыс көлемі 20 пайызға төмендесе, оның ішінде ауыр қылмыстар 19 пайызға, орта дәрежедегі қылмыс 17 пайызға кеміген.  Облыста прокуратураның бастамасымен «Ұрлыққа – тосқауыл» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы жобаның нәтижесінде соңғы жылдарда ұрлық 13 пайызға, оның ішінде пәтер ұрлығы 10 пайызға, белең алып кеткен ұялы телефон ұрлығы  30 пайызға төмендеген. Бұл бағыттағы жұмыстар онан әрі жалғастырылмақ.
Еліміздің ішкі қауіпсіздігіне қатер төндіретін экстремизмге қарсы күрес жұмыстары да прокуратураның назарынан тыс қалмайды. Осы мәселеге арналған арнайы бағдарлама жасалып, жұмыс шаралары бекітілген. Қадағалаушы орган қылмыстық атқару жүйесіндегі заңдылықтардың сақталуына да үнемі назар аударып отырады. Түзеу мекемелері осыған орай жұртшылыққа барынша ашық бола түсті. Әрбір түзеу мекемесінің өз сайты бар және онда атқарылып жатқан жұмыстар түгел көрініс беріп тұрады. Соңғы кезде скайп арқылы жазасын өтеушілердің өз туыстарымен, таныстарымен жүздесіп, сөйлесуі жүзеге асырылуда.
Қоғамдық тұрақтылықты сақтауда еңбек ұжымдарының жалақыны уақытында беріп отыруының маңызы зор. Жалақы қарызы мәселесі әрдайым прокуратураның ерекше назарында ұсталады. Бүгінгі күні облыс бойынша еңбек ұжымдарының 30 қызметкерге 10 миллион теңгедей жалақы қарызы бар. Жыл басында қарыз көлемі  300 миллион теңге болатын.  Алқа мәжілісін қорытындылаған облыс прокуроры прокуратура қызметкерлерінің алдында тұрған міндеттерге тоқталып, атқарылатын жұмыстар жайлы айтып, нақты тапсырмалар берді.  
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар