Салымшылардың мүддесі басты назарда

Еліміздің барлық азаматтары үшін  зейнетақы қоры маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Газетіміздің тілшісі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалының басшысы Аяш Кеншінбаевамен кездесіп, зейнетақы қорына қатысты бірқатар мәселелер бойынша  сауал қойған еді.

 

– Аяш Хакімқызы, салымшылардың құқықтары мен міндеттері туралы айтып берсеңіз?
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына сенім білдірген салымшыларымыздың бәріне ең әуелі олардың міндеттері мен құқықтарын түсіндіреміз. Олар  өз зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алады. Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шешіміне, әрекетіне немесе сот тәртібімен шағымдануға да  құқылы. Салымшылар өз зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыруға, өзінің  зейнетақы жинақтары есебінен сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасауға құқы бар. Және зейнетақы қорымен шарт жасай алады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы. Салымшылар міндетті зейнетақы жарналары мен кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтініш беруге міндетті. Айта кететін жайт,  жеке тұлғаның  кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін  ашылған   шоты болған жағдайда екінші рет   шот ашуға өтініш берілмейді.
– Салымшылар өз зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты қалай алады?
– Салымшылар зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары  жайлы толық  ақпаратты  www.enpf.kz   сайтынан біле алады. Және де  салымшылар   зейнетақы жинақтары  туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ұялы телефондарға  арналған арнайы қосымшасы арқылы да көре алады. Оған қосылу үшін салымшы логин мен парольді пайдаланады.
– 2018 жылы зейнетақыны қайта есептеу қалай жүзеге асырылады?
– 2015 жылғы 2 тамызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері заңнамалық актілері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы заңға сәйкес, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақы жүйесіне біршама өзгерістер енгізіледі.  Оның ішінде, жинақтаушы жүйеге қатысу өтіліне қарай зейнет жасына толған кезде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізу қарастырылып отыр.  Мысалы, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған немесе мүлдем болмаған кезде базалық зейнетақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс  шамасының 50 пайызына тең болады, оның мөлшері 10 жылдан артық зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің әрбір толық жылы үшін 2 пайызға көбейеді, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс шамасының 100 пайызынан аспайды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдерге зейнетке шығу жасы 58,5 жасқа ұлғайтылады және одан әрі жыл сайын 6 айға ұзартылып, 2027 жылдың
1 қаңтарында ол 63 жасқа жеткізіледі.
– «Қазақстан Даму банкіне» Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан бөлінген 15 миллиард  теңге
ЭКСПО-2017 аумағында орналасқан нысандарды салуға жұмсалады деген ақпарат бар. Осы  мәселеге орай және  жалпы қор қаражатының жұмсалу тәртібі жайлы кеңірек  айтып берсеңіз?
– Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі басқарады, ал, инвестициялау жайындағы ұсынымдарды  Ұлттық қорды басқару кеңесі әзірлейді. Елбасымыздың Бірыңғай жинақтаушы  зейнетақы қорындағы қаражатты еліміздің экономикасын дамытуға салу туралы тапсырмасы аясында  Ұлттық банк инвестициялық декларацияға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының  қаражатын квазимемлекеттік компанияларға, оның ішінде Қазақстан Даму банкіне де берген. Ішкі экономикамызды дамыту үшін, түрлі жобаларды іске асыруға, сонымен қатар,  қайтару мерзімі белгіленген нарықтық жағдайларда индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасының аясында қаржыландыруға салынады. Зейнетақы қорынан инвестицияланатын қаражаттың жоғары экономикалық қорғау күші бар. Оның қайтарылатынына кепілдікті шығарушы  Қазақстан Даму банкі және  мемлекет береді. Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қоржынындағы Қазақстан Даму банкінің қаржы құралдарының жиынтық үлесі шамамен 3,3 пайыз болып отыр.  Бұрын айтылып өткен 15 миллиард  теңге көлеміндегі сома зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің  шамамен 0,2 пайызын құрайды.  Қазақстан Даму банкінің облигациялары Қазақстанның қор биржасында нарық талаптарына сай  сатып алынды,  оның өтелгенге дейінгі кірістілігі  14-15 пайыз.  Үстіміздегі жылдың  тамыз айында облигацияларды орналастырудан тартылған қомақты транш бір жылдан кейін өтелуі тиіс. Мұндай қомақты қаражатты Қазақстан Даму банкі банкаралық кредиттеу арқылы өңдеу саласы  өнеркәсібіндегі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің айналым капиталын толтыру үшін жұмсамақ.  Купондық облигациялар да бар. Олардың мерзімі 10, тіпті 15 жылға дейін барады. Бұл облигациялар бойынша купон төлеу әр жарты жыл са-йын жүзеге асырылады.  Бұл – салымшы алатын табыс. Қазақстан Даму банкіне инвестицияланған қаражаттың Қазақстан Даму банкінің облигациялар шығарылымы талаптарға сәйкес қайтарылады.  
– Әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің 50 пайыз  жарналарын аудару рәсімі аяқталды. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Иә, аталған іс-шараларды жүзеге асыру биылғы жылдың ақпан айынан басталды. Жоспарлардағы белгіленген мерзімдер мен іс-шаралар Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, Ұлттық банк  пен тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілді. Әскери қызметшілердің және әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің пайдасына бұрын бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналарының 50 пайызын республикалық бюджетке қайтару азаматтарды толығымен мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшіру үшін міндетті талап болып табылады. Сондықтан да, бұл шара олардың зейнетақысын едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.  
– Әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тоқтатылғаны белгілі. Осы жа-йында  не айтасыз?
–  2016 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тоқтатылды. Осы кезеңнен бастап міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызын жеке зейнетақы шотынан есептен шығару туралы  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының растау анықтамасы негізінде 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілі 10 жылдан аз болған әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің зейнетақысы  қайта есептеледі.
– Әңгімеңізге көп  рахмет!

Әңгімелескен Назгүл РАБИЛОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар