Шындықты жырлаған ақын

Қазақ ақынға кенде болған жоқ. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген жыраулардан бастап, бүгінгі күнге дейінгі поэзия әлеміне зер салсақ, ақындар өз заманындағы халқының жеңісін, шаттығы мен қайғысын алғашқы жеткізушілердің бірі болған. Олар халық тағдырын өз тағдырынан биік қойды. Сонау Ұлы Абай атамыз бастаған жолды Кеңес дәуірі мен қазіргі заманда Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзаәлі, тағы басқалары лайықты жалғастырды. Солардың бірі – Жайық Кәгенұлы Бектұров еді.

 

Жақаңның өмір жолы ауыр болды. Бес жасқа келгенде Қазан төңкерісі болып, Кеңес үкіметі орнады. Жаңа ер жете бастағанда байларды тап ретінде жою науқаны жүрді. Оған ауқатты тұрған Бектұровтар әулеті де ілікті. Жерлерін тартып алып, кедейлерге таратты. Одан отызыншы жылдардың басында қазақ халқы жаппай аштыққа ұшырады. Қазақтың белгілі ақыны Әбу Сәрсенбаев сол кезең,  Жайық ағамыздың ақындығы жайлы былай дейді: « …1933 жылы қазақ сорлының қара шыбындай қырылғанын өз көзіммен көргенмін. Міне, нағыз зар заман осы тұс еді. Сені сол зар заман ақындарының бастауы дер едім. Сол кезде сенен артық жазған адам жоқ».
Халықтың аштықтан аман қалғандары енді еңселерін көтере бастағанда 1937 жылдың ойраны басталды. Халқымыздың білімді, бетке ұстар азаматтарын атып, атпағандарын ұзақ жылға ит жеккенге жіберді. Кейін Жайық Кәгенұлы да Сталиннің «шипажайының» дәмін татып келді. Екінші дүниежүзілік соғыста қанша боздақтарымыз майдан даласында қалды, аман оралғандардың біразы мүгедек болды. Кейбір жау қолына түскендері, елге келген соң үш әріптің қармағына ілініп, Сібірге айдалып кетті. Жайық Бектұровтың басынан кешкен оқиғалары өлеңдерінің арқауы болды. «Ыстық карцерде» деген өлең жолдарында көрген азабы туралы шынайы баяндайды. Содан бір шумақ:
Өлім де, өмір де естен шықты,
Япырмау, өлмеген жан неткен мықты.
Жатырмын шалажансар дымым құрып,
Жендеттер тас қуысқа сүйреп тықты.
Айдауда жүргенде тайгадағы суық карцерде көрген бейнетін де осылай өлең арқылы өз халқына жеткізді.
Сібірден жазасын өтеп оралғаннан кейін ел астанасы Алматыда тұруға рұқсат бермей, қызмет таба алмай, бұрынғы қызметтес болғандардың көпшілігі теріс айналып, тіпті, Алматыда қонатын жер таба алмай қатты қиналып, біраз сергелдеңге түседі. Міне, өзінің басынан өткен жағдайын былай жырлайды:
Міне, енді қаңғып жүрмін өз қаламда,
Түнеймін босағада, көше, алаңда.
Шошыған ұясынан бозторғайдай,
Дәл біздей не ел  көрдің бар ғаламда?
Көбісі мені көріп сырт айналды.
Күйінем, құр кіжінем, кек қайнады.
Біреуі «өзің ғой деп отты басқан»,
Кекетіп, мұқатқандай гүл жайнады.
Міне, осы жүз отыз тоғыз шумақтан тұратын «Қарындасқа хат» өлеңінде сол кезеңдегі халықтың психологиясын өте нанымды етіп суреттейді. Өлеңді оқып отырып, сол кездегі жағдайды толық көз алдыңа елестете аласың.
Жақаң қай жерде жүрсе де туған елін, жерін ұмытқан емес. Ақмола облысы, Ақкөл ауданы Амангелді ауылы өңірінде Желқызыл атты жер аты бар. Табиғаты әсем, қалың орман, баурайы көк майсалы, бұлағы ағып жатқан, жазда жидегі мол жер. Осы өңірде әкесі Кәген, басқа ағалары, өзі туып-өскен. Туған жеріне отыз бес шумақ өлең арнапты. Туған жерімен сырласыпты. Содан бір үзінді:
Ішіктің жағасындай Желқызылым,
Таппаспын сенен сұлу жер жұлдызын.
Адамзат қолдан егіп жарата алмас,
Дәл сендей сырлы арал, жер құндызын.
Бірнеше арнау өлеңдері бар. Олар Қорқыт атаға, Біржан салға, Ұлы Абайға, тағы басқаларына арналған. «Сұрапыл» деген өлеңін асыл ағаларға арнапты. Ол асыл ағалар жаланың құрбаны болып, айдаудан аман-есен оралғандар. Бұл өлеңде Жайық аға өзінің қуанышын былайша білдіреді.                                 
Ағалар келді ақталып,
Тұрмын соған шаттанып.
Көз тимесін, тіл өтіп,
Жүрші әлі де сақтанып.
Осы қуануымен бірге, келешекте мұның қайталанбауын тілейді. Жас бүлдіршіндерге арналған өлең жолдары да бар.
Жайық Бектұровтың өлеңдері тарихи шындыққа негізделген. Өзі өмір сүрген кезеңді толық қамтыған десек артық  айтқандық болмас.
Ойымды филология ғылымының докторы, профессор, марқұм Тұрсынбек Кәкішевтің сөзімен аяқтағым келеді: «Егер қайта құру заманы кезінде әдебиетте жаңа талпыныс пайда болды десек, онда ол дәуір «сыйын» көп көрген Жайық Бектұров… шығармасынан басталады деу орынды».
Еркін Дәуешұлы, жайықтанушы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар