Құт қонған Қарабауыр

Үйір-үйір жылқы, табын-табын ірі қара, отар-отар қой-ешкі ұстайтын «ЖАС» шаруа қожалығының басшысы Жылқыбай Ғалиақпаров «Құлан» бағдарламасы аясында «Мұғалжар» тұқымдас жылқылар сатып алды. Алдағы уақытта кәсіпкер ірі қара мал басын 1 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

Біз мінген жеңіл автокөлік Абылай хан ауылдық округіне қарасты Қарабауыр ауылына бет алды. Жол бастап келе жатқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нариман Төлепов ауданда мал басының көбейіп келе жатқандығы жөнінде әңгіме өрбітті. Жалпы  Бурабай өңірінде ірі қара 27 мың бас, жылқы 9 мың 600 басты құраса, қой-ешкінің саны 37 мыңға жуықтапты. Мал шаруашылығын «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мықтап қолға алып жатқан көрінеді. Ал, «Тишков», «Омаров», «Береке» және «Беке» шаруа қожалықтары ірі қара малдың басын 200-ден асырған екен.
Әне-міне дегенше Қарабауыр ауылына да жақындап қалдық. Ауылдың оң жағында жатаған тау сілемдері созылып жатыр. Бауырын қыс айларында қар алмағандықтан, ауылдың малы қысы-жазы алты күнде ат семіретін өрісте жайылатын көрінеді. Осы жолы да жота бауырында жайылып жүрген бір табын малды көзіміз шалды. Ауылдың Қарабауыр атануы қар алмайтын жерге байланысты болар деген ой түйдік. Сәлден соң аттың басын ауыл шетінде орналасқан мал қораларына бұрдық. Мұндағы еңбек адамдарымен амандасқаннан кейін шаруа қожалығының нысандарын араладық. Мал жайлап жүрген Азамат Мохимов, Мұрат Сәдуақасов пен Қадырбек Сәтбаевтың қимылдары ширақ. Олар Мақсат Майкөтовтың трактор тіркемесінен түскен бума шөптің жібін лезде шешіп, ірі қараларға үлестіріп жүр. Айыр ұстаған шопандар Дулат Сәдуақасов пен Сабыржан Жұматаев та өз отарларының қасынан табылды. Осы жерде «ЖАС» шаруа қожалығының басшысы Жылқыбай Ғалиақпаровты жолықтырдық.
– Мал бағу ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп,– дейді ол. – Сонау қайта құру кезеңінің басында кеңшардың мал шаруашылығы көп қиыншылықтарға душар болды. Ауыл тұрғындарының көбі тұрмыстың тауқыметімен қалаларға қоныс аударды. Өз басым ата жолын қуу қолымнан келетінін аңғарып, мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім. Бастапқыда ірі қара мал ұстау ауыр болғандықтан, тек қана жылқы бағуды көздедім. Өйткені, көп жеңілдеу. Жылқы қысы-жазы далада жайылып, өз күнін өзі көреді. Тек арасында жабағыларды қорада ұстаймыз. Бірақ, інім – Мұрат бұл пікіріммен келіспей,  «Аға, ірі қарадан айырылуға болмайды»,– деді. Шынында да ірі қара мал ұстау банкке қаржы салған сияқты екен. Ақшадан қысылғанда қоңдысын сатып жібереміз. Ірі қараның еті жыл бойы өз тұтынушысын табады. Жылқы соғым кезінде, қой жаз айларында сұранысқа ие. Ал, қымыз қыстан гөрі жаз айларында жақсы сатылады. Сөйтіп, үш бағытта жұмыс істеп, тауар айналымын жүргізіп отырмыз. Бүгінгі таңда шаруа қожалығы бүтін әулетіміз бен ауыл тұрғындарын асырап отыр. Оның үстіне Бурабайдың демалыс орындары мен шипажайларын мал өнімдерімен қамтамасыз етеміз. Бұл жұмыспен жұбайым Сәуле Ғалиақпарова айналысады.
Жылқышы әкелері Төлеген Ғалиақпаров зейнеткерлікке шыққанда құрығын бес ұлының қайсысы ұстайды деген таңдау да болғаны рас. Сөйтіп, кеңшар мен жекеменшік жылқыларын 10 жыл бағу Жылқыбайға бұйырыпты. 2003 жылы өз отбасымен кеңесіп, шаруа қожалығын ашпақшы болады. Алғашында бұларда тек қана 4 жылқы мен 5 ірі қара мал болған екен. Жұбайы Сәуле сиыр сауып, сүт өнімдерін аудан орталығы тұрғындарына сатып жүріпті. Кейін аналары келіндерін бие сауып, қымыз баптауға баулыған көрінеді. Бұлар базарда қымыз сатады. Бастапқыда қымыздың қадірін жұрт білмегендіктен болар, қымыз сатып алуға ешкім құлық танытпайды. «Қымыздан гөрі арақ ішкенім артық» деген сөздерді де құлақтары шалған. Бірақ, бұлар тайынбады. Қымыздың қадірін жұрт артынан түсінеді деген ой да болды. Айтқандары келді. Қазір той дастарханына қымыз қойыла бастады. Біз қожалықтың Зәуре Ғалиақпарова басқаратын қымыз цехында да болдық. Оның іші тап-таза. Қымыз піспесі механикаландырылған. Мұнда жылына 70 тонна қымыз өндірілетін көрінеді. Бұл да кірістің бір көзі болып отыр. – Жаз айларында 100 бие, қыс айларында 40 бие байлаймыз,– дейді қымыз баптаушы Зура Жақыпова. – Күніне 5-6 рет сауып, әр биеден 5 литр қымыз өндіреміз. Сусынның 1 литрі 600 теңгеден сатылады.
Бүгінгі таңда шаруа қожалығы 350 бас ірі қара, 275 бас жылқы, 520 қой бағып отыр. Мұрат Ғалиақпаров жетекшілік ететін мал шаруашылығында ауылдың 25 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық жұмыстар кезінде олардың саны екі есе артады. Жаңа Қарабауыр ауылынан келетін еңбеккерлер арнайы автокөлікпен тасымалданады. Жаз айларында бес үйірде он бес адам еңбек етеді. Қазір олардың көбі еңбек демалысында жүр. Наурыз айының ортасында биелер құлындай бастайды. Осы кезеңнен бастап ауыл еңбеккерлері өз жұмыстарына кіріседі. Барлығы осы шаруашылықтың арқасында күндерін көруде. Мал өнімдері іргедегі Бурабай шипажайларына тендер  арқылы сатылады. Кейбір мекемелермен келісім-шартқа отырып, мал өнімдері жеткізіліп тұрады. Осыдан түскен қаржыдан малшыларға ай сайын еңбекақы төленеді.
Шаруа қожалығы биылғы жылы мал басын көбейтуді көздеп отыр. Өткен жылы 500 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы салыныпты. Мал қоңды болу үшін азығы мол болуы тиіс. Әзірше, шаруашылықтың егістік алқаптары мен жайылым жерлері аз. Осы орайда, қожалық басшысы Жылқыбай Ғалиақпаров өз сөзінде аудан әкімдігінің қолдауымен ауыл тұрғындарының 4700 гектар жерін түгел алғысы келетінін жасырмады. Жер мәселесі шешілсе, шаруашылықтың жұмысы сөзсіз алға басар еді. Бұдан бұрын жем-шөп дайындау жұмыстары қолмен атқарылыпты. Бұл пішеншілерге көп қиындық тудырған көрінеді. Сондай-ақ, малшылар қыс айларының аязы мен қарлы борандарында маядан шөп жұлатын. Осы орайда, өткен жылы мал азығын дайындайтын жаңа трактор мен шөпті буатын агрегат сатып алынып, бұлардың жұмысы біршама жеңілдеген көрінеді. Қазір бума шөп мал шарбағына техникамен тасымалданады. Мұндай әдісте шөптің сапасы жақсы сақталып, мал сүйсініп жейтін көрінеді. Шаруашылық басшысы өз ісін одан әрі дамыту үшін мал азығын жақсартуды көздеп отыр. Ол үшін біржылдық және көпжылдық шөп егу қажет. Қажетті дәрумені көп мал азығы болмаса, мал өнімдерінің сапасы төмендейтіні белгілі. Егер отбасы 2-3 ірі қара мал ұстаса, жем-шөбін ақтамайды. Бұл әр мал өзін-өзі жеп қояды деген сөз. Ал, малдың басы көбейсе, кіріс көзі ашылады.  Шығынын да жабады. Ол үшін мал өнімдерінің сапасы жақсы болу керек. Осы орайда, қожалық жергілікті ірі қараларды асылдандыру жұмысын қолға алыпты. Асыл тұқымды бұзау 1,5 жылдың ішінде 200 келі ет беретін көрінеді. Шаруа қожалығында қазақтың ақ бас сиырлары көбейіп келеді. Асыл тұқымдылардың жергілікті малдан айырмашылығы жер мен көктей. Екеуін бірдей асырағанда салмақ айырмасы 100 келіні құрайды. Мұнда бұқа екі жылда бір рет ауыстырылып отырады.
– Қой жүнінің бағасы арзан. Дегенмен, ол аяқ астында қалмайды. Үш жүздей саулығымыз көктемде төлдей бастайды,– дейді шаруа қожалығының басшысы Жылқыбай Ғалиақпаров. – Ол кезде қойшылар саны артады. Қозылар бір ай қорада тұрып, сәуір айында өріске шығады. Суыққа үйреніп, ысылады. Өздері жетіліп кетеді. Қойдың саны екі есе өссе, артығын сыйлық ретінде қойшыларға бөліп беремін. Күзде өздері таңдап алады. Шопандар ай сайын 50 мың теңгеден еңбекақы алады. Малымыз ауыра қалса ауылдық округтің мал дәрігері Хасен Құсайыновты шақырамыз. Өз ісін жете білетін маман күні-түні қасымыздан табылады. Оған айтар алғысымыз шексіз.
Бұлар сатып алынған техникалардың тиісті құжаттарын «Қазагромаркетингке» өткізіп, жарты құнын қайтарып алыпты. Әрине, бұл шаруа қожалығы үшін үлкен көмек. Мұнда жылына 70 тонна қымыз өндірілсе, 58 тоннасының әр литрі 60 теңгеден субсидияланады екен. Шаруа қожалығында 350 ірі қара болса, тең жартысы сиыр. Мал азығының бағасын арзандату үшін мемлекет әр сиырға жылына 18 мың теңге субсидия төлейді. Осы қолдаудың бәрін есептегенде қожалық сатып алған техникалар тегін түскен көрінеді. Бұл да жұмыстың алға басуына өз септігін тигізіп отыр. Кіріс артқан сайын мұндағы малшылар, жылқышылар мен шопандардың еңбекақылары өсуде.
Шаруашылық өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін естерінен шығарған емес. Өткен жылы 1,5 миллион теңге бөлініп, мектеп, балалар үйі мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға беріліпті. Ауылға шеттен отбасылар көшіп келген көрінеді. Олардың бәрі қожалықта жұмыс істейді. Малы жоқтардың әрқайсысына бір тайынша мен үш қой беріліпті. Бұл  әлгілердің ел қатарлы тұрып, жұмыс істеулеріне көп қолдау болыпты. Қожалық басшысы өз сөзінде байлыққа құнықпайтынын, еңбеккерлерінің еңбегін жемейтінін аңғартты. Біз де оның еңбексүйгіш әрі қарапайым адам екенін өз көзімізбен көрдік. Мал шаруашылығын дамытып, ел экономикасын еселеуге әлі де елеулі үлес қосады деген сенімде болдық.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар