Тұтынушы сұранысына ие

Елордамыз құлашын кеңге салып, жыл өткен сайын жайнап, жадырап өсіп келеді. Бұл орайда, ірі құрылыс компанияларына, олардың әбден машықтанған шеберлеріне таңданбасқа болмас. Қазақстандық құрылыс материалдарын әзірлейтін зауыттар мен кәсіпорындар  олардан бір елі қалыспай жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, «ЭКСПО-2017» қарсаңында қимылы арта түсті.

Солардың бірі жауапкершілігі шектеулі «Жаңа Сервис-2007» серіктестігі десек, артық айтпаған болар едік. Аудан орталығында өткен жылдың жазынан бері жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның жобалық қуаты 320 миллион теңгені құрайды. Оның тәуліктік газоблоктар шығару мүмкіндігі 300 текше метрге жақындап қалды. 130-ға жуық адам жұмыс істейтін зауыттың өнімі Астана қаласының және алыс-жақын аймақтардың сұранысына ие. Бас қаламыздағы «Bi Group», «Нұр Астана Құрылыс», «Orda – invest»,  «Royal Apartment» сияқты құрылыс компаниялары осы жаңа зауыттың өнімін сатып алып отырады. Себебі, сапасы жоғары қазақстандық өнім зәулім үйлер мен мекемелерді салуға мейлінше тиімді әрі мықты екен.
– Бүгіндері сұранысқа ие болып жатқан біздің материалдарымыз барлық  талаптарға сай, – дейді «Жаңа Сервис-2007» серіктестігінің коммерциялық директоры Қуат Шайықов. –Жылуды сыртқа шығармайтын әрі мықтылығы жағынан мемлекеттік стандартқа сүйене отырып жасалған өнімді Астананың негізгі кәсіпорындары тапсырыспен алып жатыр. Жаңа технология бойынша шығарылатын құрылыс өнімі көлемі жағынан да, бағасы бойынша да олардың талап-тілектерінен шығуда. Қазір Астана аумағында осындай 3 зауыт қатардан қалмай жұмыс істеуде.
«Жаңа Сервис-2007» кәсіпорнының жұмысына облыс басшылары да ерекше көңіл бөлуде. Аудан Астана аймағында орналасқандықтан мұндағы халық саны да жыл сайын өсу үстінде. Қосшы, Қараөткел, Талапкер, Қоянды сияқты ауылдардың тұрғындары ең іргелі ел Атбасар, Бурабай аудандарын артқа қалдырған. Бұлардың кейбіріндегі халық саны ең аз дегенде 25 мыңды құрап отыр. Сондықтан, елорданың іргесінде олардың құрылыс салып жатқандары өте көп. Көпшілігі құрылысқа қажетті газоблоктарды осы «Жаңа Сервис-2007» кәсіпорнынан алуды жөн санайды. Себебі, жолдың арақашықтығы және өнімнің бағасы қалтаға салмақ түсірмейді.
Жаңа зауыттың жыл ішінде атқарған ісін ұлғайған өндіріс алаңына, зауыт цехтарына, еңселі кеңсесіне қарап аңғару қиын емес. Мұнда техникалық жарақтану жағы да жақсы жолға қойылған. Автопаркі түрлі жұмыс көліктеріне толы. Үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіпорынның жетекшілері қазіргі заманғы үлгідегі технология-мен нарық бәсекесінде басқаларға басымдық бермей отыр. Бұл ауданның бюджетіне де елеулі үлес қосуға жол ашқан тиімді іс болды.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар