Тұңғыш кубок тартысты өтті

Щучинск қаласындағы «Жақсы-2» спорт базасында бокстан әйелдер арасында «ТМД елдері кубогі» халықаралық турнирі өткізілді. Ұзын-ырғасы төрт күнге созылған шаршы алаңдағы байрақты бәсекеге Ресей, Украина тәрізді елдердің шойын жұдырықты қыздары қатысты.

Шаршы алаңда кілең ару атой салған аламан кубок тұңғыш рет өткізіліп отыр. Әлі АИБА күнтізбесіне енгізілмеген. Келесі жылдан бастап халықаралық бокс ассоциациясының ресми жоспарына енгізілмек. Содан соң желектілер жарысы кеңінен қанат жаяды деп күтілуде.
Тұңғыш кубок болғанымен, біршама тартысты өтті. Олай болатындығы, боксшы қыздардың бабы мен бағы тең түсіп, шеберліктері жоғары болды. Жарыстың ұйымдастырылуына қатысушылар жақсы баға берді.
48 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы Алина Тұрлыбаева алтыннан алқа тақты, ал, 51 келі салмақ дәрежесінде украин қызы Татьяна Коб топ жарды. Ақтық айқаста ол белгілі былғары қолғап шебері Назым Қызайбаймен жұдырықтасқан болатын. Ал, 54 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Дина Жоламанға тең келері болған жоқ. 69 келі салмақ дәрежесінде де шаршы алаңдағы бәсеке өте шиеленісті өтті. Бұл салмақта Зура Құсайынова жеңіске жетсе, 75 келі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының жүлдегері Дариға Шәкімованың, сондай-ақ, 81 келі салмақ дәрежесінде Мөлдір Базарбаева,  81 келі салмақтан жоғары додада Ләззат Күнгейбаеваның бағы жанды.
Сөз арасында қазақ қыздары сәл қатыгездеу саналатын, аса қиын өнер бокста да ешкімге есе жібермейтіндігін тағы бір дәлелдеп шыққандықтарын айта кеткен ләзім.    
– Бұл турнир біздің жұмысымыздың нәтижесі, орта соғып жатқан олқылығымызды, кейбір қателіктерімізді түзеуге әсер ететін сынақ, – дейді әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк, – біздің қыздар қазір орташа деңгейде өнер көрсетуде. Мамыр айында Астана қаласында Қазақстан чемпионаты өткізіледі. Осы чемпионаттың нәтижесі бойынша құрама команданың мүшелері екшеледі. Қазірдің өзінде 30 пайызға жуық жаңаруы мүмкін деп болжануда.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар