Тағдырдың жазуымен қазақ даласынан бір-ақ шыққан

Облыс орталығындағы Достық үйінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында поляк ұлты өкілдерінің Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толуына арналған тарихи-танымдық шара болып өтті. Оған Қазақстандағы Польша Республикасы елшілігінің консулы Малгожата Таньска қатысты.

Қиын заманда тағдыр тауқыметін тартып, атамекендерінен үдере көшкен поляктарды қазақ халқы сол кездегі қиындықтарға қарамастан құшақ жая қарсы алды. Бүгінде поляк халқының мәдени орталықтары мен бірлестіктері республиканың әр аймағында өз жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Солардың бірі Ақмола облысындағы поляктардың бірлестігі. Аталған бірлестіктің бастамасымен ұйымдастырылған кешке оның төрағасы Александр Сухавецкий, облыс әкімдігі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі жетекшісінің орынбасары Манат Исмағұлов, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшысы Марал Жақыпова және басқа да ұлттық орталықтар мен бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары аралығында Польшадан Қазақстанға 32 мыңға жуық поляктар жер аударылыпты. Олар еліміздің солтүстік аймақтарынан қоныс тауып, сол елді мекендерге сіңісіп кеткен. Бүгінде поляктардың өсіп-өнген ұрпақтары елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
– Поляктар бүгінде қай салада болсын белсенді еңбек етуде, – деп бастады сөзін Манат Исмағұлов.  Ол өзінің сыныптастарының басым көпшілігі поляк балалары болғандығын және бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданындағы «Знамя коммунизма» аудандық газетінде жарияланған Еңбек Ерлері туралы мақалалардың кейіпкерлері көбінесе поляк азаматтары екендігін есіне алды. Қазақстандағы Польша Республикасы елшілігінің консулы Малгожата Таньска қазақтардың қиын кезеңде поляктарды бауырына басып, оларды жатсынбай, жарты нанын бөліп жеген қайырымдылығы жайлы тебірене әңгімеледі. Поляк халқы туралы сыр шертетін «Сибириада» тарихи көркем фильмінде осы жайлар шебер де нанымды көрсетілгенін айтты.  Қиын шақта қол ұшын берген қазақ халқына біз қашан да риза болуымыз керек, сол жер аударылғандардың ұрпағы үшін қазақ жері олардың Отаны, туған жері, туған  елі болып қалады, – деді.  
Жиын барысында сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Гүлнәр Қаженова поляктардың Қазақстанға жер аударылу тарихы туралы баяндады. Патша үкіметі қазақ өлкесіне жер аударған поляк көтерілісшілері Қазақстан аумағында алғаш рет XVIII ғасырда пайда болғандығын, жергілікті өкімет билігі оларды өз еріктерінен тыс Жайық және Сібір қазақтарының қатарына зорлықпен қосқандығын, олардың басым көпшілігі – дворяндар болғандығын айтты. Сол кезде жер аударылған поляктардың қатарында ақын-жазушылар, суретшілер мен дәрігерлер, инженерлер және заңгерлер көп болыпты. 1897 жылы өткен халық санағы бойынша Қазақстанда 1200-дей поляк тіркеліпті. Олардың көпшілігі Орал, Семей, Ақмола және Сырдария облыстарында қоныстанған. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетін, тарихын хатқа түсірген поляктардың ішінде Сібірге жер аударылған Адольф Янушкевич, сол сияқты қазақтың әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін, фольклорын жазып, бүкіл Еуропаға паш еткен Бронислав Зеленский сияқты ғалымдардың еңбегі атап өтілді.  
Аудандардан келген поляк ұлтының өкілдері қазақ халқының жомарттығы мен қонақжай қасиеттері туралы айтып, риза көңілдерін білдірді.  
– Сол бір қиын замандарда қазақтар көмек көрсетіп, жатсынбай бауырына басты, салт-дәстүріміз бен тіліміздің жоғалмауына жағдай жасады. Біздердің сол үшін қазақ халқына алғысымыз шексіз, – деді Шортанды ауданының поляктар бірлестігінің экс-төрағасы
Владимир Гудыма.

Ырысалды Шамшиева.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *