Қуатты әскер – Отан қалқаны

Қазақстан Республикасында Қарулы Күштердің құрылуы  1992 жылдың 7 мамырында Елбасы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» және «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтарға қол қоюынан бастау алады. Бұл күн тарихта Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды.

 

Сөйтіп, егемен еліміздің өз әскерінің алғашқы қадамы басталды. Сол күні Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені беріліп, ол республикамыздың тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Қазақстан армиясын құру барысында барлық әскери құрылымдарда взводтан дивизияға дейін офицер кадрлардың жетіспеушілігі өткір мәселе болды. Әсіресе, жоғары буындағы офицерлер аз еді. Кеңестік кезеңнің 74 жылында қазақ халқының тек үш өкілі ғана Бас штабтың Әскери академиясын бітірген, тек екі адам ғана әскери ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесі бойынша диссертация қорғапты. Мұнан біз ұлттық әскери кадрлар даярлау мәселесіне ол уақытта ешқандай көңіл бөлінбегенін көреміз. Әскери комиссариаттар мен республиканың Азаматтық қорғаныс жүйесінде 1949 офицер қызмет атқарды, оның ішінде ұлты қазақтары 247 ғана болды. 19 облыстық әскери комиссардың тек 5-уі ғана қазақ еді.
Қазақстан Республикасының бірінші Әскери доктринасы 1993 жылы 11 ақпанда ел Президенті бекіткеннен кейін күшіне енді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет басшылығы армия-ның қоғаммен терең әлеуметтік қатынасы бар мемлекеттік  нышан болуына күш салды.  Қарулы Күштердегі қызмет бұрынғы замандағыдай, жастардың адами қасиетке тәрбиелейтін, есейіп, шыңдалатын әскери-патриоттық мектебі болып қалуына бар күш жұмсалды.
1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жүйесінің негізі қаланды. Республикада бірнеше әскери оқу орындары ашылды. Олардың ішінде 1996 жылы Қарулы Күштерге кәсіби сержанттар даярлау мақсатында Елбасының Жарлығымен ашылған Щучинск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы бар. Оны бітірушілер кәсіби сержанттар институтының негізін құрады. Бүгінгі таңда сержанттар басқару орталық органдарынан бастап ең төменгі бөлімдерге дейін әскерлердің бүкіл құрылымын қамтиды.
Осы кезеңде Ақмола облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті де Қарулы Күштердің қатарын толықтыру мен жинақтау, жастармен әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу, әскерге шақыру секілді міндеттерді өз деңгейінде атқарып келеді. Қазіргі уақытта департамент біздің әскеріміздің нығая түсуіне жоғары оқу орындарына әскери мамандықты меңгергісі келетін жастарды дұрыс іріктеу, бөлімдерді дені сау, әскерге бару ынтасы жоғары, білімді жас жігіттермен толықтыру арқылы да барынша үлес қосуда.  
Бұл орайда, біздің ерекше сүйенетініміз,  аға ұрпақтың өнегелі ерлік және еңбек жолы. Әсіресе, Ұлы Отан соғысындағы қасиетті Жеңісті жақындатуға атсалысқан, осы жолда шыбын жандарын аянбаған аталарымыз бен әкелеріміз жастарымыз үшін қашанда өз Отанын қалтқысыз сүюдің, туған еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.
Ел басына күн туған сол бір қаһарлы жылдарда Ақмола облысынан қан майданға 63 мыңнан астам адам аттанды. Соғыс басталысымен Ақмола қаласында 310-ыншы атқыштар дивизиясы жасақтала бастады. Ұлы Отан соғысының қан майдандарында 47 ақмолалық зұлым жаумен шайқаста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың ішінде даңқты ұшқыш Талғат  Бигелдинов ағамыз бұл атаққа екі мәрте ие болды. «Ерлік – ұрпаққа ұран» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Бүгінгі таңда да біздің облыстан әскер қатарына шақырылған көптеген жастар Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарып, өздеріне әскери өнердің қыр-сырын үйретіп жатқан командирлерінің сенімінен шығуда. Біздің департамент пен ата-аналарға әскери бөлімдерден келетін Алғыс хаттар осының нақты айғағы болса керек.
Қазақстанның Қарулы Күштері қазір сонау 90-ыншы жылдардың басындағы жоқтан бар жасаған, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған әскер емес. Қорғаныс мәселесіне ерекше көңіл бөлетін кез-келген қуатты мемлекеттің арсеналында болатын осы заманғы озық қару-жарақпен жарақтандырылған, ықтимал басқыншыға құрылықтан да, әуеден де мығым соққы бере алатын әскер түрлері бар, ең бастысы, білікті маман кадрлармен қамтамасыз етілген Қарулы Күштер. Біз бұрын әскер қатарында болған азаматтарды осы Қарулы Күштерімізге келісім-шарт бойынша қызметке алумен де айналысамыз. Оның ішінде жоғары оқу орындарындағы әскери  кафедраларда даярлықтан өткен запастағы офицерлер де бар.      
Департаменттің және оның басқармалары мен бөлімдерінің тәртіпке бағынған жұмысының арқасында Қазақстан әскері тәуелсіздік жылдарында біздің облыстан да жоғары сыныпты мамандармен толықты. Қазіргі уақытта департамент жауынгер-интернационалист ардагерлермен бірлесіп, жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді.
Әскери-патриоттық тәрбие дегеніміз – өскелең ұрпақтың бойында өз Отанына деген патриоттық сезімді қалыптастыру, адамгершілік және моральдық сана-сезімді ұялату. Біз үшін елімізді қорғауға лайықты азаматтарды тәрбиелеу, осы жолда ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, өткен тарихымызды насихаттап, Қарулы Күштердің қаһармандық жауынгерлік жолын берік ұстану маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бұл ретте, департамент ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің облыстық, аудандық және қалалық қоғамдық бірлестіктерімен, республикалық «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен өзара тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Жеңіс күні қарсаңында да осы дәстүрден таймай, Ұлы Отан соғысы және ауған соғысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлерінің үйлеріне барып, сый-құрметімізді көрсету ойымызда бар.  
Сонымен бірге, Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин музейімен бірлесіп өткізіліп жүрген  әскери-патриоттық іс-шаралар, «Жас ұлан» клубының мүшелерінің салтанатты ант беру рәсімі де осы жұмыстарымыздың бір парасы екенін айта кеткен жөн.
 2015 жылы алғаш рет ұйым-дастырылған жастар-дың республикалық әскери-патриоттық байқауында Ж.Мусин атындағы Көкшетау педа-гогикалық кол-леджінің «Айбын»
клубы жүлделі екінші орынды жеңіп алса, былтыр  Степногорск қаласының «Батыр» клубы да осы байқау  жеңімпазы атанды. Мұның өзі облыс жастарының аға ұрпақтың ерлік істеріне қашанда адал екендігін көрсетеді. Осы орайда, өңірімізде әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатарынан жоғары әскери оқу орындарына оқуға түсетін жас-тарымыз да аз емес.
Осы көктемде ақмолалық жастардың алғашқы лектері Қарулы Күштердің  Ұлттық Ұлан, шекара қызметі, ішкі әскерлер қызметі бөлімдеріне өз азаматтық борыштарын өтеуге аттанып та кетті. Департамент жанынан  әскери қызметке келісім-шарт бойынша шақыру пункті де ашылған. Мұндай азаматтарға берілетін жеңілдіктер де соңғы жылдары осы қызмет түрін неғұрлым тартымды етіп отыр.  
Осының бәрі бір ғана мақсатқа –
Елбасы, Бас Қолбасшы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Қарулы Күштерінің қуатын барынша нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталуда. Өткен 25 жылда бұл жағынан үлкен жетістіктерге қол жетті. Оны біздің әскеріміздің қазіргі әлеуеті жан-жақты дәлелдей түседі. Олай болса, әр күніміз  осы орайдағы тынымсыз іс-әрекетпен өткен Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығы баршамызға құтты болсын. Еліміздің аспаны ашық, әр таңы арайлы болуы жолында қуатты әскеріміз өз айбындылығын алда да айғақтай берері  сөзсіз.      
 Жанат ЕРЕЖЕПОВ,
Ақмола облысының қорғаныс
істері жөніндегі департаментінің бастығы, қорғаныс полковнигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар