Ынсаптың пайдасы

Медет – бір үйдің жалғыз баласы. Жалғыз болғандықтан ата-анасына еркелеп, қағу көрмей, бұла болып өсті. Үй ішінің күнделікті тіршіліктегі азын-аулақ шаруасына араласа бермейтін еріншек еді.  Әке-шешесі оны барынша еркелететін, тіпті күн сайын мектепке барарда тәтті алып жеуге ақша да беріп отырды.

Сабақ оқығысы келмейтін Медеттің сәнді киінуді, сыланып-сипанып жүруді ұнататын мінезі де бар еді. Өзі жұмыс істеп, қаражат таппағасын ақшаның қалай келетінін де білмейтін бала ата-анасының тапқан-таянғанын орынсыз шашатын. Дүкенде көрген, көңілі қалаған, қызыққан затын анасына айтып, ақыры алдырмай қоймайтын Медет бүгін де осы әдетімен дүкеннен қымбат болса да, ең соңғы үлгідегі сәнді аяқ киімді алғызды. Жылтыраған су жаңа аяқ киімді киіп ап, әдетінше мектептен кейін тәтті сатып алуға дүкенге қарай беттеді. Жол бойында келе жатып, аулада бірге ойнайтын, бір сыныпта оқитын танысы Ерланды кезіктірді. Қараса досының киімі ескі, бет-аузы кір-қожалақ, жол бойында сазсырнай тартып  отыр екен. Баланы аяған өткінші адамдар оған азын-аулақ тиын-тебен тастап кетіп жатты.
Ерлан негізінде талантты бала. Мектепте сазсырнай үйірмесіне қатысатын. Сабағын да жақсы оқитын. Соңғы кезде әлдебір себептермен сабаққа сирек келетін досының кейпіне қарап, таңырқап, бір жағынан сазсырнайдың әсем әуеніне еліткен Медет аңтарылып біраз тұрды. Адам аяғы саябырлаған сәтте досының қасына келіп:
– Cен мұнда неге отырсың? Көшеде бұлай отырғаның ұят емес пе, ертең сыныптағы балалар көрсе, мазақ қылуы мүмкін, одан да үйіңе қайтсаңшы,–деп ақыл айтқан болды. Ерлан сасқалақтап төмен қарады. Біраз үнсіздіктен кейін  Медетке:
– Менің анам қазір ауырып, төсек тартып қалды. Үйде менен басқа қамқор болып, бауырым мен анамды асырайтын ешкім жоқ. Ал інім екеумізде күнделікті сабаққа киетін ортақ бір ғана аяқ киім бар. Мен сабаққа барсам, інім оқудан қалып қояды. Ал, ол сабақты өте жақсы оқиды. Сабақтан қалып қойса, оқуына әсер етуі мүмкін ғой. Сол үшін мен ініме жаңа аяқ киім сатып әпергім келеді. Бірақ, менде ең арзан аяқ киім сатып алуға ақша болмай тұр. Осылай отырып, аздап қаржы жинап, ініме аяқ киім әперсем деймін. Сен бірақ сыныптағы балаларға айтып қоймашы…– деп басын төмен салбыратты.
Осы әңгіме Медетке үлкен ой салды. Өзінің аяқ киімі мен досының ескі тозығы жеткен бәтеңкесін салыстырып, ата-анасының арқасында шалқып жүргенін түсінді. Бірақ, өзінің аяқ киімі бар, жағдайы жақсы болғанына қарамастан, сабағын дұрыс оқымай жүргені ойына оралып, өзінің іс-әрекетінен ұялып та қалды. Қалың ойдың құшағындағы Медет Ерланды орнынан тұрғызып, қолынан жетектеп, өз үйіне алып келді. Шамасы бір іске бекінген тәрізді. Жел қаққан қызыл шырайлы өңінен қобалжу байқалмайды. Өз ісіне бекем, шешіміне берік ересек адам тәрізді. Үйге жеткен соң сөреде тізіліп тұрған аяқ киімдердің арасынан екі жұбын алып үнсіз досына сыйлады. Сөйлемесе де жанашырлығын емеурінімен танытып тұр еді.  
Адамның киімі ескіруі мүмкін, бірақ жасаған жақсылығың мен адал көңілің ешқашан өшпейді. Кейін Медет ата-анасының еңбекпен тапқан ақшасын бей-берекет шашпай, ынсапты бола білуді үйренді. Сабағын жақсы оқып, сыныптағы үлгілі балалардың біріне айналды.

Гүлжазира АРЫНБЕКОВА,
орта мектептің мұғалімі.

 Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар