ынтымақты ұрпақ керек

«Бір ел – бір тағдыр!». Бұл − жай ғана айтыла салған өрнекті сөз емес, бұл – біздің бүгініміз бен сенімді болашағымыз.  Қазақстан – біздің әрбіріміз үшін ортақ үйіміз, қонақжай шаңырағымыз, айбынды қорғанымыз, біздің Отанымыз. Міне, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының маңына біріккен  мектепішілік ассамблеялардың негізгі жұмысы осы құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына  барынша сіңіруге бағытталған шараларды ұйымдастырумен байланысты болып келеді.

Жалпы, мұндай шағын ассамблеяларды құрудағы негізгі мақсат – бірлігі бекем елдің бейбітсүйгіш азаматтарын тәрбиелеуге атсалысу болып табылады. Тек достық тілінде үн қатысуға, өз халқы мен  өзге де ұлттардың әдет-ғұрпын, мәдениетін біліп-зерделеуге, оны жан-жақты насихаттауға, жеткіншектерді елді біріктіруші басты фактор − мемлекеттік тілді меңгеруге шақыру да аталған ұйымдардың негізге алар айқын мақсаттары. Осылайша, біз оқушыларды мектеп қабырғасынан өзара тату болуға және толеранттылыққа тәрбиелеуге ұмтыламыз.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы 23 мектептің барлығында да  мектепішілік ассамблея ұйымдары тұрақты жұмыс істейді.  Биылғы ел үшін аса маңызды даталардың бірі − Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өту аясында біз  бірқатар игі бастамаларды қолға алып, жұмысымызды бұрынғыдан да жандандыра түсуді көздеп отырмыз. Сол шаралардың ең бастыларына қысқаша тоқталып өтер болсам, Достық үйінде «Шаңырақ» тіл үйрету орталығының тәлімгерлері,  облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің мүшелерінің қатысуымен өтетін «Білімді ұрпақ − ел болашағы» атты интеллектуалдық турнирмен мерекелі жылға жоспарлаған шараларымызды бастап кетпекшіміз.  Одан кейін жуырда аталып өтілетін Ассамблея күні қарсаңында «Достығымыз жарасқан – жерұйығым Қазақстан!» мектепшілік ассамблея ұйымдарының этнофестиваліне де үлкен дайындық үстіндеміз.
Сондай-ақ, облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе «Бір шаңырақ астында!» викториналық шеруін,  тарихи-өлкетану мұражайымен «Көкшетаудың бейбіт аспаны астында!» мәдени шарасын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ал, Достық үйінде өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен өтетін «Ұлттар мәдениеті мен достығы», «Достық пен бірлік Отаны», «Әлем халықтарының поэзиясы» атты кештердің де жеткіншектер үшін қызықты, әсерлі боларына сенім мол. Сондай-ақ, ассамблея ұйымдарының белсенділері, үйлестірушілері, жастар жыл бойы қоғамдық орындарда, кәсіпорындар мен мекемелерде бейбітшілік пен келісім, достық идеяларын насихаттайтын  акцияларды дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жалғастыра береді.
Биыл  аталып өтілер Ұлы Жеңістің 70 жылдығының да бізге тікелей қатысы бар.  Аталған ұйымдардың барлығы да аға буынды ардақтауды өздерінің басты парызы деп біледі. Сондықтан да, мектепшілік ассамблеялар өздеріне бекітіліп берілген  соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық көрсетуді көздейтін «Қамқор» акциясын жүзеге асырмақшы. Мемлекеттік, күнтізбелік атаулы мерекелер де біздің назардан тыс қалмақ емес. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Абайдың 170, Ата Заңымыздың 20 жылдық торқалы тойларына да әзірлеген сыйымыз аз емес.
Жалпы, мектептердегі балалар ұйымдарының басты  міндеті – қазақстандық патриотизм рухында толерантты тұлғаны тәрбиелеу десек, мектептерімізде бұл мұратқа жетуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Мен осы тұста сол шағын ассамблеялардың ішінен жұмысты ойдағыдай үйлестіріп жүрген бірқатарын ерекше атап өткенді жөн санап отырмын. Олар: «Бұлақ», «Шаңырақ», «Самрұқ», «Бірлік», «Достық» ұйымдары. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, этно-мәдени бірлестіктердің, Достық үйі мамандарының да  ерекше қолдауы осындай ауқымды жұмыстардың ойдағыдай атқарылуына септесіп отыр десем, артық айтқандық емес.
«Отан − от басынан басталады», − дейді халық даналығы. Демек, бала тәрбиесі − Отан мен ел мүддесі деген сөз. Ұлтына қарамастан, елімізде тұратын әрбір азамат Қазақстанды туған Отаны деп білуі қажет. Ал, мұндай түсінікті балалық шақтан қалыптастырған жөн.  Себебі, ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт еліміздің берекесінің артуы дәл соларға байланысты ғой. Ендеше, біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз. Баршаңызға достық, бірлік пен береке тойы құтты болсын!

Гүлзат ТОБАБЕРГЕНОВА,
«Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығындағы «Ассамблея»
үйірмесінің жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар